ЕЛ МЕН ЖЕРДІҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

Дәл қазіргі өнірдің қазіргі реңі – алтын күз. Қараша десек те, алтынмен әдіптелген. Жердің беті сарыала түске малынып тұр. Сары тонын жамылған сары күз қалайша алтын болмайды. Күз айлары жемісті мезгіл болған соң табиғаттың кемел шағы дейміз. Ал осы табиғатты ғадам ғұмырымен салғастыра айтсақ, бұл адам ғұмырының мазмұнды кемел шағы екен. Мазмұнды, мәнді шақ сонда – қариялылық болмақ. Ендеше қарияны кемел емес деп кім айта алар?! Өмір Кәріп ақсақал да сондай. Қазыналы қарт сексеннің сеңгірінің ортан беліне шықса да шығармашылықтың шалқарында акжелкенін тік ұстап, аттан түспей келеді.

Сонау алабұртқан албырт шағынан қоғамның игілігі жолында қауырсын қаламды қолға алып, адамның болмысы мен табиғаттың көрінісін, олардың арасындағы тылсым күшті, өмірдің тас диірменінде шанығып шығар адамдық пен әділдіктің өлшем, ұғымдарын ақ қағазға түсіруден тынбай келеді. Прозасы болсын, өлеңі болсын. Әр қаламгердің жазу машығы өмірден ұққан-түйгенін ойы мен сөзінің құнары арқылы оқырманға қалтқысыз жеткізе алумен өлшенеді емес пе. Ендеше Өмір Кәріптің күрмеуі қалың күрделі де жауапты жазушылық өнерде соншама жылдар бойы биік абыроймен көрінуінің астарында не бар? Мұнда тек бір сәтке де тынбай, перен де ыждағатты еңбек ету ғана емес, өмір-тіршіліктің қат-қабат шырғалаңға толы аласапыран бейнесін сол күйінше, қазқалпында әдемі жеткізу де тұр. Кейіпкерін ойдан құрамайды, өмірден алады жазушы. Шығармасының бүкіл дені сонысымен құнды. Бұған шек келтіретін дәрмен жоқ бізде. Өйткені екі ғасырды көзбен көріп, қиындығын бастан өткерген, талай алмағайып тұстың нақ куәсі ол. Соның бәрін көңлінің тезіне салған қария ғасырлар иінінде даладағы халықтың екі тұрмыс-тіршілігін салыстыра да, салғастыра да алады.

Кеңес заманындағы әйтеуір бір әділдікке үміт артқан адамның ішкі жарқын бейнесі емес, ол біржола келмеске кеткен, ақ пен қараны айырмаған, жақсы мен жаманға, ашығын айтқанда, ешнәрсеге тәуелсіз қазіргі «еркін ойлы» адамдардың кескін-келбетін сомдап береді. Ананың құнарынан емес, ұнтақ сүт ішіп өскен әлжуаз жанның келбетін қаламына арқау етеді. Өйткені біздің топырақта дендей, екпіндей еніп, табиғаты жат батыстың арзанқолды өмір салтын насихаттайтын әлеуметтік мәдениет жүйесі қалыптасып үлгерді. Әсілінде, адамның әлеуметтік ортадан өзін таппауы, әлеуметтік қорғанудан кем түсіп жатқаны, келешегіне деген сенімсіздігі – қазіргі күннің күн тәртібінде буы бұрқырап, өзегін жарып тұрған мәселе. Қазір адам жақсы мен жаманның байыбына бармай, екіұдай күйді кешіп жүр. Сол санадағы өзгеріс, ішкі күйзеліс әлі күнге аяқталған жоқ десе де болады. Бүгінгі уақытта адамның өзін-өзі тану, анықтау қиындығынан туындайтын ішкі дағдарысқа ұшырамау әсте мүмкін емес…

Ол көптей емес, ауылда туған, ауылдан түпкілікті қоныс аудармаған жазушы. Ұлттық болмыстың тамырынан нәр алған, туған топырағының рухын бойына сіңірген қаламгер. Ол өзінің шығармаларында ауыл өмірін, қарапайым халықтың тұрмысын, табиғатын шынайы суреттейді. Жазушының тілінің байлығы, образдарының нақтылығы, тақырыбының жүрекке жақын келетіні де сондықтан. Далиған даланың аңы мен жануарын адам секілді қабылдайсың. «…Құлағын дамылсыз қайшылаған құла жорғада мазасыздық басым», «Көк ит дүрегей шалыс. Жүгіріске де бар, көк долы әдетке бейім. Омырау соқ ожар тазыдан аң құтылмайтын еді. Небір омыраулы иттерді бүктеп тастайтын тазы бүгінде кіріптар жағдайда қияндағы жалғыз үйдің жуынды-шайындысына көзін сатқан тілемсектікпен күнін өткізіп жатыр…» («Бастау» романы).

Өмекең дала, тағы, ит, жалпы төртаяқтыны суреттегенде жүрісінен жаңылмайтын жорғадай өзіне ұдайы тартып ортырады, оқырманды өзімен ілестіре кетеді. Өйткені далалық орта жазушыны табиғи, шынайы етіп қалыптастырады ғой. Оның жазғандары көбіне ұлттық болмысқа жақын, әрі жергілікті ерекшеліктерді дәл бейнелеуімен құнды. Мұндай қаламгерлер әдебиетке қарапайымдылық пен тереңдікті қатар алып келеді. Өмір Кәріп те сондай. Қазақ әдебиетінде жазушылардың дені ауылдан шыққандар десек те, олар туған жерінен алған әсерін ұлт мұрасына айналдыра алды ма, гәп сонымен өлшенбек. Олар қазақ әдебиетінде саусақпен санарлықтай ғана.

Жазушы Өмір Кәріптің ерекшелігі сол, табиғат пен адам арасындағы тылсым байланысты көбіне көркем бейнелеу, астарлы мағына, психологиялық тереңдік арқылы суреттейді. Ол табиғатты жай фон ретінде емес, кейіпкердің ішкі дүниесімен үндес тірі әлем ретінде береді. Өйткені табиғат адамның көңіл-күйінің айнасы. Жазушы кейіпкердің жан тебіренісін суреттеу үшін табиғат құбылыстарын пайдаланады. Жаңбыры – мұңдылау, күннің ашықтығының астарында – ауыл адамның үміті байқалады, соққан дауылы – адамның жан-дүниесінің арпалысқа түсуіне ұласады. Ауылда өскен кейіпкерлер табиғатпен үндесіп, еңбек арқылы өседі. Қаламгер шығармаларында табиғатпен етене жақын болу – ұлттық болмыстың бір бөлігі ретінде көрінеді. Кейде табиғат адамнан жоғары, мәңгілік құбылыс кейпінде көрінетіндей. Адам оның алдында әлсіз, бірақ сол табиғатпен үйлесімді өмір сүргенде ғана толық тұлғаға айналады. Бірақ, бәрі емес. Кәрі тарлан жазушының айтпағы – осы деп білеміз. Алла ғұмыр берсін оған дейік.

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты