Әмбебап әрі білімдар аға

Аман аға 80-ге толды дегенді Астанада жатып мен де естідім. Сондықтан ұстаз бен шәкірт арасына алыстан хабаршы жіберіп, жарияға кісі шаптырудың қажеті де шамалы деген сөз. Және бұл жазу деген де қызық өнер ғой. Қырық жыл қасыңда жүрген белгілі адамның өзі жазуға келгенде саған ұстаз бола алмауы мүмкін. Асылы қаламгер, егер ол шын қаламгер болса, ұстазын да өзі таңдайды. Бәлен жыл басшы, редакторлық қызмет атқарған жазарман қоластындағы қатардағы тілшіге ұстаз болу, болмауы екіталай. Иә, тапсырма беруі, жұмыс бабымен жұмсауы кәдік. Бірақ міндетін атқарғанымен, тілшіден асырып жаза алмаса, өнерімен озып тұрмаса, журналистикада бағаң жоққа тән. Сондықтан журналистикада басшы, лауазым иесі дегеннің өзі күлкілі сөз. Қалам ұстадың екен, жазудағы мәнерің шешеді. Ел соныңа қарай бағалап саралайды. Кімнің десі басым, халықтың көкейіне соның сөзі бірінші барып қонғандықтан белгілі ғой. Ал Аман ағаға келгенде осы әңгіменің кейбір тұсын «сындыруға» тура келеді. Бұл кісі басшы болғанда да жұмсақ, аса ілтипатты жан болғанға ұқсайды. Терең білім иесімін деп ептеп болсын кеуде көтергенін көргеніміз жоқ. Басынан бастап жазайық онда.

Біз тани бастағанда Аман Жанғожин аға облыстық «Орталық Қазақстан» газетіндегі бас редактор Мағауия Сембай ағамыздың орынбасары еді. Ол кезде газеттер қазіргідей ақпарат орталықтарына біріктірілмеген, бас редакторлардың айбынды кезі. Орынбасарлары да олқы емес. Облыстағы бірінші газеттің бірінші орынбасарының өзі ханға сәлем бере қоймайды. 2009 жылы ғой деймін, аталған газетке өндірістік тәжірибеден өтуге барғанымда, облыстағы белгілі журналист Алдаберген Кемпірбай «қазір сәл күте тұр, менен соң» деп бас редактор орынбасарының алдына кіріп кетті. Есік ашық қалды, дауыстары естіліп тұр. Қателеспесем, Қарқаралы ауданы көлеміндегі жолдың жағдайына қатысты материал оқытуға әкеліпті Алдаберген ағамыз. Аман ағаға бұл жолдарда көлікпен жүру мүмкін емес көрінеді деп қысқаша түсіндірді де, материалға қол қойып беруін сұрады. Ол кісі «иә, білем ғой, мұны көтере беру керек» деп материалды шұқшиып оқып келді де, мәселенің тағы бір қалтарыстарын айтып, соларды толықтыруын өтінді. Сонда толымды шығатынын ескертіп жатып, материалдың шетіне апыл-ғұпыл жазып берді, білем. «Осыны қосып номерге сала бер» дегендей айтты ғой деймін. Тура осы тұсы есімде қалғаны, кейін бір кабинетте отырғанда көз жеткен, бұл кісі материалды көз жүгіртіп тез оқитын. «Тастап кет, оқып көрейін» демеуші еді. Алдында тұрғанда бірден бас салып көз жүгіртетінде, қатесін шығарып және толықтыратын тұстарын жалпы мәтіннің бұрыш-бұрышына шығарып қылтитып жазып беретін. Сосын материалдың қай жеріне қалай кіріктіру керегін едел-жедел түсіндіріп, жымиып қана «мұндай кемшіліктерді былай айтқан орынды» деп бетіңе қарап және бір күлетін. Аман ағаның осы бір жымиысы есімде жақсы сақталыпты. Әлдебір затты үйретерде немесе турасын айтарда ойын жинақтау үшін бе, әлде салқындық қалдырмас мақсатында ма, бетіңе қарап бір жымиып алады да, өте шапшаң түсіндіреді. Аңырып қарасаңыз, түсіндің бе деп қайыра жымиятыны да бар.

Бұл кісі бізге 2011 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің жаурналистикасында үшінші курс оқып жүргенімізде дәріс оқыды. Газет ісіндегі публицистің шеберлігі тұрғысында ғой деймін. Теориясына көп тоқтала бермейтін пәннің. Екі ауыз сөз айтатын да «мысалы былай» деп тәжірибе тұрғысынан түсіндіре жөнелетін. Мәселен, облыстық газетте былай болады деп өрбітеді. Ондай уәж бен мысалды журналистика диктор ретінде жұлдыз болу екен деп ұғып оқуға түсетіндер түсіне қоя ма? Аңырып үнсіз отырса, «түсіндіңдер ме?» жымиятын ағамыз. Сосын тақырыптың басқа қырынан тоқтала бастайды.

Оқуды бітірмей жатып 2012 жылы төртінші курстың ұзақмерзімді өндірістік іс-тәжірибесінен өтуге «Орталық Қазақстан» газетіне барғанымда, сол кездегі жауапты хатшы, қазіргі бас редактор Ерсін аға Мұсабек мені жұмысқа қалдыруға жағдай тудырды. Осы уақтан бастап бірер жыл Тілеуқабыл Байтұрсын ағамен бір кабинетте, кейін Аман ағамен отырғанымызда, бұл кісінің білім-білігін армансыз пайдаландық. Тақырып қоюдан тосылсақ та, әлдебір фактінің анық-қанығына жетпесек те, бір тіркестерден тұтылып, тіпті баламасын таппасақ та Аман ағадан сұрай саламыз. Тіпті аймақтың ғаламтор біле бермейтін қалтарыстары хақында дерек ұсына салатын. Ал нақты білмесе, «нақтылап қарап ал, әйтпесе айналып өткенің дұрыс немесе мынандай дерекпен салыстырмалы түрде жеткізуге болады» деп төте жолға түсіретін. Бұлар журналистиканың ұсақ-түйегі, қазір ЖИ шыққалы тіпті де қиын емес деуіңіз мүмкін. Ағамыз ең бірінші мақаланың кәсібилігіне мән беретін. Экономика тақырыбында үйлеспейтін цифрды әуелі осы кісі табатын. Қылаң ұрған қисынсыз фактыны бірінші аңғаратын да өзі еді. Сосын оның бәрін ашуға жеңдірмей, жымиып қана айтып шығатынын жоғарыда жеткіздік. Журналистік жазбалар мен ардагерлер арасында әлдебір шараларды ұйымдастыра жүріп сол уақытта ХМИ-дің (химия металлургия институты) энциклопедиялық еңбектеріне редакторлық жасап, қосалқы автор ретінде жұмыстанғанын білем. Сондай білімдар, сондай әмбебеп ағаның сергектігі мен әңгіме арасындағы әзілқойлығы кімге болсын жағымды әсер қалдырары сөзсіз. Ең бастысы, ағаның кәсіпқойлығы, жан-жақты білімінің молдығы болса, екінші, кісі баласына адам деген ат әперген мәдениеті мен ілтипатының жоғарылығы дер едік. Артық ауыз сөз, томпақтау мінез, басы артық бір әрекеті жоқ адамға қарап тұрып жат жанынан түңілмей ме? Ағамыз аман болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН