«Табын –табын малыңмен емес,
қатар –қатар қосыңмен емес,
ақ адал досыңмен мақтан»
Тоқсары
«Единица болмаса, не болады өңкей нөл?» деп Абай атамыз айтқандай, тарих доңғалағын алға жылжытатын қарапайым көпшілік емес, жекелеген дара тұлғалар екені – мойындалған шындық. Бүкіл адамзаттың білімі мен ғылымын, өнері мен мәдениетін жасаған – сол тарихи тұлғалар, ал миллиондап бұл дүниеге келіп-кетіп жатқан қара халық өкілдерінің өркениет дамуына қосқан үлесі шамалы. Олай болса, кез келген халықтың ұлылығы сол халық санының көптігімен өлшенбейді, біртуар тұлғаларының көптігімен ерекшеленеді. Халқымыздың сондай біртуар тұлғаларының бірі елеміздің көркем сурет өнерінің дамуына елеулі еңбек сіңіреп кеткен халқымыздың қабырғалы суретшісі, ұлағатты ұстаз, біздің аяулы досымыз – Манай Хахашұлы.
Адамның өмір сүруінің мәні – артында із қалдыру. Оған үлкен жүрек, кең пейіл, асқан ақыл керек. Жеке бастың емес, ұлттың, елдің, мемлекеттің қамын ойлаған адам ғана тарих сахнасынан, ел жүрегінен орын алады. Біздің Манай досымыздан сөз де, із де қалды.
Өмір деректеріне жүгінсек, ол 1958 жылы Моңғолия Республикасы Хобда аймағы, Хобда ауылында туған. Бойында табиғат сыйлаған сабырлық, ұстамдылық , табандылық, әр құбылысқа байыппен қарау, терең бойлау сияқты асыл қасиеттері осы туған топырағынан жұқса керек.
1966-1976 жылдары 10 жылдық орта мектебін, 1976-1980 жылдары Ұлан-Батыр қаласы Педагогикалық Институтының Сурет сызу факультетін «Көркем сурет» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Хобда аймағы Драма театырында суретші болып бастаған ол. 1981-1983 жылдары әскери борышын өтейді. Ал 1992 жылдан бастап, оның өмірі мен тағдыры Қазақстанмен біте қайнасты. Қарағанды облысына қоныс аударған сәттен кейін, барша шығармашылық ғұмырын суретші қазақ жерінде өткеріп келді.
Атамекенге келген бойда Шет кеншарындағы 11 жылдық орта мектепке сурет және еңбек пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасып, бар білімін шәкірт тәрбиелеуге арнайды. Шәкірттері де ұстаз үмітін ақтап, біраз биікті бағындырған.
Манай кескіндеменің бір ғана жанрымен шектелмеді. Ол тақырыптық композициялармен қатар, әсерлі пейзаждар жазып, зиялы қауым өкілдерінің, тарихи тұлғалардың портреттерінен тұратын бірнеше картина жазған. Ол портрет жазуға аса ыждағатпен, үлкен жауапкершілікпен қараған суретшілердің бірі. 1992-1997 жылдары «Ұлы тұлғалар сериясы», «Шортанбай», «Бұқар жырау», «Абай Құнанбаев», «Сәкен Сейфуллин», «Жақып Ақбаев», «Ағыбай батыр», «Арғын Нұрбай батыр», атақты күйші «Аққыз» және басқа да еңбектері жарық көріп, елдің ыстық ықыласына бөленген.
«Сәкен Сейфуллин» портреті – оның осы жанрдағы ең сәтті жұмыстарының бірі. Суретші оның жылы мінезін, мейірімді болмысын, қайраткерлік қуатын, ішкі шуағын шебер бере біліп, сезіммен сомдайды. Бұл туындыда автор кейіпкердің рухани тереңдігін, адамгершілік нұрын, ерекше нәзіктікпен жеткізе алған.
Манайдың «Қарағанды қаһармандары», «Жақсы Жаңғұтты» айдарымен жарық көрген тарихи көркем шығармаларды көркемдік-безендіру жұмыстары суретшінің терең тарихи-мәдени танымының айғағына айналды. Ол әр мәтінді ұлттық эстетика арқылы әсемдеуге күш салды.
Манай табиғатты ерекше жақсы көрді. Табиғат – оның ұстазы, ал кеңістік – ішкі әлемнің айнасы. Қазақстанның ұлан – ғайыр кең даласы, таулары, құмды шөлдері мен жасыл ормандары оны ерекше шабытқа бөлейтін. Оған оның табиғат жанрында салған «Сарыарқа», «Шайтан көл», «Жосалы», «Балқаш көлі», «Көктем», « Жасыбай» тағы басқа туындылары айқын дәлел бола алады.
Манай шығармашылығының бір парасы туралы белгілі журналист Аманжол Ақын былай дейді: «Манай Хахашұлының қаршын таныған азаматтар оған қолқа салып «Егемен Қазақстан» газетінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында әр жылдары осы газеттің редакторы қызметін атқарған тұлғалардың портреттерін салдырды. Сонау Сәкен Сейфуллиннен бастап, кеше ғана 60 жылдығын тойлаған Парламент депутаты Уәлихан Қалижандарға дейінгі, басылым тізгінін ұстаған қаламгерлердің үлкен галереясы бүгінде Республикалық аға басылымның төрінде жарқырап тұр. «Егеменнің» үрдісімен өткен жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газеті де өз редакторларының суреттерін салдырып, ресми түрде тұсаукесерін өткізді. Бүгінде редакцияның бесінші қабатына көтерілген адам бір қабырғаны тұтас алып тұрған айшықты портреттерге қадалып көз тоқтатпай, тамсанып сұқтанбай өте алмасы кәміл («Орталық Қазақстан» 21 маусым, 2008 жыл).
«Қарағанды облысының 80 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында облыстық бейнелеу өнері мұражайымен бірлесіп, « Мәңгілік ел идеясы – қазақ қол өнерін қолдау» атты көрмеге жеке шығармашылық 39 жұмысының қатыстырылуы – оның талантына деген құрмет екені анық. Бұл көрме оның бүкіл шығармашылық өмірінің көркем шежіресіне айналды. Бұдан бөлек «Көктем», «Жосалы кеші» жұмыстары мұражай қорына алынған. (Ж.Шалқар, «Орталық Қазақстан», 2021 ж).
Манай еңбегінің елеулі бір саласы – ұлағатты ұстаздық жолы. «Ұстазың ата-анаңнан артық» деген Мұхаммед Пайғамбар. Бір қарағанда қате көрінгенмен, ойласаңыз – дұрыс екеніне көзіңіз жетеді. Өйткені ата-ана баланы өмірге әкелгенмен, бағып-қаққанмен, «адам етуге» білімі, өресі, мүмкіндгі жетпеуі мүмкін. Ұстаз – «адам етеді». Ол ұзақ жылдар бойы Қарағанды қаласындағы орта арнаулы білім беру мекемелерінде оқытушы болып қызмет етті. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, оларды үлкен өмірге қанат қақтырды. Солардың көпшілігі бүгінгіде өздерін тәрбиелеп өсірген Қазақ еліне пайдалы істер істеп, халқымыздың сый-құрметіне бөленуде. Ұстаз бақыты деген осы шығар.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мектептің мерейі мен баланың болашағы мұғалімнің қолында екендігі даусыз. Осындай жауапты істі арқалап, алтын уақытын ағарту ісіне арнаған ұлағатты ұстаз Манай Хакашұлы – сөзіне берік, ісіне – мығым, адамға ықыласты, туысқанға мұқият жігіттің сұлтаны болатын. Манай саналы ғұмырында бойындағы бар ақыл-парасатын, білім-білігін, қажыр-қайратын өзін өсіріп тәрбиелеген қазақ елінің, оның ішінде Қарағанды қаласының өсіп өркендеуіне қалтықсыз арнап, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызын адал орындаған – Асыл Азамат. Парыз адамдық борышыңды өтеуден басталады. Ата-анаңа, отбасыңа, балаңа, туған елің мен жеріңе адал қызмет ету ұлы парыз деп ойлаймын.
Манайдың өзін айналасындағы адамдардан ерекшелендіріп тұратын айрықша қасиеттерінің бірі – биік адамгершілігі болатын. Бір қария өзі тапқыр өзі шешен екен, бір жігітті сынап бірнеше сұрақ беріпті. – Адамгершілік дегеніміз не? – депті қария.
– Адамгершілік ақылды адамның асыл қасиеті, – депті жігіт. Сонда қария: «Дұрыс балам, ал адамгершіліктің өзінің жеті қасиеті бар. Біріншісі, адалдық; екіншісі – сәлемдесу; үшіншісі – сыйлау; төртіншісі – құрметтеу; бесіншісі – ізеттілік; алтыншы – мейірімділік; алтыншы – кішіпейілділік деген екен. Осы қасиеттердің ішінде кішіпейілдік жай нәрсе емес. Ол – мінез, ол – әлеуметтік мәртебе. Көпшілік ерекше құрмет тұтатын қасиет. Кішіпейілділік кішілік емес – кісілік дейді халқымыз. Осы қасиеттердің бәрін бір бойына жинай білген Манай дос – суретші, ұлағатты ұстаз ғана емес, ең бастысы, жақсы адам еді. Анығын айтқанда, адамның жақсысы, азаматтың ардақтысы, елдің елеулісі, достың адалы да өзі еді. Азамат бойына қандай ізгіліктер тән болса, соның бірі Манай бойынан табылар еді. Әттең, ол туралы өткен шақпен сөйлейтініміз өкінішті-ақ.
Манайдың ұзақ жылғы мінсіз еңбегі билік назарынан тыс қалмады. Қарағанды облысы әкімінің «Құрмет грамотасы», Облыстық білім басқармасының «Алғысхаты» «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Адам ең алдымен жақсы әке, жақсы ана тәрбиесін көріп өскен жан. Әке, ана тәрбиесімен бойына адамгершілік, ізгілік, көпшілдік, қарапайымдылық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді. Міне, осы қасиеттері арқылы елге сыйлы болып, абырой артады. Манай аяулы жары Алмагүл екеуі – Маржан, Меруерт, Таңшолпан атты аяулы қыздарын өмірге әкеліп, жақсы тәрбиелеп, қалаған мамандықтарын алуына қамқорлық жасап, азамат етіп қалыптастырды. Сол балалары бүгінде алған мамандықтарының аясында елімізге пайдалы істер істеп, халқымыздың сый – құрметіне бөленуде.
Баланы өмірге әкеліп, дұрыс тәрбиелеп, еліне пайдалы азамат етіп өсіргеннен асқан бақыт жоқ сірә! Көне заманнан бері атамыз қазақ «Адам өзі – мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» дейді, расында тәлімді бала, тәрбиелі қыз адамның жасын да, атын да ұлықтап, ғасырларға ұзартады. Манайдың өнегелі өмірі, биік адамгершілік қасиеттері, елге, халыққа сіңірген еңбегі жылдан жылға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жасай беретініне біз достары кәміл сенміз!
Адамның пенде болмаққа да, Құдай болмаққа да хақысы жоқ. Адам адам болып қалуы керек. Басыңа бақ қонса да, іс түссе де адамдығынан айнымауы керек. Манай Хахашұлы өмірі мен өнерпаздығының ұқтырары – осы. Осыған тәуба дейміз.
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
Жангелді САҒЫНТАЙҰЛЫ,
достары
