ҚҰРМЕТ ДЕГЕН ҚҰДІРЕТТІҢ ИЕСІ

Өмір Кәріпұлы 1940 жылы Жаңаарқа ауданының Құмдауыт ауылында дүниеге келген. ҚарПИ-дің филология факультетін бітірген. Ауыл мектептерінде жиырма жылдық ұстаздық қызмет атқарған. 1980 жылдан бері Ақадыр кентінде тұрады. Аудандық «Ақадыр таңы» газетінде журналистік мектептен өтті. Ауыл адамдарының арманы мен мұңы, сағынышы, махаббаты шығармаларының басты тақырыбына айналған. 1986 жылы КСРО Жазушылар Одағының мүшелігіне өткен. Ақадыр ауданының  «Құрметті азаматы», Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.

85 жас тоқсанға апарар сүрлеу жол іспеттес. Былайша топшыласаң аз жас емес, ал Өмкеңнің өміріне зер салып қарасаң, қызығарлық жас.

Өмір Кәріпұлы ақсақалдың бүкіл өмірі жұрттың көз алдында өтіп жатыр. Анда-санда шаруа жайымен сыртқа шыққаны болмаса, Ақадырдың маңайынан ұзап қызмет іздеген емес. Жанына жайлының бәрі осы мекеннен табылды, шығармашылық жұмыстарына да бөгеті болмады, халықпен етене араласып, рухани азық боларлық қажеттінің бәрін осы өңірден жинап алды, ел көрмегенді көрді, қазақи тірліктен ауытқыған жері болған емес.

Сабасының ақтан босаған күні жоқ, қызылсырамады. Марқа піскен сәттен бастап қаймаққа қуырылған асы алдынан кетпеді, күз түсе серкенің сере қазысы сүйікті асына айналды, бүйректі тұтасымен көмкеріп тұратын бүйрек майдың ер жігітке қажетті күш-қайрат беретінін жарнамалағалы қашан. Кәрі қойдың сорпасы бойындағы суықтың бәрін қуып шығатынын ертеден білетін. Кәрі жілік етінің қасиеті бір өзіне аян-тын.  Бір май, бір еттен тұратын сүбенің тоңазытылған еті таңғы ас мәзірінен түспейтін.

Содан ешкі малында қазы болатындығына күманданушылар табылды. Бұл  әңгіме қаламдас інісі Төрехан Әкімжанұлының назарына ілігеді. Көп кешікпей әлеуметтік желі бетінде көлдей мақала шықсын. Қағаз жазғанның бәрін көтере береді, енді іс жүзінде дәлелдеудің қажеттігі туындайды. Қос қаламгер ақылдаса келе, қаламының желі бар азаматтарды Ақадыр төріне жинастыруды ұйымдастырады. Астана мен Қарағанды қаласынан, Ақсу-Аюлы селосынан азуын айға білеген азаматтар күрең күздің жаймашуақ күндерінің бірінде Өмір ақсақалдың төрінен бір-ақ шығады.

Ғасыр адамы Т.Көкетаев, К.Жүністегі, С.Ақсұңқарұлы, Т.Майбас, Н.Мыңбай, Ә.Тойжігіт, Қ.Әбілда, Қ.Асан, Ж.Нар, Қ.Смағұлов сынды біраз азаматтар үйге кірген бетте жасаулы тұрған дастарқанның үстінен тек мал өнімдерін ғана көріп, таңданыстарын жасырмады. Сарыала бауырсаққа ешкі майын жағып жеп, ешкінің қою сүтін қатқан, хош иісі бұрқыраған шәйін ешкі сүтінен жасалған құрт-ірімшікті тістей отырып ішіп, демдерін басты. Әңгімемен отырып, уақыт ұзатып, дәм ішетін уақыт та келді. Екі дастарқанға үйеме табақ ет келді. Үстінде төңкеріліп сарыала қазы жатты. Елдің көзі қазыда. Бұған дейін қонақтарға арнап серке сойылатыны аян болған. Ал табақтағы қазысы несі? Бұл сойылған малдың сере қазысы еді. Ет тураушы алдымен қазыны қолға алып, бір бір тілімнен жағалай отырған қонақтарға таратты. Бұл шақырыстың негізгі мәні серкеде сере қазы болатынын дәлелдеп, жел сөзге тосқауыл қою еді. Әлі де сенбей отырғандар ауызға түскен астың дәмін алып, қазының шын мәнінде серкенікі екенін тұщынып үлгерді.

