Ұстаздық – қоғамдағы ең құрметті және абыройлы мамандық. Мемлекет те соңғы жылдары осы мамандыққа баса мән беріп, мәртебесін арттыруда. Өйткені, балалармен жұмыс жасау және оларды тәрбиелеу – бұл бүкіл мемлекеттің болашағы.
Бүгінде сүйікті мамандығына адал жандар аз емес. Оларға заманның аумалы-төкпелі болуы, болмаса қызмет барысындағы қиындықтардың өзі кедергі емес. Бұл өзі қалаған мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасы. Ұстаздық қызметін өмірінің мәні деп білетіндердің бірі қырық жылға жуық ұстаздық өтілі бар, педагог-модератор, көп жылдар бойы бастауыш сынып мұғалімі болған, қазіргі таңда Ә.Ермеков атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) жанындағы интернат тәрбиешісі Жаналиева Жанаркүл Мұқатайқызы.
Жанаркүл Мұқатайқызы 1964 жылы Шет ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген.
Әкесі Мұқатай Жаналыұлы өмірдің біраз қиындығын, тауқыметін көрген адам. Қарабұлақ өңірінде туса да, 1930 жылдары әке-анасы отбасымен бірге қазақ даласына келген нәубет – ашаршылықтан қашып Алматы облысының Жалаңаш ауданына қоныс аударады. Сол жақта күнкөрістері жеңілдене түседі. Техникаға жақын болып, трактордың қыр-сырын игереді. Механизатор, тракторшылардың бригадирі болады. 1960 жылы туған жеріне қайта көшіп келіп, «Қарабұлақ» кеңшарында МТС бастығы, машина ауласының (машдвор) меңгерушісі, ферма басқарушысы болып еңбек еткен. Мінезі ақжарқын, ақкөңіл, қиындыққа тап болған адамдарға қол ұшын созып, көмектесуден жалықпаған. Әсіресе соңынан ерген бес бауырына қолғабысын аямай, өсіп-өнгенше жандарынан табылып жүрген.
Жанаркүл Мұқатайқызы әкесінің басынан өткен бір оқиғаны айтты.
- Әжем Дәніштің өзінің аузынан естуімше, Алматы облысы, Жалаңаш
өңірінде жүргенде әкем бір жағдайға тап болған. Ол кезде ол небәрі бес жаста ғана екен. Бойы да тым аласа. Бала болған соң далада ойнайтыны белгілі. Станция басында ойнап жүрген балаларды белгісіз біреулер тордың ішіне қамаған. Сірә, ата-анасы жоқ балалар деп санаған болуы керек. Ауыл ішінде гу-гу әңгіме жүреді: «Балалардың барлығын көшеден ұстап торға қамады, эшелонға артып басқа жаққа әкетеді екен-мыс» деп. Мұны естіген анасы екі өкпесін қолына ұстап, жүгіре басып жаңағы балаларды қамап қойған торға жетеді. Тордың бір саңылауынан дыбыстап: «Мұқатай, Мұқатай! – деп кішкентай баланы шақырып шығарып алады. Өз баласын өзі ұрлап алып шығып, жан-жағына қарамай ала қашады. Кейін жаңағы балаларды вагонға артып белгісіз бір жаққа алып кеткен екен. Егер әжем жаңағы тордан баласын алып шықпағанда, біз бұл жарық дүниеде болар ма едік, болмас па едік неғайбыл? – деп әңгімесін аяқтады.
Жанаркүлдің анасы Баян Келденқызы Алматы облысының тумасы, Үйсіннің қызы. Бала кезінде әке-шешесінен ерте айрылып, інісі екеуі туысқандарының қолында өседі. Кейін сол бауырына қамқоршы болып, оның өсуіне, іргелі отбасы иесі болуына біраз еңбегін сіңіреді. Ол туралы өзі: «Қол ұстасып жүріп жалғыз бауырымды жеткіздім-ау!» деп айтып жүрген.
Баян апай жастайынан ер адамның жұмысын атқарып трактор, комбайн айдайды. Сегіз баланы тәрбиелеп-өсіріп, үй шаруасына да мығым болған. Ол кісінің баптаған қымызын, сиыр сүтінен айырған қаймақ, сары май, айран, ірімшігін татқан адам көпке дейін ұмыта алмайды екен. Мұны білетін шаруашылық басшылары да жоғары жақтан келген қонақтарын осы үйге түстендірген. Өйткені, бұл үйдің қонақжайлығы, келген адамдарын күтіп-сыйлауы кімнің болсын көңілінен шығып жатқан. Баян ана балаларының, немерелерінің, шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп, 89 жасында өмірден озды.
Жанаркүл бала 1972 жылы Қарабұлақ орта мектебіне барады. Мектепте оқып жүргенде математика, химия пәндеріне қызығушылық танытады. Өскенде математика пәнінің мұғалімі болсам деген мақсаты да болған. Мектеп қабырғасында сынып старостасы болады. Көркемсөз оқуымен де әуестеніп, Ұлы Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің, Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, тағы басқа қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқуда алдына жан салмайды.
Алайда, мектеп бітірген соң Балқаш қаласының педагогикалық училищесіне (қазіргі кезде колледж) оқуға түседі. Ол жерден бастауыш сынып мұғалімі деген мамандық алып шығады. Бұл мамандықты таңдағанының өзінде бір мәні болады. Өйткені, бастауыш сыныптарда әрбір оқушының тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретіні, ерекше құнды қайталанбас кезеңі болатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан бастауыш білім — үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс екені анық.
Училищені бітірген бойда жас маманды арнайы жолдамамен Ақадыр станциясындағы теміржолға қарасты № 131 қазақ орта мектебіне (қазіргі кезде Ә.Ермеков атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) жанындағы интернат) жібереді.
Училище түлегіне бірден бірінші сыныпты береді. Алғашқы кезде қобалжыған, сабақ беруге қорқақтаған кездері болғаны рас. Бірақ, мектептің байырғы ұстаздары Сара Төлеубайқызы, Бақыт Әлиқызы, Төкен Кәрімқызы кеңестерін беріп, ұстаз болып қалыптасуына көп көмегін береді. Мамандығын игеруде ізденіп, жас жеткіншектерге білім беруге талпынған ұстаз жылдан-жылға мол тәжірибе жинап, мектептің абыройын көтеруде біраз үлкен жетістіктерге жете бастайды. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап бойындағы бар күш-жігерін шәкірттерін тәрбиелеуге жұмсайды.
Жанаркүл Мұқатайқызы өзінің жұмысы туралы:
– Бастауыш кезеңдерінде бірінші сыныптан бастап төртінші сыныпқа
дейін оқытып шығарамыз. Оқу барысында бағдарламалар бойынша баланың жеке тұлғасын қалыптастыруға, оның өзіндік оқу-танымдық әрекетін дамытуға бағыттаймыз. Басты міндетіміз баланың жеке басының жан-жақты қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілетін анықтау мен дамыту, білімдерін ашу, дұрыс түсінік қалыптастыру болып табылады. Өткенді саралап қарасам, мұғалімдік тәжірибемде 7 сыныпты басынан аяғына дейін оқытып шығарған екенмін. Ол дегеніңіз 200-ден аса бала.
Бастауыш сыныптан бастап оқуын үздік оқыған балалар үлкен жетістіктерге жетіп жатады. Кейін бөлек пәндерден түрлі республикалық, облыстық, аудандық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып биіктен көрініп жүргені қаншама. Ал енді мектепті үздік бітірген оқушыларым да аз емес. Атап айтатын болсам, олар «Алтын медаль», «Алтын белгі» иегерлері Өмірзақ Анар, Бақытжанқызы Бақнұр, Ордаш Ақнұр, үздік аттестаттар иелері Макишева Гүлнұр, Төкенова Еркеназ, Молдабай Алишер, тағы басқалары, – деп жасаған еңбегін айтып шықты.
Жанаркүл Мұқатайқызы еңбектен қол үзбей қазіргі кездегі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік зерттеу университетінің «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» факультетін бітіріп, жоғары білім алып шықты. Балаларды оқытуда, тәрбие берудегі қажырлы еңбегі үшін педагог-модератор, І-санатты тәрбиеші дәрежелерінің иесі бола білді.
Өмір болған соң оның қиын кезеңдері де болады. Жанаркүл Мұқатайқызы сондай бір келеңсіз сәттерді басынан кешкен. Бір жылдары денсаулығы сыр беріп еңбекке уақытша жарамсыз болып қалғаны бар. Сырқатына ем табылмай облыстық ауруханадан бірақ шыққан. Кейін Алланың көзі дұрыс болып, ем дарып екі жылдан соң қатарына оралған.
