Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен жүзден астам кәсіпкер бейресми жағдайда жүздесті. Шара барысында өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып, инвестициялық жобалар пулын таныстырды.
– Біздің облыстың да, еліміздің де экономикасын дамытатын – ең алдымен сіздер, кәсіпкерлер. Сол себепті өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндағым келеді. Мұны бизнес алдындағы есептің бір түрі деп қабылдаңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім байқалады. Ең басты міндетіміз – инвестиция тарту. Биылғы мақсат – көлемді 1,5 трлн теңгеге жеткізу. Оның ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың да үлесі бар. Қазір бізде инвестициялық жобалар пулын құрдық, менің жетекшілігіммен инвестштаб жұмыс істейді. Онда түрлі мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданады. Біз әрқашан ашық диалогқа дайынбыз және қолдау мен ынтымақтастықтың барлық тетіктерін қарастыруға әзірміз.
Әкім шағын және орта бизнестің экономиканың қозғаушы күші екенін ерекше атап өтті. Жаңа жобаларды жүзеге асыру өңірдің дамуына ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге де мүмкіндік береді.
Биылдың өзінде 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздық деңгейі – елдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша Қарағанды облысы республикада көш бастап тұр.
– Біз межелі мақсат қойдық – биыл өсім 9,5%-ға жетуі тиіс. Бұған сіздермен бірлесе отырып қол жеткізуіміз қажет, – деді облыс әкімі.
Оның сөзінше, биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 14,5 млрд теңге бағытталған.
Кәсіпкерлер де мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.
– Бұл бастама өте орынды. Бизнес пен биліктің еркін жағдайда тікелей пікір алмасуы үлкен нәтиже береді. Кәсіпкерлікпен айналысқанда әрдайым шешімін қажет ететін мәселелер туындайды. Ең құрығанда, сол түйткілдер тыңдалып, тиісті шаралар қабылданатынын білу – үлкен мүмкіндік, – деді тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын WEC Trade компаниясының басшысы Вячеслав Цой.
Кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев мұндай форматтағы кездесулердің тұрақты негізде өткізілетінін жеткізді.
– Біріншіден, кәсіпкерлер бір-бірімен танысып, өзара байланыс орната алады. Кей жағдайда біздің бизнес өкілдері шикізатты шетелден немесе өзге қалалардан сатып алады. Ал мұны облыстың өзінен әлдеқайда тиімді әрі жылдам табуға болады. Екіншіден, осындай кездесулерде мемлекеттік қолдау шаралары мен преференциялар ашық талқыланады. Соның арқасында әр кәсіпкерді жеке білеміз – олар жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға әзір. Ақыр соңында, мұның бәрі өңірдің дамуы мен өркендеуіне ықпал етеді, – деді Асқар Ғазалиев.
Оның айтуынша, келесі бизнес-таңғы ас ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді тарта отырып, лизинг мүмкіндіктеріне арналмақ.