Қарағанды, Балқаш және Саран қалаларында отбасыларды қолдау орталықтары ашылады. Олар отбасы институтын нығайтуға бағытталған және бір терезе қағидаты бойынша арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады.
Қарағандыда биыл Чкалов көшесі, 7-де жаңа орталық іске қосылады. Айына 100-ден астам отбасын қамту жоспарлануда.
Балқашта бұл мекеме Отбасыларды қолдау және көмек көрсету жөніндегі бірыңғай орталық деп аталатын болады. Саран қаласында – Отбасыларды қолдау орталығы.
Мамандар арнаулы қызметтердің сегіз түрін: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтерді ұсыну бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Жоба келесі бағыттар бойынша жұмыс істейді:
— арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж отбасылар;
— қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар;
— отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесіне сәйкес төтенше дағдарыс деңгейіне жататын отбасылар.
Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет және Осакаров аудандарында осындай жеті орталық жұмыс істеді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша оларда 4994 қызмет көрсетілді, оның ішінде шағын бизнес ашу, гранттар алу – 84, жұмысқа орналастыру – 80, әлеуметтік көмек, жәрдемақы төлеу, әлеуметтік қызметтер, мүгедектерге көмек көрсету – 316, тұрғын үй мәселелері бойынша, тұрғын үй сертификаттарын алу, ипотека ресімдеу, тұрғын үй алуға кезекке қою – 183, балаларға білім беру, балабақшаға кезек, жалпы білім беру, қосымша білім беру – 271, денсаулық сақтау – 141, заң көмегін көрсету – 203, психологиялық көмек көрсету – 194, қайырымдылық және демеушілік көмек – 2502, түрлі бағыттар бойынша оқыту курстары – 213 және т. б.