Содан әңгіменің не бір атасы кетті дейсің! Өмір ақсақал орнынан тұрып, серкенің бүйрек майын жағалай отырған елге асатты, оның шын мәніндегі қасиетін ашып айтып, азаматтарды қызықтырып қойды. Қатпарланған сүбе де жұтқыншақтардан өтіп жатты. Бір май, бір ет омыртқаның жұмсақ еті үлкендердің сыбағасы ретінде алдарына туралды. «Жанатай нағашым кәрі жілікті жақсы көруші еді» деп Төрехан ағамыз өзі ұнатқан жілікті меншіктеді. Осы отырғандарға арнап сойылған мал да жеріне жеткізіле бордақыланған екен, сорпаның беті шыңылтыр майдан көрінбеді. Ешкі еті жеңіл болады дегеннен кейін ол да ішке кетті. Ішкен де арманда, жеген де арманда Ақадыр төрінде осындай бір көңілді отырыстың куәсі болған едік.

Бағына орай, Өмір ақсақалдың өмірлік қосағы да жанын түсінетін оңды адам болып жолықты. Босағасына бақ байланды, төрінен қонағы босамады, ағайын-туыстың бас қосатын берекелі ордаға айналды десе болады. Дастарқаны жаюлы, малы бағулы рақат күй кешкен тамаша күндер басынан өтіп жатты. Ұзақ өмір жасаудың сыры да осында еді…

Өмір ағаның ғұмыр жолы ұстаздықтан басталған. Ол – оқушының да, шәкірттің де жанына үңіле білген, әр сөзін тәрбиенің құралына айналдырған ұстаз. Ұстаздықтың ұлы жолынан кейін қаламгерлікке бет бұрды. Күнделік жазды, очерк жазды, көркем дүние жазды. Бірте-бірте жазғаны жұрттың жүрегіне жетіп, баспа бетін көре бастады.

Қаламынан туған бірнеше кітаптары бір адамның өмірі ғана емес, тұтас бір дәуірдің үніне айналды. Шындық пен шынайылық, дәстүр мен діл, тіршілік пен тағдыр тоғысқан дүниелер басты тақырыбы болды.

Өмір Кәріпұлы – құрметке лайық адам. Оның ғұмыры — қазақы қарапайымдылық пен парасаттылықтың көрінісі. Қолына қалам алғанымен, ешқашан даңққа ұмтылған жоқ. Ол – әуелі адам болуды, адал болуды, ақ болуды мұрат еткен. Қазақта «ақсақал» деген ұғым тек жаспен емес, жасампаздықпен өлшенетін болса, Өмір Кәріпұлы соған дәл келетін, өзі де өмір, сөзі де өмір ақсақал.

Ол жалғыз емес – жұртымен бірге, ерекшелігі – елден оқшауланбай, елмен бірге өмір сүріп келе жатқаны. Зейнет жасында шалқып жүруді емес, шындықты жазып отыруды таңдады. Ауылдастарына – ақылшы, қаламдастарына – жол көрсетуші. Баспасөзге жиі араласып, жастардың шығармашылығына да бейжай қарамайды. Ел ішіндегі әдебиетке, тілге, салт-дәстүрге қатысты пікірін ашық айтып отырады. Ойы өткір, тілі шұрайлы, байыппен сөйлеп, байыппен жазады.

Өмір Кәріпұлы – біздің бүгінгі қоғамға керекті тірі аңыз. Ол әдебиетті – отбасындай, отбасын – шаңырағындай, шаңырақты – елдіктің негізіндей көріп келе жатқан нағыз рухани тұлға.

Қаламы – тағдырдың таразысы. Қазақ әдебиеті мен руханиятының ордасына айналған Арқаның төрінде, нақтырақ айтсақ, Ақадыр кентінде тұрғанымен, қарапайым тұрмысы мен терең ойы үйлесім тапқан, сөзі шымыр, ойы тұнық. Ол – жазушы, ұстаз, руханият иесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Бүгінгі келген жасына қарап шегінетін емес, қайта шабыт алып, қалам тербеп отырғанының өзі – өнеге. Жуырда ғана жаңа қолжазбасын, «Тәбәрік» атты кітабын баспаға тапсырды. Бұл – рухани әлемді байытатын, ел-жұртты тереңге жетелейтін мазмұнды еңбек.

85 жас – биік белес. Бірақ Өмір ағаның сөзі мен ойы әлі жас, әлі де қалың оқырманын терең оймен тамсандырып келеді. «Қиыншылық келсе, сабыр мен төзім бер, бақыт берсең бағалауды қосып бер» деген екен қазақ атам. Қадіріңіз арта берсін, қаламыңыз қуатты болсын, беделіңіз биік, мерейәңіз үстем болсын, абыройыңыз асқақтай берсін, Өмір аға!

Аңғар СМАҒҰЛ,

ҚР журналистер одағының,

облыстық «Қазақ

тілі және мәдениеті қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің алқа мүшесі