2014 жылы сол кездегі мектеп директоры Тағаева Гүлнәзия Әбутәліпқызы оны қайтадан жұмысқа алады. Бірақ бастауыш сынып мұғалімдігіне емес, мектеп жанындағы интернаттың тәрбиешісі қызметіне. Міне, содан бері он жылдан астам уақыт ішінде тәрбиешілік қызметін абыроймен атқарып келеді.
Интернат тәрбиешісі – ол абыройлы және жауапкершілігі мол міндет. Себебі, ата-аналар оған өздерінің балаларын үлкен сеніммен тапсырады. Тәрбиеші — мұғалім орнына мұғалім, ата-ананың орнына ата-ана болып күндіз-түні балалардың жанында екені белгілі.
Мектеп жанындағы интернатта жыл бойы 50-ге тарта бала оқиды. Олар Ақадыр өңіріндегі Айса, Доңғал станцияларының, Қызылтау, Ортау, Қызылту, Ақой ауылдарының, кентіміздің маңайындағы шаруа қожалықтары иелерінің балалары. Олардың ішінде бастауыш сыныптарының да, жоғары сыныптарының да оқушылары бар. Әртүрлі жастағы балаларға әрқилы тәрбие амалдарыңды, тәсілдеріңді қолдануың керек.
Интернат тәрбиешісінің міндеттері ұстаздық жұмыстардан кем емес. Мұнда бірінші кезекте интернаттың ерекшеліктерін ескере отырып, балаларды тәрбиелеуді жүзеге асыру; тәрбиеленушілерді сабақтан тыс уақытта басқару, режимді қамтамасыз ету; сыныптан тыс және сыныпқа дейінгі жұмыстарда қауіпсіздік техникасы нормалары мен ережелерін сақтау; ұйымдастыру спорттық-сауықтыру, көркемдік-эстетикалық, экологиялық және тағы басқа бағыттағы тәрбиеленушілердің бос уақытын өткізу; білім алушылардың әлеуметтенуіне жәрдемдесу шараларын жүзеге асыру қажет. Осының бәрін күндізгі уақыттағы 2 тәрбиеші және түнгі мезгілдегі 2 тәрбиеші жүзеге асырады.
Жанаркүл-ұстаздың, Жанаркүл-тәрбиешінің балаларды оқытуда, тәрбиелеуде жеткен жетістіктері аз емес.
Республикалық ғылыми-педагогикалық әдістемелік «Дидактика» журналында өз тәжірибесімен бөліскені үшін сертификат және «Үздік педагог-2022» атты байқауына педагогикалық еңбегін ұсынғаны үшін І-дәрежелі дипломының иесі атанды.
Республика аймағында педагогтар арасында өткізілген «Қазіргі заманғы педагогикалық зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми тәжірибелік конференцияны өткізуде белсенділік танытқаны үшін Құрмет грамотамен марапатталды.
«Тағылым» ғылыми – әдістемелік журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық мақала» республикалық конурсында бірінші орын алғаны үшін І-дәрежелі дипломын алды.
Мектепішілік іс-шараларға, қоғамдық іс-шараларға белсене араласады. Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Тәуелсіз елдің үздік ұстазы» атты байқауда жоғары жетістікке жетіп, бірінші дәрежелі дипломға қол жеткізді. Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай педагогтар арасында өткен байқауда шығармашылық жұмысы үздік деп танылып, Алғыс хатпен құрметтелді.
Еңбегі де әрдайым бағаланып отырды. Білім беру саласына қосқан сүбелі үлесі үшін Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының арнайы төсбелгісімен және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі шығармашылық жетістіктері үшін Құрмет грамотасымен наградталды.
Сонымен бірге Шет ауданының білім бөлімінің басшысының, мектеп әкімшілігінің түрлі марапаттарына ие болып келеді.
