«Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды», – деген болатын Шерхан Мұртаза.
Бүгінде елімізде тіл үшін шырылдап жүргендер баршылық. Солардың санатында Қарағандыдағы «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігі де бар.
– Қазақ тілі – ұлттың ұлы қазынасы. Мемлекеттік мәртебеге ие тіліміздің тағдыры – баршамызға ортақ. Қарағанды секілді ірі индустриалды қалада қазақ тілінің көлеңкеде қалып, орыс тілінің үстемдік құрып тұрғаны – шындық. Дәл осы кезеңде тіл жанашырларының бастамасымен құрылған «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігі бүгінде мемлекеттік тілдің болашағына алаңдайтын, нақты іспен айналысатын белсенді ұйымға айналып отыр.
2021 жылғы ақпанның 4-і күні Қарағандыда елдің зиялы қауымы – Темірғали Көкетаев, Қойлыбай Асанов, Жұпар Жақанова, Жансая Жарылғапов, Марат Түсіпов, Мирлан Қызылов секілді елге белгілі азаматтардың қолдауымен бірлестік басшылығына сайланған кезіміз әлі есімізде. Бұл – үлкен сенім, зор жауапкершілік болатын. Кезінде Тем-ағамыз өзі басқарған қоғамның жұмысын тоқтатпай, қайта серпін беруді аманаттап кеткен еді. Ол кісі – сөздің емес, істің адамы болатын. Оның өмірлік ұстанымы, мемлекетшіл мінезі, қазақ тіліне деген жанашырлығы бізге бағдар болды. Облыстық қазақ тілі қоғамына қаланың қақ ортасынан – Достық үйінен арнайы орын алып беруі – сол тұстағы парасаттың, ұлтқа жанашырлықтың жарқын көрінісі еді. Өкінішке қарай, бүгінде сол кеңседен айырылып, Қасым үйінен пана іздеуге мәжбүр болдық. Мемлекеттік деңгейде қолдау әлсіз болғанымен, қоғам өз миссиясын тоқтатпай, жұмысын жалғастырып келеді,– дейді «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» ҚБ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Елеужан Серімов.
Бұл ретте белгілі қаламгер, қоғам мүшесі Жаңабек Нардың:
«Кабинет керек біздерге –
Ұлтымның жоғын түгендеп,
Терең тамырын іздеуге…» – деп басталатын жыр жолдары қоғам мүшелерінің жанайқайын бейнелейді.
Мақсатымыз – жастарға рухани тәрбие беру
Қоғамның басты мақсаты – халқымыздың рухани байлығын, тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғырту.
– Біз ұлттық сана мен мемлекеттік идеологияның өзегіне айналуы тиіс құндылықтарды негізге ала отырып жұмыс істейміз. Мақсатымыз – жастарға рухани тәрбие беру, елдік мұраттарды насихаттау, ұлтты тануға бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Қазіргі таңда қоғам мынадай бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр: «Тіл – тұғыр» – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, заңнамалық орындалуын қадағалау, «Мәдени тоғыс» – мәдени шаралар арқылы қоғамның рухани келбетін жаңғырту, «Асыл қазына» – салт-дәстүр мен ділдік құндылықтарды ұлықтау, «Сөз ұстаханасы» – тіл майталмандарын дәріптеу, көркем сөз құдіретін таныту, «Қазақ әліпбиі» – латын графикасына көшу мәселелерін зерделеу, сауатты қадам жасау, «Туған өлке тарихы» – қасиетті жерлерді зерттеп, танымдық бағыттағы жұмыстар жүргізу, «Балаларға базарлық» – балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық ойындарды жаңғырту, шығармалар шығару. Ұлт зиялысы Қадыр Мырза Әли: «Ұлт болудың ең басты шарты – ұлттық тіл», – деген. Қазақ тілінің тағдыры – халықтың өз қолында. Ал заң жүзінде тілді қорғау – биліктің, мемлекет механизмінің мойнындағы жауапкершілік. Біздің елімізде 15-тен астам тілге қатысты заңдар мен актілер бар. Бірақ олардың сапасы, әсіресе мемлекеттік тілдегі нұсқалары сын көтермейді. Заңдар алдымен қазақ тілінде жазылуы тиіс. Бұл – елдігіміздің, егемендігіміздің белгісі. Қарағандыда ресми жиындардың көпшілігі орыс тілінде өтеді. Мемлекеттік мекеме басшылары қазақ тілінде сөйлей алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде тарайтын жаңалықтар алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін барып аударылады. Мұның өзі ақпараттық алаңда қазақ тілінің кешеуілдеп қалуына алып келеді. Техникалық, медицина, қаржы салаларында сапалы қазақ тіліндегі оқулықтардың жоқтығы – жастардың білім алуына кедергі. Студенттер орыс тіліндегі материалдарға жүгінуге мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін: Қазақ тіліндегі оқулықтарға мемлекеттік гранттар бөлінуі қажет, әр салаға лайық сапалы терминологиялық база жасақталуы тиіс, мемлекеттік мекемелердің барлық құжат айналымы қазақша жүруі керек. Балалар мультфильмдері де қазақша жетім. Бүгінгі ұрпақтың тілі YouTube, TikTok арқылы қалыптасып жатыр. Сондықтан анимациялық өнімдер сапалы, қызықты әрі қазақы танымға сай болуы қажет. Бұл – идеологиялық қару, тәрбиенің бір бағыты. Қарағандыда әлі күнге дейін «Пришахтинск», «Осакаровка» сынды кеңестік атаулар тұр. «Гормошка» атанып кеткен үйдің төбесіндегі «Караганде – образцовый порядок…» деген жазуды әлі ешкім алғыза алмай отыр. Бұл – мемлекеттік ерік-жігердің әлсіздігі емес пе? – дегенді қосады төраға.
