Парасаты азаматтың ғибратты өмір жолы

Қазақ елінің, оның ішінде қасиетті Жаңаарқа жерінің  тағылымды тарихында замана жүгі мен ел аманатын арқалап, қоғамның және әлеуметтік сала мен мемлекеттің дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар аз болмаған. Біз аға буынның абыройлы істерін одан әрі жалғастырып, бізден кейінгі ұрпақ жаңылмай жүретін жол сала білсек, онда азаматтық парызымыздың орындалғаны. Ал азаматтық парызын абыроймен атқарып, өтпелі кезеңдерде өнегелі ісімен көпшілік құрметіне ие болған Рахманберлі Түсіпов ауданының дамуына айрықша үлес қосқан азамат деп айтуға болады.

Рахаңның өткен өміріне көз жүгіртсек,ол да ауылдың сары домалақ баласы  қырда бәйшешек теріп, қызғалдаққа қызыға қарап өскен жігіт. Анасы Зейнеп Махмудқызы марқұм «Рахманберлі ұлым Сталин қайтыс болып, халық болып жылап күңіреніп жүрген жылдары, яғни, 1955 жылы Октябрь мерекесінде күз айында дүниеге келген еді» деп отыратын.

Кіндік қаны тамған жері – Жаңаталап  ауылы. Әкесі Түсіп Тәукенұлы мойынсеріктен бастап колхоздастыру жылдары қой шаруашылығын дамыту қолға алынған жылдары аудан басшылары Түсекеңе үлкен сенім артып, Ақтауға (отгонға) ферма меңгерушісі етіп жібереді.

Кейін 1960 жылдары колхоз жабылып, жаппай совхоз ашылған кезде Түсекең Жаңаталап совхозының ірге тасын қаласуға белсене кіріседі. Рахманберлінің әкесінің әкесі Ахметжан. Руы Арғын-Қуандықтан -Қарпық-Көзей-Тоқа-Бесім-Сарықожа-Жақсыбай-Мырзамбет-Күшікбай-Өтебай сал-Айдынбек-Ашықбек-Ахметше. Мұны неге айтып отырмыз. Тарихтан мәлім Өтебай сал сері, әнші болған екен. Астына ақ боз ат мініп, домбырасы қолынан түспеген сері талай думан-тойдың ажарын келтірген.

Үш жүздің басын қосқан Сағынайдың асында асқақтата ән салып, жақсы өнері үшін Паң Нұрмағанбет Өтебай салға алты қанат киіз үй мен атан түйе сыйлаған деп Қарағаштың тумасы ақын «Жаңаарқа» газетінің штаттан тыс тілшісі болған Бұралқы Сейтқазин мен жазушы Бұқпа Әшімовтың айтқандарын мен өз аузымнан естіген едім.

Ол кезде мен аудандық газеттің қызметкері едім. Анасы Зейнептің руы Сайдалы-Барқы-Құлғара-Қозыбай. Ол кісі ауылдың Мәдениет үйінің меңгерушісі болып, ұзақ жылдар еңбек еткен адам. Ол кезде қазақтың небір атақты  дүлділ әншілері ауыл-ауылды аралап, концерт қоятын кезеңі. Сырттан қандай әртіс келсе, Зейнеп апай оларды қарсы алып, үйіне қонақ ететін. Ол кісі атақты әнші Жамал Омарованы, сиқыршы Ибрагим Өкпеновтіде  қарсы алған. Зейнеп шешеміз 12 құрсақ көтерген «Батыр ана».

Сондықтанда Рахманберліні «тектінің тұяғы, асылдың сынығы» десек, артық айтқандығымыз емес. Өйткені,  жүрегінде  жомарттық, кеңпейілдік, бауырмалдық, үлкен алдында иіліп, кіші алдында сызылып тұратын адамгершілік – осының барлығы тектіліктің белгісі. Ол – қоғам  алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезіну деген сөз. Тектінің  тегеуріні де мықты болады. Себебі, айналасын жақсылыққа үндеп, ортасына ізгілік таратқан адамның  ұрпағы азбайды, ұлты тозбайды. Ендеше,

Жақсыдан жаман туады,

Бір аяқ асқа алғысыз.

Жаманнан жақсы туады,

Адам айтса нанғысыз, – дегендей, жақсылыққа ұмтылып, артына өшпейтін өнегелі із қалдыру – әр адамның азаматтық борышы десек, осы қасиеттің бәрі Рахманберлі Түсіповтың бойында бар.

