Өндіріс өңір тірегіне айналды

Қарағанды облысы жылды экономиканың барлық саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікпен қорытындылады. Бастысы – тұрғындарға жайлы тұрмыс ортасын құру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Бұл – күн санап өсіп келе жатқан облыстағы шаһарлар үшін маңызды көрсеткіш.

Биыл 15,9 шақырым магистральдық жылу желісі жаңғыртылып, тозу деңгейі 64,3 пайыздан 60,3 пайызға дейін төмендеді. Облыс орталығында ұзындығы 22 шақырым болатын 3-ші жылу магистралі қолданысқа берілді. Соның арқасында 21 мыңнан астам пәтер тұрақты жылумен қамтылды. Аталған жобаны өңір әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі деп бағалады.

Энергетика кәсіпорындарында да іргелі жұмыстар жүзеге асты. Мәселен «Топар» ГРЭС-інде №3 турбина толық ауыстырылды. Теміртаудағы «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2 нысанында №7 қазандық агрегаты жаңадан қойылды. Ал Қарағандыдағы №3 ЖЭО-ның қуатын арттыру жұмыстары басталды.

Сондай-ақ облыста 171 шақырым болатын электр желісі қайта тартылды. Нәтижесінде электр желілерінің тозуы 68,6 пайыздан 68,3 пайызға дейін кеміді. Энергия қуатының ұлғаюына жаңартылатын энергия көздері де айтарлықтай үлес қосты. Жыл ішінде 514,5 млн кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға артық.

Ал газдандыру бағытына келсек, облыста 6 902 тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. Мұнда Қарағанды қаласында – 4 723 үй, Теміртауда 2 179 үй газға қол жеткізді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен газдандыруға пайызсыз несиелер беріліп, 513 отбасы қаржылай қолдауды пайдаланды.

Сумен жабдықтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында облыс қалаларында 104 шақырым су желісі тартылды. Ал 12 ауылда 45 шақырым су құбыры салынды. Бұдан бөлек, 91 шақырым су құбыры қайта жөндеуден өтті. Ауызсудың сапасын арттыру мақсатында 45 ауылда кешенді блок-модульді тазарту қондырғылары орнатылды.

Қатты тұрмыстық қалдықтармен күрес те күн тәртібінен түскен емес. Жыл бойы елдімекендерен 120 мың тонна қоқыс шығарылды. Соған сай 500-ден астам рұқсатсыз қоқыс орны жойылды. Ал тұрғын үй қоры мен қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту аясында 215 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры жөнделіп, 45 субұрқақ қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, 441 тарихи-мәдени ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, бұл жұмыстардың барлығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды.

Тағы бір айтып өтері, өнеркәсіптік секторда тұрақты өсім бар. Биыл облыста 25 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Ал тағы 15 жоба келесі жылы жүзеге асырылады. Кенді өлкедегі экономикалық және индустриялық аймақтар облыс экономикасының тірегіне айналып, олардың айналасындағы кәсіпорындар саны мен жұмыс орындары қатар өсіп жатыр.

Атап айтқанда, өңдеуші өнеркәсіпте металлургия, құрылыс индустриясы, химия, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі, машина жасау салаларында өсім тіркелді. Негізгі өсімді әдеттегідей Qarmet пен «Қазақмыс» көрсетті.

Металлургиямен бірге машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі де даму үстінде. Биылғы 10 айда QazTehna зауыты – 2 мың автобус пен арнайы техника, Tengri Tyres – жарты миллионға жуық көлік шинасын, Silk Road Electronics 250 мың тұрмыстық техника шығарды.

Аймақта жүзеге асқан 25 инвестициялық жобаның 17-сі – өнеркәсіпке саласында.Бұлардың қатарында Qaragandy Power Silicon компаниясының екі пешін іске қосу, Tau-Ken Temir металлургиялық кремний өндірісін қалпына келтіру, сондай-ақ Saran индустриялық аймағында Қазақстанның ыстық мырыштау зауыты мен ТЭМПО-Казахстан тік жіксіз құбыр шығаратын кәсіпорынның ашылуын атап өтуге болады. Жаңа жобалар өнеркәсіптегі өсімнің 10 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Инвестициялық жобалар аясында 2 800 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ пилоттық режимде үш шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылу үстінде. Саранда тұрмыстық техника бөлшектерін шығаратын OptimTech алаңы құрылады. Қарағандыда Exim Star Kazakhstan және «Строй Сервис Караганда» кешендері салынып жатыр. Мұнда металл өңдеу, резеңке-техникалық бұйымдар, тұрмыстық химия, металл конструкциялары және құрылыс материалдары өндіреледі.

Әрине, бұл өнідіріс ошақтарында жұмыс істейтін кадр керегі белгілі. Бұл орадай Президент бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асқан ауқымда жобалар өз септігін тигізіп отыр. Мәселен биыл жұмыспен қамту басқармасының мәліметі бойынша 2025 жылы өңірдегі кәсіпорындарға кемінде 2017 білікті жұмысшы қажет болды. Ал 17 инвестициялық жоба аясында ашылған жаңа кәсіпорындарда 2700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Кадр тапшылығын жоюға өңірдегі университеттер де атсалысып отыр. Мысалы корпоративтік университет пен «Қазтехна» зауыты арасында 2030 жылға дейінгі стратегиялық меморандумға қол қойылды. Мұнда көлікті жөндеу және қызмет көрсету мамандардын, дәнекерлеушілерді дайындауға баса назар аударылады. Сондай-ақ зауыт 160-тан астам грантты бөліп, облыстағы төрт жетекші колледжбен әріптестікті жолға қоймақ.

Бүгінде өңірдегі 52 колледждің 38-і дуальді оқыту жүйесіне көшті. Соның арқасында студенттер оқумен қатар, кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді.

Жалпы, өңір дамуы үшін мықты кадрлар керегі қашаннан белгілі. Аймақта бұл бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Келесі жылы да 20-ға жуық кәсіпорын жұмысын бастайды. Бұл с он мыңдаған адам екі қолға бір күрек табады деген сөз. Соның арқасында мыңдаған отбасы тұрақты табысқа қол жеткізіп, ал еңбеккерлеріміз еліміздің ертеңі үшін тер төге бермек.

Манас АҚСАРЫ