Тіректі мектептің директоры Айдарбекова Нұрсұлу Сейсенханқызы өзінің ұстазы туралы:
– Жанаркүл Мұқатайқызы біздің ардагер ұстазымыз, көп жылдардан
бері еңбек етіп келеді. Өз ісін терең меңгеріп, шәкірттерінің табысымен көпшілікті қуантып жүрген ұстаздардың бірі. Соңғы 13 жыл ішінде тәрбиешілік қырынан көрініп жүр. Тәрбиешінің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру. Осы жағынан ол көп еңбектенуде. Ұжым ортасында беделі зор, адамгершілігі мол, мінезі ашық. Өзінің білген-түйгенін, тірнектеп жинаған тәжірибесін жас мамандармен бөліседі. Ол заман талабына сай, қоғамға лайықты, білімді, білікті ұстаз, үлгілі тәрбиеші деп ауыз толтырып айтуға болады, – деп сөзін аяқтады.
Жанаркүл Мұқатайқызының жұбайы Метжанов Оралбай Рахманқұлұлы теміржол мекемелерінде пойыз сұрыптаушысы, әскериленген күзет бөлімінің жауынгері, автомобиль жолдары мекемесінде жұмыс істеген. Зайыбы екеуі бақытты, үлгілі жанұяның бірін құрған.
Тұңғыштары Еркін Қарағанды политехникалық колледжінің «құрылысты салу және пайдалану» факультетін бітірген. Бүгінгі таңда Ақадыр станциясындағы айналмалы депода (ТД-11) машинист көмекшісі. Зайыбы Айдана Қуантайқызы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік зерттеу университетінің ақпараттандыру факультетін тәмамдаған. Қазіргі кезде кентіміздегі Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейде ұстаздық етеді. Айзере, Еркеназ, Сезім, Батырхан есімді балалары бар.
Қыздары Айзада Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетінің түлегі. Анасы тәрізді бастауыш сынып факультетінде оқыған. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы, Ақтас кентінде балабақша тәрбиешісі. Жұбайы Бекзат Ералыұлы автокөлік жүргізушісі. Бекарыс, Інжу, Ислам есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп отыр.
Отбасының кенжесі Ербол да ағасы сияқты Қарағанды қаласының политехникалық колледжін электр мамандығы бойынша оқып бітірген. ТД-11 мекемесінде машинист көмекшісі. Өмірлік жары Әмина Сержанқызы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік зерттеу университетін бағалаушы (оценщик) мамандығы бойынша оқыған. Шерхан, Аяла, Томирис есімді балаларын тәрбиелеп өсіруде..
Өзінің отбасы жайлы Жанаркүл Мұқатайқызы былай дейді:
– «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей көптеген жылдар бойы
қайын енеммен бірге тұрып жатырмыз (әлбетте келіндер қайын жұртының аттарын атамайтынын білесіздер, ол кісі Метжанова Алдан Иманқұлқызы). Жұбайымыз екеуміз тұрмысымызды құрған кезде ол кісінің көп пайдасы тиді. Үй шаруасында, жалпы отбасылық өмірде бағыт-бағдар беріп, ақылын, кеңесін айтып маған қамқоршы бола білді. Үйде ақылгөй қарияның болғанын жақсы екенін осыдан түсіндім. Екеуміз бір-бірімізді жақын тартып, ол кісі анам, мен қызындай болып кеттік. Енеміз «Батыр ана», 10 бала тәрбиелеп өсірген. Туған-туыс, көрші-қолаң, ауылдастар арасында беделі мол. Жүрген жерімде осындай анамның, енемнің барын зор мақтанышпен айтып жүремін.
Мен осы отбасына келін болып түскенімде күйеуімнің үйленбеген бір інісі, тұрмысқа шықпаған 7 қарындасы болды. Жылдар өте келе солардың барлығын аяқтандырдық. Қайын інімді үйлендірсек, қайын сіңлілерімді тұрмысқа бердік. Қазақшалап айтқанда ұлды ұяға, қыздарды қияға қондырдық. Олардың барлығы маған риза, жеңгеліктен де артық санап үйге келгенде ең алдымен мені іздейді. Осындай әулетте тұрғаныма мен әрдайым мақтанамын да, шаттанамын да – деп әңгімесін аяқтады.
Ежелден дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Оның себебі, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Ал, осы орайда сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.
Осы сөздер мақаламның кейіпкері Жаналиева Жанаркүл Мұқатайқызына арналғандай. Жұмысында білікті ұстаз, үлгілі тәрбиеші, отбасында өнегелі келін, айналасына пана болып, аяулы ана, мейірімді әже бола білген жанға алдағы уақытта да сәттілік пен бақуатты өмір тілейік.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті