Өз заманының ақыл-ойы, ар-ұжданы бола білген, белгілі француз жазушысы В.Гюго: «Болашақ бұдан былай адамдардың екі типіне: ой адамы мен еңбек адамына тиесілі мәні жөнінен олардың екеуі де бір бүтінді құрайды, өйткені ойлау-еңбектену деген сөз» деген екен. Ой адамдарын тілшілер,ұстаздар тәлім-тәрбие беру де көбіне қаладан, өнер ошақтары мен ілім мен білім ордаларынан іздейді. Еңбек адамы ауылда дегенге саяды.
Ал өмір бойы ұлы даласына бүкіл саналы өмірін арнап,ән мен жырға көлемді кесек шығармаға айналдырған таланттар тапшы. «Ақындар ауылда туып, Алматыда өмірден өтеді» деген сөзде соны меңзейді. Біздің мақаламызға өзек болған ой адамы 85 жасқа келіп, қолынан қаламы түспей дархан даласын жырлап келе жатқан жан. Қазақ халқына жазушы, ақын Өмір Кәріпұлы есімі ертеден таныс. Асыл сөз өнерінде өз айтарын өлеңмен бастап, кейін көркем қара сөз саласына ауысқан қаламгердің бірнеше жыр жинақтары, айтулы повестері мен романдары жалпы жұртшылықтың сүйікті шығармаларына айналғаны мәлім. Бұл мақаламызда қаламгердің шығармашылығына өз ой-пікірімізді айтуды жөн көрдік.
Бұл есім менің балалық шағымнан таныс болатын. Бастауыш сыныптан кейін бір жыл Өмір мұғалімнен білім алып, әдебиет әлеміне еніп кеткендей күй кешкем. Өкінішке орай біз басқа жаққа көшіп, сүйікті ұстазымыздан алыстап кетсемде ұмыта алмадым. Аудандық, облыстық газеттер беттерінен өлеңдерін оқып, кейін республикалық басылымдардан өлең-жыр, әңгіме повестерімен таныстым. Өлеңдері үнемі менің көзім көріп,балалық күндерім өткен жазиралы даланың тынысына арналатын:
«Әу бастан мұсылманмын ұлтым – қазақ,
Дара өскен маң далада мен бір дарақ.
Дала – менің ұстазым, бас кітабым,
Сол ұстаздан бас алмай алдым сабақ»
Жарық дүниеде туған жерден артық, өзің көзіңмен көріп, көкірегіңе түйген тау-тас, сай-сала, өзең-көл, аққайнар бастаулардан сүйікті не бар?! Алтын бесік сағыныштың самалы ән болып тербеліп, жүрекке жыр болып жылылық шашқандай. Даланың жуасы мен сарымсағы, бүлдіргені мен қарақаты, гүлдерінің исін бұрқыратып, алабөтен күй кештіретін өнер құдыретін айтсайшы. Өзгені қайдам, өз атамекенінен аттап алысқа ұзамай, дархан даласын көркем сөзбен өрнектеп келе жатқан қаламгер Өмір Кәріпұлы өзіме тым ыстық көрінетін. Лирикалық туындылар әнге айналса, мысал, діни хадистері, өсиет, баталары, жыл атауларына қатысты өлең-жырлары мерекелік тойларда оқылып жататын.
Жалындаған жігіт күнінде туған жердің тау тасын өлеңмен өрген,киелі топырағы дем берген ақын өлеңдерін қызыға оқыдым. Өмкең орда бұзар отыздан асып, қамал алар қырыққа жетпестен қара сөзге алғашқы «Сарыбел сазы» атты туындысымен ауысты. Бұдан кейін «Атасының баласы», «Ескі тоған» әңгіме, повесть жинақтарынан кейін кеңінен көсілтіп, «Бұрқақ», «Тайталас» романдарын жазды. Енді, қолыма «Серілер мен перілер» атты жаңа бір туындысы түсті. Аталған шығармалардың арқауы атамекеннің өткені мен бүгіні екендігін терең түйсіне, сол даланың перзенті ретінде сезіммен сүйсінгеннің бірі мен едім.
«Жекенің жалпыдан шығатынындай ата-мекенге деген сүйіспеншілік те адамзатқа деген сүйіспеншіліктен шығуы тиіс»деп белгілі сыншы В.Белинский айтқандай,жазушы Өмір Кәріпұлы туған жер шежіресін туындысы арқылы жасап келе жатқан қаламгер екендігі анық. Оның сөзі тауларды теңселтіп, сай-саланы күмбірлетіп, өзен-көлді ән мен күйге бөлеп,ақтұма бұлақтарды күлдіріп жатқандай. Суреткердің тұңғышы «Сарыбел сазы» мен бүгінгі «Серілер мен перілер» жинағына дейінгі қалам қайраты бұны бұлтартпай дәлелдеп беретіндей. «Ескі тоғандағы» өткеннің елесі, «Бұрқақтағы» заманның бел-белесі, «Тайталастағы» өлара шақ бәрі де жазушының көзбен көріп, жүрекпен сезген дархан даланың ақиқат аңыздары болатын.
Оқырманына енді жеткен «Серілер мен перілер» аталатын Өмір Кәріпұлының жаңа кітабына алты повесть, сегіз әңгіме енген. Жаңа кітаптың беташары «Саятшы» повесімен басталады. Осы уақыт аясында әйгілі Сәкеннің кім екендігі мағлұмат түрінде, деректік жағынан таныстырылып келді. Анығында, рухы биік тәкаппар, асқақ ақынның ұшқан ұясы шеңберімен шектелгені мәлім. Бұрынғы таным түйіні Сәкеннің кедей табынан шығып, сол кедейдің мұңы мен азаттығын алып беруші дегенге саятын. Амалын бағып,қисынын тауып айтудың өзі кез келгеннің қолынан келе де бермеген. Ел арасындағы көненің көздері айтатын Сейфолла саятшы турасындағы аңыз желісіне құрылған көркем туындының композициясы дәстүрлі ұлттық үлгімен пішілсе, сюжеттік өрбуі үнемі шиеленіспен беріледі. Саятшылықты ғұмырына серік еткен Сейфолланың бесіктен белі шықпастан ата-анасынан айырылуы, ерте есейтіп, ел назарына күйшілік-әншілік және саятшылықпен ілігуі, Жамалдай сұлуды құтты шаңыраққа қондыруы мен ұрпақ өрбітуі бірден жүйелілік танытады.
Жазушы тарихты дәлме-дәл қайталаушы емес. Оның міндеті – хронологияны сақтап, асқақ шабытпен сол тарихтың тағдыр-талайын баяндап беру. Бұл тұрғыда Өмір Кәріпұлының таңдағаны романтика екені анық. Суреткер шеберлігі саятшы Сейфолланың қырандарының тектілігі мен аңшының өз өмірбаяны және ұрпағының сұңқарша самғауын параллелизмге бағындырып, барынша көтеріңкі леппен жымдастыруынан танылады.
Жазушының жаңа кітабындағы өнер тақырыбы «Қоңыр сарын», «Қыз қайырған» повестері арқылы жалғасады. Ұлттық рухын асқақтататын киелі домбыра үнімен сөйлейтін күй құдіретінің сырын біліп, қадір-қасиетін түсінудегі «Қоңыр сарын» повесінің оқиғасы шымыр, образ жасау тәсілі сәтті шыққан. Бір сәт күйші Әбікен Хасеновтың тағдырымен бірге егіліп, қамшының сабындай қысқа ғұмырын қоңыр сазына түсірген тебіреністі терең сезіммен деміңді ішіңе тартып, соңында күрсініспен тыныстайсың. Шығарма шырайын келтірудегі диалогтар қызметінің маңызы зор. Дарындар тілдесуі. Өнер өкілдері Қалибек Қуанышбаев пен Әбікен Хасенов арасындағы сұхбатқа мән берейік: Қалибек жауап орнына бармағын көрсетті. Онысы ризаланғаны еді.
– Ұнады ма?
– Жақсы екен… Тым ауыр ма, қалай?!
– Күңіренісі басым… Күйік-шер толған.
– Енді қайтейін?! – деді күй иесі шарасыз.
Арманда кеткен үш қоңыр, көп қоңырларды жоқтағаным. Шығарған Қатым құраным соларға…
Жаралы жандардың жаңғырығы жүректі жаралап, тағдырын тәлкекке түсіргенін таланттың түйіндеуі. Заманның запыраны, адамның ашынғаны бір күйдің ырғағына сыйып, жазушыға да жай таптырмай, қаламынан қағаз бетіне түсіп, өшірілмес ескерткішке айналғандай.
Киелі күй мұнымен бітпейді. Атақты күйші Сайдалы сары Тоқанның өнердегі өресі мен жеткен межесі «Қыз қайғырған» повесі арқылы ашылып, рухтың күштілігін қаламгер қапысыз танытады. Автор аламан бәйгеге қосылғандай тізгінді еркін жіберіп, қамшы салдырмастан шығарма финалының шешімін шеберлікпен аяқтайды. Күйші тағдыры, күй тарихы бір-бірімен үйлесіп, Жаратушы берген сергектік пен сезімталдықтың фәнидегі талантты ерекшелейтіні серіліктен танылатындығын үздіксіз оқиғаның дамуы арқылы ашылады. Кезеңдегі дәулескер күйшінің тарихта ерте танылуына кедергілердің бірін тап басып, жазушы емеурінмен естияр жұртқа осылай жеткізеді.
Көркем шығармалар қатарындағы «Аусар» повесінің айтары мен аңдатуы тым күрделі.Кейіпкер Сарыауыз бойынан жігітке тән өнердің бәрі табылады. Бірақ, оның бесіктен белі шықпастан тәлім-тәрбиесі-барымта мен зорлық-зомбылық. Күш-қайраты толысқан дәуренді өзінің керегіне пайдаланған нағашысының барында Сарыауыз алып та, шалып та жықса, сүйемелдеушінің соңғы өсиетіне құлақ аспастан алған бетінен қайтпайды. Шығарманы бүгінгі өмірмен салыстырсақ, қазіргі сүйемелдеушілері бар, өзінен басқаның бәрін тобыр ретінде түсінушілер ойға оралады. Қолдаушысы кеткеннен кейін тағдыр-талайы не болады, ел-жұртына жасаған қиянаты мен қысастығының көрге түскенше есесіз кетпейтіндігіне Сарыауыз тағдыры сабақ болардай. Көрінгендерден кек алу жолы оңай еместігін жазушы ишаралай жеткізіп, жампоз жігіттің аусарлық қылығына жаны күйзеледі. Елге лайық ердің жаза басып, мағынасыз тірлікпен өткен ғұмырына налиды.
Бүгінгі заман күйін шертетін «Сынақ» повесінің сыры терең, мағынасы мазмұнды. Кейіпкер бейнесі ұлттық психологизмнен өрілген. Күнделікті өмірдегі болып жатқан қайғы-мұң,оңай жолы болғандардың қуаныш-шаттығы, Таразының бір басында өмір тауқыметін көп тартқан – Мекен тағдыры, екінші басында күлкісі – көктем, айналасына өктем – Бекболдың бейнесі. Кеңес дәуірінде де бастықтың баласынан көрмеген құқай бар ма? Атамекеніне аңсап жеткен, жетімді жебеудің орнына «қытай, моңғол, моңғолит» деп жүргендерді күнде естіп келеміз. Ел болсақ дегендер тарыдай шашылған қаны бір қазақты елге жинап әлек, елге келгенді тамағы тоқтар мен көйлегі көктер қинап келеді. Мекеннің рухы мықты жаратылған жас. Қанша жалтақтаса да, өзінің ақ махаббаты үшін жанын пида етуге әзір. Ғашықтық әнін абайсызда үзіп алып, шарасыз күйге түскен Лағылдың жайы – бүгінгі жүздеген арулардың бейнесінің жиынтығы. Бір-біріне қосыла алмаған ғашықтардың зарлы әні бүгінгі таңда дәстүрге айналып кеткендей. Алып қашу, алдап торға түсіру үдеп барады. Отбасы берекелі, әр күні мерекелі болмай, өмір қалай мәнді болмақ?! Бұның соңы ұлттық адами қасиеттер тозып, ұрпақ азып кетпесіне кім кепіл? Зорлық пен қорлықтан көтерген қара баладан қаракөз қарындастары неге безіп жүргенін түсінетін жүрек, бауырмал ниет керек. Жазушы осыншалық сүреңсіз жалғанды, табиғат, адам, хайуанаттар тағдырымен қоса суреттейді. Жасынан дегені болмаса,тамағынан ас өтпейтін Бекболдың әккілігі әрідегі Бекежаннан асып түседі. Жеті қазынаның біріне саналатын екі итті бірден сілейтіп салған, қылмысқа қапысыз дайындалып, сапарға жалғыз шыққан Бекболдың мақсаты – Мекеннің көзін жою болатын. Бірақ, өмір сынағы басқаша болды.
Жаңа жинақтағы драмалық шығармаға сұранып тұрған соңғы повесть – «Бөзкөл аңызы». Жадыраның басындағы тағдыр-талайы бүгінгі жастардың өмірінде де кездесетіндігі анық. Армандарына жете алмай кеткен Құлпынай мен Бәдір, бірнеше жас үлкен, талантты ағасына ғашық болған Жадыраның бастан өткендері тартымды баяндалады. Шынайы махабатты тұмардай сақтап, өзге біреудің қосағы болғанда да естен шығармаған Жадыраның рухына еріксіз егілесіз. Үнемі бірінші жақтан баяндалатын оқиғаның өрбуі, адам басындағы тағдыр-тауқыметі, өз бақыты жолындағы әрекетін психологиялық жағынан күрделендірген. Пәк сезімге жасалған қастандыққа төтеп беру, жан жарасының ауыртпалығын көтеру Жадыраның маңдайына әуелден жазылмағандығы ақиқат. Бұл жерде қаламгер бүгінгі жастардың тәлім-тәрбиесін, азғындық жолға түскеннің жазасыз кетпегендігін мейлінше ашады. Туған жер мен сүйгеніне деген ақ махаббаты аяққа тапталған Жадыра ғана ма, талайдың пәктігін пәршелеген Айболдар аз ба? Жазушының жүрегі жылап, өмір көшінен көрген көзсіздіктерді көсілте суреттейді. Мәдениет ошақтарының тұтқасын ұстағандардың да қаны қарайып, көздері ақиып бара жатқанын қалам қаһарына алады.
Шығармалар жинағындағы сегіз әңгіменің сыры мен жыры да повестермен үндесіп, заман зарын, адам баласының, жазықсыздан жапа шеккен жан жарасын әр қырынан жеткізеді. Суреткердің көркем бейнелерінің бояуы шеберлікпен сырланып, сюжет жасауы барынша жұмырланған.
Жазушы Өмір Кәріпұлы да сырлы өмірдің сиқы сұрғылт тартып тұрғанын тап басқан. Серіліктің өткені мен бүгінін салыстыра оқырман қауымға ой тастап, «қырандар аман жүрсін!» дегенді түйіндейді. Туған жер, ел тағдырын, өмір өткелдерін көркемдік шеберлікпен шежіреше таратып келе жатқан өнер өкілінің өз мәнерін, көпке жағымды әуенін барлығы мойындаған.
Жаңа ғасыр жиырма бес жылын артқа тастадық. Осы азғана уақытта жазушы қаламынан «Қоңыр сарын» (әңгіме-хикаяттар, тәмсілдер), «Дала сыры» (ел мен жер атауларының аңыз-әпсанасы), «Бастау» атты көлемдері қомақты дүниелері жарық көрді. Аталған еңбектерге қатысты зиялы қауым тарапынан жылы пікірлер айтылып, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланды. Бұл жерде айтылған пікірлерді қайталауды орынсыз көрдім. Тек осы еңбектерден туған даланың байырғы батырларын, көсемдері мен шешендерімен қайта қауыштым. Сарыарқаның сылдырай аққан бұлақтары мен мұндалаған тау-тасы,сай саласын өсімдіктер әлемін дала шежіресінің өз аузынан естігендей күй кештім. Ақырында түйінді сөз өзінен өзі санаға сәулеленді.
Иә , Аңыз даланың – абыз адамы осы екені анық.
Б.С.РАҚЫМОВ,
Филология ғылымдарының докторы,
профессор (ҚарҰЗУ)