Рахаң Ынтымақ орта мектебінде орта мектепті бітіріп, арман арқалап, 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина иниститутының санитарлық-эпидемиологиялық факультетіне түсіп, оны 1979 жылы қызыл дипломмен тәмамдап, оқу министірлігінің жолдамасымен Целиноград облысының Маринов ауданына өз мамандығы бойынша қызметке орналасады. Сол жылы жұбайы Күміспен отау құрып, шаңырақ көтерді. Аталмыш ауданда бірер жыл еңбек еткеннен кейін, Целиноград облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен  жаңадан  ашылып жатқан Теңіз ауданына СЭС-тың  бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Бұл қиын қызметті Рахаң өте жауапкершілікпен атқарды.

Менің Рахманберлімен танысуым қызық болды. Жолдамамен Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетіне келіп, қатардағы тілші болып қызмет істеймін. Ол кезде жаспын. Домбырамен ән саламын. Тамадалығым тағы бар дегендей, қолдан-қолға тимей жүретін кезім. Ақмоланың барлық қазақ басшылары, яғни, қаланың мэрі Қасенғалиевтен бастап, Атбасар ауданының бірінші хатшысы Зейнолла Шайдаров, Теңіз ауданының бірінші хатшысы Қайреддин Кәрібаев, Қорғалжын ауданының бірінші хатшысы Әділхан Шабатов, Ерейментау ауданының бірінші хатшысы Қасым Тәукенов бұлардың бәрінің жасы елуге келмеген. Бірақ, бәрі ұйымшыл ұлтын сүйген ұлы тұлғалар еді, шіркін.

Бір күні менің бас  редакторым Октябрь Әлібеков: «Мағжан сені бүгін обкомның бюросынан кейін Теңіздің бірінші  хатшысы  Кәрібаевтың машинасына мініп командировкаға барасың» деді.

Қызыл кілем төселген хатшының су жаңа сүліктей қара «Волгасына» мініп тартып кеттік. Жолай Қорғалжынның бірінші хатшысы Әділхан аға Біртабан көлінің жағасында тігілген киіз үйде сойылған қойдан дәм татып екі-үш сағат аялдадық.  Түн ортасы Қайрекеңнің үйіне келіп қондық. Ертеңіне АН-24 ұшағымен Целиноград  Облиспалкомың төрағасы  Зейнулла Шайдаров ауылшаруашылығының аймақтық жиналысына қатысу үшін келді. Зекең қонып, ертеңінде қайтатын болды. Мен Зекеңді ағамыз екенін, ол үйдегі Айман жеңгейді бұрыннан білемін. Бірінші хатшы Қайрекең Зекеңді жақсы қонақ етті. Ақаңда ішілді. Әнде айтылды. Сәлден соң Қайрекең «осы Жаңаарқаның жігіті, сіздің ініңіз Мағжанды Теңіз ауданы газетінің редакторы қылып қызметке  алам ба деп жүрмін», — деді Қайрекең Зекеңе қарап:

– Жастарды қолдағаның дұрыс қой, – деді де,  Зекең маған қарап: «Осы сен Мағжан, Түсіпов Рахмберлі мен әйелі Күмісті танымайсың ба,олар жаңаарқалықтар-ғой», – деді.

«Жоқ», – дедім.  «Әрине сіз айтқан соң танысамын», – дедім.

Содан соң сол Теңіз ауданында сауда саласында қызмет істейтін  әнші Райымқұл Оспанов арқылы одан әрі танысып, кейін Рақаң екуміздің сыйластығымыз жарасып күні бүгінге дейін келе жатырмыз. Сөйтіп, мені  Рахаңмен таныстырған Жаңаарқадан шыққан ұлы тұлға, қылышынан қан тамып тұрған орыс заманында оларға иілмей кеткен Зейнулла Шайдаров еді, шіркін. Целиноград облысы болып түрған кезеңде Рахаңның жанұясымен етене араласып, талай қызықты күндерді бастан кештік. Оны айта берсең таусылмайтын әңгіме.

Кейін, Рахманберлі Түсіпов туған елге қоныс аударып, өз мамандығы бойынша Жаңаарқа СЭС-да бөлім бастығы қызметін атқарды. 1994 жылы аудан әкімінің шешімімен жаңа құрылып жатқан Атасу кенті әкімінің орынбасары, кейін Жаңаарқа аудандық СЭС-тың бастығы болып абройлы қызмет істеді. 2000 жылы Атасу кенті әкімі болып тағайындалды.

