ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТУГЕ ТЫҢ ЕКПІН БЕРДІ

Президент биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында туризмді дамыту мәселесіне ерекше ден қойды. «Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді» деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Осы орайдан қарағанда Қарағанды облысында туристік әлеуетті өркендетуге мүмкіндік беретін өңірлер баршылық. мәселен, Балқаш көлінде жағажай туризмін, Қарқаралы мен Ақтоғайда экологиялық туризмді, тау туризмін дамытуға әбден болады.

Биыл Балқаш көлі елдегі ең көірікті және туристер арасында танымал 5 аймақтың қатарына енді. Жаз маусымында 300 мыңнан астам турист көлге арнайы келген. Бұл дерек алдағы жылдары ұлғая беретіні сөзсіз. Себебі көл отандық және шетелдік саяхатшылар арасында кеңінен танылып келеді. Сондықтан жергілікті билік тиісті инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді.

Мәселен, былтыр Балқаш қаласында туристерге арналған жеті жаңа демалыс аймағының құрылысы басталды. Мұндағы орын саны 200-ден асады. Жаз бойы қалалық жағажайдың жағалау аймағын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Дегенмен өңірдегі туризмді дамыту үшін әкімшілішік кедергілерді жою керек екені белгілі. Осы мақсатта екі жыл бұрын Ақтоғай ауданының көл жағасындағы екі ауылы – Шұбартүбек және Тораңғылық ауылдары қала әкімдігіне берілді. Аталған екі ауылға тиесілі жер аумағының жалпы ауданы 9 мың гектарға жуықтайды. Бүгінде ауылдарға туристік инфрақұрылымды тарту үшін су құбыры желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қала әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, бұл құбырлар республикалық бюджет қаржысына салынады.

– Жазда қалада және көл жағасында 20 қонақүй және 54 демалыс аймағы қонақтарға қызмет көрсетеді. Біз жағалауды ұтымды пайдалану үшін бос жер учаскелерін түгендедік. Нәтижесінде 120 гектар жердің бос екені анықталды. Сонымен қатар туристер тарапынан қызығушылықты көбейтіп, аймақтың танымалдылығын арттыру үшін түрлі шаралар басталып жатыр. Мәселен, бүгінде «БалқашTourfest» фестивалі дәстүрге айналды, – дейді Сапар Сатаев.

Сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту – Балқаштағы тағы бір басым бағыт. Бүгінде қаланың кейбір учаскелерінде коммуналдық желілердің 75-80 пайызы тозған. Бұл мәселені шешу үшін 124 шақырым су құбырларын ауыстыру қажет.

Туристер тек көлге келіп, суға түсіп  кете салмай, Балқаш қаласына да ат басын бұратыны сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде қаладағы тазалыққа баса назар аударылды.

Балқаш маңындаңы тағы бір танымал жер – Бектауата тауы. Бұл – жанартау атқылауынан кейін пайда болған гранит текті массив саналады. Орталық Қазақстандағы көрнекті жерлердің бірі. Мұнда «Жасқанат» балаларды сауықтыру лагері орналасқан. Осы уақытқа дейін балаларды жеткізу де қиын еді. Яғни мыңдаған турист жаз бойы баратын орынның жол сапасы сын көтермей келген еді. Бүгінде тауға апаратын жолды жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына қаражат облыстық бюджеттен бөлінді.

Мердігер Маратхан Жұмалиевтің айтуынша, жөндеу жұмыстары үш жылға жоспарланған.

– Биылғы маусымда алғашқы екі шақырым жолды асфальттадық. Жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталды, – дейді мердігер.

Жолды жөндеумен қатар заманауи жол бойындағы сервисті қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Алматы – Екатеринбург тас жолының шатқалға апаратын бөлігінде инвесторларға көпфункционалды кешен, базар, кафе, супермаркет, жанармай құю бекеті, техникалық қызмет көрсету орталығы және автожуу нысандарын салу үшін алты жер телімі берілген. Нысандардың бір бөлігі қазір салынып жатыр.

Саланы дамыту үшін кадр да қажет. Осы тапшылықты жою үшін Р.Қошқарбаев атындағы Балқаш технология және сервис колледжінде келесі жылдың қыркүйегінен бастап «Қонақ үй ісі және қонақ үй әкімшісі» мамандығы отықтыла бастамақ. Бұл мақсатта оқу орнында заманауи жабдықталған оқу-зертханалық кешен ашылады. Кешенде шынайы қонақ үй нөмірлері, мейрамхана және кәсіби ас үй болады.

Бүгінде колледжде «Туризм» және «Қоғамдық тамақты ұйымдастыру» мамандықтары бойынша кадрлар даярланады. «Туризм» бағытының түлектері болашақта туристік агенттіктерде жұмыс істей алады. Ал аспаздық және сервис саласын меңгергендер тамақтану саласының мамандары болып шығады.