Мазмұнды тренинг
Қарағанды Облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы Жұпар Жақан Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Тіл және сөйлеу мәдениеті» тақырыбында мазмұнды тренинг өткізді.
Жиынның спикері – Жұпар Рысқұлқызы қатысушыларға тіл мәдениетінің мәні мен маңызы туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, сөз саптауда жиі жіберілетін қателіктерге арнайы тоқталды. Тренинг барысында қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дұрыс меңгерудің маңыздылығы атап өтілді. Әсіресе, бүгінде үлкен мәселеге айналып отырған «н» және «ң» дыбыстары мысалға алынып, дұрыс айту жолдары түсіндірілді. Тренинг әлі де жалғасын табады.
Ұлттық диктант
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Ресурстық тіл орталығы және Облыстық қазақ тілі мен мәдениеті қоғамы бірлесіп, Қасым үйінде ерекше шара өткізді.
«Ұлттық диктант» жобасы аясында Қарағанды қаласының зейнеткерлері бас қосып, бір мезетте диктант жазды. Бұл бас қосу тек жазу сауаттылығын тексеру ғана емес, тілге деген құрметтің, рухани бірліктің көрсеткіші болғандай.
Асыл қазыналарымыз бір марқайып мектеп кездерін еске түсіріп мәз болып қалды. Ардагерлер қоғамды сауатты жазуға, ұлттық диктантты қолдауға, тілімізді үстемдігін нығайтуға шақырды
Кешегі агроном, ұстаз, журналист, тіл мамандары… Әр салада еңбек еткен ардагерлер бір үстел басына жиналып, азаматтық парызын орындап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлестерін қосты. Олар үшін диктант жазу – өткенді еске алу, білімге деген ықыласты қайта ояту болса, жас буын үшін – үлкеннің үлгісі, тіл мәдениетіне деген жауапкершіліктің көрінісі.
Ұлттық диктанттың негізгі мақсаты – жазу мәдениетін нығайтып, сауаттылықты арттыру ғана емес, әр азаматтың жүрек түкпіріндегі тілге деген құрмет сезімін ояту екенін түйсінген еңбек ардагерлері алдағы уақытта да осындай игілікті жұмыстарға атсалысып, жастарға кітап оқу мәдениетін насихаттай жүретіндерін жеткізді.
Шара қаламыздағы тілге жанашыр зейнет жасындағы қауымның белсенді екенін көрсетті.
– Ұлттық диктант жазу бастамасын жалғастырып, біз де қатысып қайттық. Оқушы болған күндерімізге барып қайтқандай болдық. Өзіміздің тілге деген құрметімізді білдіруден жалықпаймыз. Жастар бізден – зейнеткерлерден үлгі алар деп үміттемін. Сөзбен емес, іспен көрсетіп жатырмыз. Бізге берілген мəтін Ахмет Байтұрсынұлы мақаласынан алынған үзінді екен. Біз Рабиға Сыздықова апамыздың орфографиясын пайдаланушылармыз, сондықтан «от арба» деген сияқты сөздерді біріктіріп жаздым жəне сол нұсқаны дұрыс деп санаймын, – дейді «Ұлттық диктант» жобасының қатысушысы аудармашы, журналист Рымбала Смайылова.
Әділ БЕК
