Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен құрылтайда ел дамуы үшін маңызды тақырыптарға тоқталды. Рухани, мәдени, ғылыми өркендеу туралы сөз қозғап, елдің әлеуметтік-экономикалық даму туралы айтты. Осы тұрғыдан келгенде қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға баса көңіл бөлді. Бұл бағытта алдымен экономикалық өсуді қамтамасыз етіп, елдегі инфрақұрылымды дамыту қажет.
Президент өз сөзінде ауқымды жобаларды жүзеге асыруды, кәсіпкерлікті дамытуды міндеттеді. «Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент инвестиция тартуға ерекше мән берді. Осы арқылы отандық тамақ өндірісін күшейтіп. Азық-түік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тапсырма берді. Жалпы, бұл бағытта Қарағанды облысында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, биыл жарты жылда аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында құны 36,4 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Тартылған инвестиция мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға бағытталған. Соның арқасында биыл өндіріс көлемі 5 пайызға артуға тиіс. Жоспарланған жобалар шеңберінде фермерлер суармалы алқаптар аумағын ұлғайтып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлмек. Бұл өңір экономикасын әртараптандыруға жол ашып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, жаңа жұмыс орындары құрылады. Яғни өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Иинвестициялық жобаларды іске асыру айтарлықтай жемісін беруге тиіс. Жобалардың басым бөлігі егін шаруашылығына тиесілі. Яғни мұнда 11 жоба жүзеге асады. Ал мал шаруашылығында – 6, қайта өңдеу саласында 7 жоба бар.
Жекелеген аудандарда да қарқынды жұмыс байқалады. Мәселен, Нұра ауданында егін және мал шаруашылығымен қатар балық шаруашылығы жұмысын бастады. Ахмет ауылында форель шаруашылығы жобасы қаржыландырылды.
Сондай-ақ Бұқар жырау ауданында сүт өнімдерін өндіретін цех тұрғызылды. Бұдан бөлек жанында ет комбинаты бар мал бордақылау алаңын салу жоспары бар.
Ауыл халқына қолдау ретінде “Ауыл аманаты” жобасы жемісін беріп отыр. Жоба шеңберінде үш ауданда – Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында пилоттық режимде “Бір ауыл – бір өнім” қағидаты бойынша кооперативтер құрылады. Облыс басшылығы тарапынан тиісті қолдау жұмыстары жасалды.
Ауыл шаруашылығымен қатар аймақта өндірістегі жобаларға айрықша ден қойылған Қазір облыста сәтімен жүзеге асқан жобалар баршылық. Мәселен, Saran индустриялық аймағы жыл санап кеңейіп келеді. Биыл екі жаңа өндірістің құрылысы аяқталады. Яғни ыстық мырыштау зауыты мен “ТЭМПО Қазақстан” компаниясының болат тік тігісті құбырлар өндірісін іске қосу жоспарланған.
Ыстық мырыштау зауыты мырышталған бұйымдар шығарады. Бұл кәсіпорында 115 жаңа жұмыс орны ашылады.
“ТЭМПО Қазақстан” компаниясы болат электрмен дәнекерлеу арқылы тік жікті құбырларды шығарады. Бұл өнімдерге сұраныс зор. Яғни зауыт өнімдері металл құрылымдарын салудан бастап су құбырларын төсеуде қолданылады. Жаңа кәсіпорында 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Индустриялық аймақтағы тағы бір табысты жобалардың бірі – Tengri Tyres шиналар өндірісі. Бұл елдегі шина шығаратын ірі инвестициялық жобалардың қатарынан саналады. Бүгінде зауыт Attar шиналар брендін шығарып отыр. Кәсіпорында 839 адам еңбек етеді.
- Attar шиналар бренді кезең-кезеңімен жүзеге асады. Зауытта жеңіл, жеңіл жүк және жүк машиналары үшін 37 түрлі өнім шығарылады. Биыл барлығы 1,2 млн шина шығару жоспарланған. Ал толық қуаттылыққа шыққанда 3,5 млн данаға дейін ұлғаяды, – дейді Tengri Tyres зауытының директоры Александр Уставщиков.
Зауыт өніміне нарықта сұраныс зор. Өнімді негізінен отандық автокөлік зауыттары тұтынады. Сондай-ақ шиналар ішкі нарықпен қатар, ЕАЭО мен Орталық Азия елдеріне экспортталады.
«Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорны өндірісті локалицазиялауға көңіл бөліп отыр. Бұл көрсеткіш бүгінде 50%-дан асады. Әрі қарай өсу үшін жабдықты жаңғыртуға қомақты инвестиция салынды. Компания шығаратын өнімдер – теледидарлар, су жылытқыштар, шағын пештер, сорғылар, шаңсорғыштар, кір жуатын машиналар, ас үй плиталары және басқа да техникалар елімізде және көршілес елдерге сатылады. Халықаралық компаниялармен әріптестікті дамыту технологиялар трансферті мен экспортты кеңейтуге ықпал етпек. Атап айтқанда, Samsung компаниясымен жасалған келісім жасалды. Бұл халықаралық брендтердің еліміздің өнеркәсіптік әлеуетіне деген сенімі жоғары екенін көрсетеді.
Ал Сарандағы тағы бір жемісті жоба – QazTehna автобус зауыты штампылау өндірісіне көшуге дайын. Бұл елдегі машина жасау саласына серпін беруге тиіс. Жаңа жоба биылғы жылдың соңына таман іске қосылады. Мұнда да Qarmet компаниясының мырышталған болаты шикізат ретінде пайдаланылады. Яғни кузов бөлшектері жергілікті болаттан жасалады. Қазір металл үлгілері Yutong компаниясының мамандарына сынақтан өткізуге жөнелтілді.
Ал өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі Qarmet компаниясы 2028 жылға қарай өндіріс көлемін орта есеппен 66 пайызға арттырмақ. Зауыт даму барысында еңбек қауіпсіздігін алға қойып отыр. Қазір мұнда 35 мың адам жұмыс істейді. Жаңа жобалар нәтижесінде болат өндірісі артып, жергілікті шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосады. Бүгінде компания ірі бизнес айналасында өнеркәсіптік кластер жобасын құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа жоба экономиканы әртараптандыруға жол ашып, өңірдегі бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Соның арқасында жергілікті өнім түрі көбейіп, импортқа тәуелділік азаяды. Бұдан бөлек мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Яғни барлық саладағы жүздеген жобаның арқасында мыңдаған адам еңбекпен қамтылады.
Сондай-ақ бүгінде Қарағанды агломерациясын дамытуға көңіл бөлініп отыр. Үкімет тиісті жоспарды бекітті. Кешенді жоспар 2029 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Құжат өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді.
Агломерацияның орталығы – Қарағанды. Ал құрамына Саран, Шахтинск, Абай қалалары мен Ақтау, Ақтас, Шахан, Долинка, Новодолинский кенттері, Абай ауданының 5 ауылдық округі, Бұқар жырау ауданының 17 ауылдық округі және Осакаров ауданының 1 ауылдық округі енеді. Агломерацияның жалпы ауданы – 7,7 мың шаршы шақырым. Барлығы 33 елді мекен бар. Бұл елдімекендердің ең алысы Қарағандыдан 30 шақырым алыста жатыр. Халық саны шамамен 870 мың адамды еңсерді.
Қарағанды агломерациясы елдің тура ортасында орналасқан. Сондықтан Орталық Қазақстанның, жалпы Қазақстанның дамуы үшін маңызы зор. Агломерацияны дамыту ірі қалалардағы халық тығыздығын азайтуға. қала мен ауыл арасындағы өмір сүру деңгейін теңестіруге мүмкіндік береді.
Жалпы, Ұлттық құрылтайда қозғалған мәселелер Қарағанды облысында қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Яғни экономиканы өрістете отырып, халықтың жайлы тұрмысына қажетті жағдайдың барлығын жасау көзделіп отыр. Облыстағы жаңашыл жобалар алдағы уақытта да тиісті деңгейде жүзеге аса беретіні анық.
Манас АҚСАРЫ.