– Жаңа оқу зертханасында үш мамандықтың студенттері бірлесе тәжірибе жинай алады. Кешен екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта толық жабдықталған ас үй мен оқу мейрамханасы, сондай-ақ заманауи оқу кабинеттері орналасады. Екінші қабатта қонақ үй нөмірлері болады. Екі және үш орындық бөлмелер, сондай-ақ VIP санаттағы нөмір қарастырылған, – дейді колледж директоры Жәмиля Тезекбаева.

Жаңа оқу-зертханалық кешен келесі оқу жылынан бастап жұмыс істей бастайды. Осылайша колледжде оқу процесі мен нақты өндірістік тәжірибе ұштасады. Студенттер болашақ мамандығын тек теория жүзінде емес, нақты қызмет көрсету жағдайында меңгереді.

Айта кетейік, жаңа мамандық Балқаш көліне келушілердің көбеюімен байланысты енгізіліп отыр дейді әкімдікте.

Тағы бір маңызды жаңалық, өңірде туристерге қолдау көрсететін визит орталық ашылды. Визит орталық көл жағалауында орналасқан. Бұл орталық туристерге ақпарат береді. Яғни қалаға алғаш келген жан қайда барып, қайда тынығуға болатынын осы жерден біле алады. Солтүстік Балқаш өңірінің табиғи және мәдени нысандары туралы толық мәлімет алады. Қызметкерлер Бектауата таулы аймағының сұлулығы мен тораңғы тоғайының бірегей табиғатынан бастап, мұражайлар мен тарихи орындарға дейінгі бағыттарды таныстырады. Сапар бағытын таңдауға, қонақүй не демалыс базасын брондауға көмектеседі. Тіпті әйгілі Балқаш балығының дәмін қай жерден татуға болатынын айтып, кәдесыйларды қайдан сатып алуға болатыны туралы кеңес береді. Мамандар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.

Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, осындай визит-орталық жақын уақытта Қарқаралы қаласында да ашылмақ. Ведомствоның болжамы бойынша жыл соңына дейін өңірдегі ішкі туризм көлемі 450 мың адамға, ал шетелдік келушілер саны шамамен 40 мыңға жетеді.

Жалпы, қарқаралы ауданында да туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша Қарқаралы ауданында да тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе туристер қиналмай, шаршамай келуі үшін жол сапапысн жақсартуға айрық назар аударылған. Аудандағы маңызды жобалардың бірі – Қарағанды – Аягөз – Бұғаз автожолын, Қарқаралы ауданынан Бұқар жырау ауданына дейінгі учаскені асфальттау еді. Бұл жолдар сапасы көптеген жылдар бойы автокөлік жүргізушілері тарапынан талай мәрте сынға ұшырап келді. Сонымен қатар бүгінде Үлкен көл жанындағы 5,5 шақырым жол жөнделіп жатыр.

Бұдан бөлек өңірдегі таулардың тазалығын сақтауға айрықша көңіл бөлінеді. Жартастарды вандалдардың әрекетінен қорғауға, олар жазып кеткен жазуларды өшіруге жергілікті тұрғындар белсенді үлес қосып келеді.

Жағажай және тау туризмімен қатар, облыста өнеркәсіптік туризмді дамыту көзделіп отыр. Ішкі туризмнің бұл жаңа бағыты кейінгі жылдары қарқын ала бастады. Шаруаның алға басуына биыл құрылған Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығы белсенді атсалысып келеді. Орталық командасы аймақтың өндірістік және мәдени әлеуетін біріктіріп, ерекше маршрут әзірледі. Осылайша «Индустриалды Қарағанды» атты жаңа туристік туры құрылды. Жақында тур облыс тұрғындарына таныстырылды. Алғаш бұл бағытпен туроператорлар, журналистер мен блогерлер жүріп өтті. Бір күн ішінде қатысушылар үш қала мен бір кентті аралап, аймақтың өнеркәсіптік және тарихи келбетін көзбен көрді. Теміртаудан басталған сапар Долинка кентінде түйінделді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турды түзудегі мақсат – Қарағанды облысының табиғи сұлулығы мен бай тарихымен қатар, Қазақстанның өндірістік жүрегі екен таныту. Тарих пен индустрияны бір арнаға тоғыстырып, өңірді жаңа қырынан көрсету.

Алдымен турға қатысушыларға Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында металлургия саласының даму тарихы көрсетілді. Кейін олар QazTehna зауытында құрастырылған трамваймен саяхат жасады. Айта кетейік, Теміртау – трамвай көлігі сақталған елдегі санаулы қалалардың бірі. Сондықтан бұл көлік түрі туристер үшін ерекше тартымды нысанға айналуы әбден мүмкін.

Турға Қарағанды қаласындағы тау-кен колледжінің оқу шахтасы еніп отыр. Мұнда көмір өндірудің нақты үдерісі мен өңірдің тау-кен өнеркәсібінің даму кезеңдері көрсетіледі.

Сондай-ақ бағдарламада Қарағандыдағы тұрмыстық химия зауыты мен Саран қаласындағы шина зауыты да қарастырылған.

– Экологиялық тұрғыдан таза тұрмыстық химия өнімдері туралы бұрыннан естіп келеміз, өзіміз де жергілікті өнімді қолданамыз. Бұл жолы оның қалай жасалатынын көзімізбен көру өте қызықты болды. Ал шина зауыты – шын мәнінде ірі өндіріс. Мұнда басынан бастап дайын өнімге дейінгі процесс кезең-кезеңмен жүзеге асады. Процесс өте әсерлі, – дейді инфотур қатысушысы, туризм саласының маманы Виталий Шуптар.

Ал тур Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайда түйінделеді. Қарлаг азап түрмесінің деректері сақталған бұл орын да туристерге қызықты болатыны анық.

Сонымен қатар туристерге ақпарат беруге айрықша көңіл бөлінген. Аймақта Visit Karaganda орталығы дәстүрлі экскурсиялармен қатар, онлайн-гид және цифрлық сервистерді де дамытып отыр.

– Бізде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-бот іске қосылды. Ол туристерге бағыт ұсынады, өңірдің көрікті жерлерімен таныстырады, қонақүйлер, жанармай бекеттері мен демалыс аймақтары туралы ақпарат береді. Ең қызығы – чат-бот 180 тілде еркін сөйлей алады, – дейді орталық директоры Бахтияр Бекмұрзаев.

Тағы бір ерекше дүние – туристерге арналған qazeli.kz қосымшасы іске қосылды. Бұл цифрлық сервис арқылы қонақүйлер мен демалыс орындарын брондап, экскурсия жетекшілері мен туристік агенттіктер ұсынған ақпараттармен танысуға болады. Мұнда барлығы ыңғайлы әрі ашық көрсетілген. Яғни бір батырманы басу арқылы маршрутты таңдап, баспана не экскурсияға тапсырыс беруге және өңірдегі туристік нысандар туралы шынайы ақпарат алуға болады. IT-жобаның бастамашылары бірнеше жыл бұрын облыс әкімінің грантын иеленген. «R-TOUR.KZ» ЖШС директоры Рустам Бикбаевтың айтуынша, қосымшаны әзірлеуде жасанды интеллект қолданылып, 50-ден астам халықаралық туристік сайт сарапталған. Бұл отбасылық сапарларға ең тиімді шешімдерді таңдауға мүмкіндік берген.

– Көпшілігі бронь жасау кезінде балалардың тұру ақысы дұрыс есептелмеу секілді мәселеге тап болады. Біз үш жас санатын енгізіп, бағаны төмендетуге және нөмірлердің нақты жүктемесін ескеруге жағдай жасадық. Мұндай тәсіл пайдаланушылар үшін тиімді әрі «2+2» жаңа сегментін ашады, мұнда балалар үшін қайта есеп жүргізіледі, – дейді Рустам Бикбаев. Қызмет арқасында Балқаш пен Қарқаралы сияқты өңірлердің бірегей туристік бағыттары мен кластерлері жан-жақты насихатталмақ.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, туризмді цифрландыру – бұл енді тренд емес, қажеттілік. Облыста WhatsApp платформасында жасанды интеллект негізіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін виртуалды чат-бот іске қосылды.

– Ол туристерге көрікті жерлер, маршруттар, қоныстану, тамақтану және қауіпсіздік ережелері туралы жедел ақпарат алуға көмектеседі. Бүгінгі міндет – адамдарға қызмет ететін цифрлық туризм экожүйесін құру. Бұл процесте мемлекет, бизнес, ІТ-сектор және, әрине, саяхатшылардың үйлесімді жұмысы маңызды, – дейді басқарма басшысы.

Жалпы, елімізде ұлттық цифрлық шешімдер енгізу басталғаны мәлім. Қазір Kazakhstan.travel порталы сегіз тілде жұмыс істейді. Ал eQonaq платформасы қонақтарды тіркеуді жеңілдетіп, туристік ағынды барынша ашық көрсетіп отыр. Бұл тың бастамалар Президент Ұлттық құрылтай отырысында көтерген мәселелерді жеделдетіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан келгенде қарағанды облысында ауқымды жұмыс баршылық.

Манас АҚСАРЫ