«Саяхатқа шабыт беретін Қарағанды» облыстық туристік фестиваль белсенді демалыс жанкүйерлерін бір арнаға тоғыстырды

27 қыркүйекте Қарағандының Орталық саябағы саяхат пен табиғатты сүйетін, белсенді өмір салтын қолдайтын тұрғындар мен қонақтардың басын қосқан мерекелік алаңға айналды. Мұнда жүздеген қатысушыны жинаған «Саяхатқа шабыт беретін Қарағанды» облыстық туристік фестивалі өтті.

Фестиваль жаңа таныстықтар құруға, тәжірибе алмасуға және пайдалы білім алуға мүмкіндік берді. Саябақ аумағында шатырлы қалашық бой көтеріп, арқан өткелі, тіршілік дағдыларын шыңдау аймағы, түрлі сынақтар мен кедергілерден тұратын туристік жолақ ұйымдастырылды. Сондай-ақ қатысушыларға арнап шеберлік сабақтары өтті.

Ұзақ сапарларға бейімделген туристік велосипедтің таныстырылымы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушыларға велосөмкелерден бастап кемпинг жабдықтары мен навигациялық құрылғыларға дейін көрсетіліп, велосаяхат әуесқойлары үшін мазмұнды әрі пайдалы шеберлік сабағы өткізілді.

Көрме аймағында аймақтың туроператорлары, қонақ үйлері, мейрамханалары мен туристік клубтары өз қызметтерін таныстырды. Қонақтар жаңа бағыттар туралы мәлімет алып, тәжірибе бөлісіп, болашақ сапарларына идея жинай алды.

Фестивальдің ерекше көңіл-күйін шығармашылық ұжымдардың өнері мен «Fitness Blitz Koper» спорт клубының әсерлі флешмобы арттыра түсті. Қатысушылар қуат пен позитивке толы әсер алды.

Шара барысында Қарағанды облысында туризмнің дамуына үлес қосқан азаматтар алғыс хаттар мен дипломдармен марапатталды.

Бүгінде Қарағанды облысы – инвестиция салуға зор әлеуетке ие өңір. Кемпингтер, экоқонақүйлер, этнопарктер және басқа да туристік нысандарды дамыту ішкі және кірме туризм үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Фото: Қарағанды облысының Туризм

басқармасыhttps://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1076331?lang=kk

Добавить комментарий