Бұл жауапты қызметті 8 жыл бойы атқарды. Рахаң осы сегіз жыл ішінде өзінің ұйымдастырушылық қаблетін танытып қана қоймай, халықпен қалай жұмыс істеудің қыры мен сырына канығып, тұрғындардың тұрмыс тіршілігіне және әлеуметтік жағдайына аса маңыз берді.

2000 жылдары кенттің  инфроқұрылымын, электр жарығы, су, кәріз құбыры мен ескірген қазандықтар мен тағы басқа әлеуметтік нысандарды ретке келтіру өте қиын болды. Себебі, қаржының жетіспеушілігі, бюджет тапшылығы жақсы істі бастауға қол байлау жасады. Кейбір мекемелер жекеменшіктің қолына өтіп кеткендіктен оларды ырыққа көндіру оңай болмады.  Сонда да, қиындыққа мойымай, тығырықтан шығудың жолын таба білді.

Туған халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп, тұрғындардың  шынайы алғысын алып олардың , құрметіне бөлену — екінің бірінің тағдыр-талайына бұйыра бермейтін бақыт. Ондай тұлғалардың есімі аудан тарихында ұмытылмастай алтын әріптермен жазылуы керек.Өйткені, Рахманберлі ел экономикасы ақсап жатқан қиын-қыстау кезеңде Кентке басшылық жасады емес пе?!

Қазір кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Міне, осы қағиданы жете түсінетін Рахманберлі Түсіпов  елмен егіз, уақытпен үндес болды. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды екенін түсіне білді.

Кент әкімі болып сегіз жыл жұмыс істеген кезде Рахаң «әйкәпір» атанған жоқ. Жұрты үшін жайылып төсек, жиылып жастық бола білді. Ал мұндай мінез адамға біріншіден ата-анасынан, жоғарыда айтқанымыздай ата-бабасынан жұқса, екінші жағынан тәрбиемен келеді.Сосын өзін-өзі тәрбиелеу арқылы да, адам адамға жақсылық жасай алады.

Әр адамның, әр дәуірдің  өз тұлғасы болады емес пе? Тұлғалы адамдардың бәрінің даңқы дүрілдеген болуы мақсат емес шығар. Алайда, адал еңбегіміен, кісілік келбетімен тәуелсіз еліміздің іргетасын қаласқан, халқы қадір тұтатын Рахманберлі өмірлік ұстанымымен, парасат-пайымымен ерекшеленген азамат.

Кісілік келбеті келіскен, қарапайым болмысымен біршама істің үдесінен шыға білген Рахаңның өмір жолы келер ұрпаққа үлгі боларлықтай.

Елі үшін ерінбей еңбек еткен, Жаңаарқаның туған  перзенті бүгінде  70 жастың желкеніне мінді. Өмірлік жары Күміс Сейсекқызымен «ұлдарын ұяға, қыздарын қяға қондырып» дегендей  балаларын өсіріп, ер жеттіріп, олардан тараған немерелерінің қызығын көруде. Қазір Рахманберлі мен Күміс үш баласынан 9 немере сүйіп отыр.

Үлкен ұлы Медет Жезқазған политехникалық иниституын бітірген 5 баласы бар. Ахар-шахар жанұя. Жезқазған қаласында тұрады. «Қазақмыс» корпорациясында жауапты қызмет атқарады.

Екінші ұлы Русланда жоғарғы оқу орынын бітірген үш баласы бар. Шұбаркөл теміржол торабы аймағында станса басшысы қызметінде.

Ал, кенже ұлы Дидарбек білікті техник маман – «Казтелеком» компаниясының Қарағанды қаласындағы бір бөлмшесінің басшысы. Балаларының бәрі де өмірден өз орынын тапқан.Үлкен немересі Ерасыл да политехты бітіріп, қазір Жезқазған қаласында мұнай базасында қызмет істейді. Екінші сүйікті немересі Әдемі Қарағандыдағы  жоғарғы оқу орынының студенті. Болашақ экономист.

Қызметіне қашанда адал болған қарапайым, болмысынан өн бойында нағыз қазақылықтың қаймағы кетпеген, ең бастысы елге жанашыр азаматтың өмірі адал еңбекпен өрілген. Қай кезде болмасын туған өлкесін түлетуге адал қызмет еткен Рахманберлі Түсіповтың жүріп өткен өмірі жолы оның  адами қасиетінің асқақ әрі биік екендігін көрсетсе керек.

Мағжан САДЫХАНҰЛЫ,

 ҚР Президенті жанындағы

БАҚ жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі,

 Қазақстанның құрметті журналисі,

 философия ғылымдарының кандидаты