Психология – адамның жан дүниесін танып, оның болмысын түсіндіретін ғылым. Бұл ғылымға саналы ғұмырын арнау – терең біліммен қатар, қайсар жүрек пен шексіз жауапкершілікті де талап етеді. Осындай білім мен парасаттың, ізденіс пен табандылықтың, ғылым мен ұстаздықтың жарқын үлгісі – Бибісара Әубәкірқызы Әмірова. Биыл халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ғалым, профессор, ұстаз мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Қазақ психология ғылымы – терең тамырлы, бірақ ұзақ жылдар бойы тасада қалған күрделі тарихи жолға ие. Сол жасырынған тарихтың үнін қайта жаңғыртып, ұмытылуға айналған тұлғалардың еңбегін жаңа ғылыми айналымға енгізу – тұтас ұлттың алдындағы жауапты міндет. Бұл бағытта профессор Бибісара Әубәкірқызы Әмірованың Сәлкен (Мұхаметсалық) Балаубаевтың өмірі мен мұрасын зерттеген іргелі монографиясы – қазақ психологиясы тарихындағы ең салмақты еңбектердің бірі. 1997 жылы Бибісара Әубәкірқызы ойда-жоқта қоқыс жәшігінің жанында парақтары шашылған «Психология» оқулығын жинап, авторын іздеуден басталған қызығушылық уақыт өте үлкен ғылыми зерттеуге ұласты.
Ғалым «Аты – аңыз, өмірі – өнеге: ғалым, психолог Сәлкен Балаубаев» монографиясын дайындауға 20 жылдан астам уақытын арнады. Бұл – тарихи тағдыры ауыр, өмір жолы өнегеге толы тұлғаны халқымен қайта қауыштырған еңбек.
Салкен Балаубаев – халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі. Ақын, педагог, психолог, аудармашы, Алаш зиялыларының серігі, қазақ психологиясының негізін қалаушылардың бірі. Ғалымның өмір жолы – қуғын-сүргін, жоқтау, күрес пен ерліктің қатпарлы тарихы. Оның көптеген қолжазбалары 1937 жылғы тұтқындау кезінде жойылып кеткені белгілі. Сондықтан Балаубаев туралы материал жинау – бір күннің емес, 20 жылдың еңбегі. Қазақтың қоғамдық ойы, педагогикасы мен психологиясының тарихында есімі алтын әріппен жазылуға тиіс тұлғалар бар. Солардың бірі – Сәлкен Балаубаев. Оның ғұмыры – тағдыр тәлкегіне мойымаған асқақ рухтың, ғылымға адалдықтың, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі.
Бұл монография – тек бір тұлғаның ғылыми жолын сипаттайтын еңбек емес. Ол – ұлт руханиятының ХХ ғасырдағы күрделі кезеңдерін, ғылыми ойдың қалыптасу жолдарын, қуғын-сүргін жылдарының төндірген қасіреті мен сол қасіреттен туған қайсарлықты жан-жақты терең талдаған тарихи-ғылыми зерттеу. Монографияның ғылыми құндылығы – Сәлкен Балаубаевтың өмірбаянын қарапайым хронологиялық тізбек ретінде емес, ұлттық психология мектебінің қалыптасу эволюциясы контекстінде қарастыруында.
Балаубаевтың абақтыдағы жылдарында адам жанына демеу бола білген психологиялық практикалары, тұтқындар арасында «академик» атануы – монографияда аса нәзік ғылыми-публицистикалық тілмен берілген. Бұл – психологияның практикалық қырын, гуманистік миссиясын ашатын сирек материал. Монография оқырманды ғылыми дерекпен ғана емес, ұлттық тарихтың рухымен, адам тағдырының салмағымен, қазақ ғылымының қалыптасу кезеңіндегі тар жол, тайғақ кешумен таныстырады.
Өткен ғасырдың ең ауыр кезеңдерін бастан өткерсе де, Балаубаев тұлғасы бүгінгі ғылымға да, ұлттық руханиятқа да қызмет ететін мұра қалдырды. Оның ойлары, еңбегі, тәлімдік тұжырымдары – психология ғылымының Қазақстандағы қалыптасу кезеңінің темірқазығы. Сәлкен (Мұхаметсалық) Балаубайұлы 1900 жылы Ақмола өңіріндегі қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген.
Жастайынан білімге құштар, елдік мұратқа адал жас талант қоғамдық жұмыстарға ерте араласып, Ақмоладағы «Жас жүрек» ұйымын құрып, жастарды ағартушылыққа, мәдениет пен өнерге тартты. Бұл – Сәкен Сейфуллин бастаған «Жас қазақ» ұйымының бөлімшесі еді. Осындай ортадан шыңдалған Сәлкеннің болмысынан креативтілік, ұйымдастырушылық, ұлтжандық айқын көрінді. 1920 жылдардың ортасында Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, кейін психология-педагогика факультетін үздік бітіруі – оның ғылым жолындағы алғашқы биігі болды. Осы кезеңде Балаубаев қазақ қоғамының дамуы үшін психология ғылымының қаншалықты маңызды екенін терең түсінді. Балаубаев – қазақ психологиясының негізін қалаушылардың бірі.
Оның А.Темірбековпен бірігіп жазған «Психология» оқулығы (1966) – ұлттық тілдегі алғашқы психологиялық еңбектің бірі. Оқулықтағы ойлар – баланың дамуы, танымдық процестер, еңбек тәрбиесі, құндылық бағдарлары жөніндегі терең ғылыми толғамдар. Оның әдістемелік еңбектері ішінде ерекше құндысы – Бине-Симон тестін Орта Азия балаларына бейімдеуі.
Балаубаевтың шығармашылық қыры – бөлек әлем. Ол – «Бостандық туы», «Еңбекші қазақ», «Коммунизм таңы», «Советтік Қарағанды», «Мәдениет және тұрмыс» газеттерінде жарияланған өлеңдер мен публицистикалық мақалалардың авторы. Оның аудармалары – психологиялық нәзіктікті, адам жанының қыртыс-қабаттарын терең сезінген шеберліктің белгісі. Лермонтовтың «Демон», Распенің «Мюнхаузен оқиғалары», Куприн әңгімелері, түрлі халық прозалары – қазақ оқырманына ана тілінде жетуіне Балаубаев орасан зор еңбек сіңірді. 1938 жылы Сәлкен Балаубаев «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, он бес жылға созылған ауыр тағдыр жолына түседі. Түрме, ауыр еңбек, аш-жалаңаш өмір – оның рухын жасыта алмады. Ол тұтқындарға көңіл демеу болып, релаксациялық әдістер, психологиялық қолдау тәсілдері арқылы жанындағыларға рух берді. Қамаудағылар сондықтан оны «академик» деп атаған. Сол жылдары оның көптеген ғылыми еңбектері, қолжазбалары, зерттеу материалдары өртелген. Бұл – қазақ ғылымының орны толмас шығыны. 1956 жылы толық ақталғаннан кейін ғалым Қарағанды педагогикалық институтында психология және педагогика кафедрасын басқарды. Аспиранттарға жетекшілік етті, жаңа зерттеулер жазды, ұлттық психология мектебін қалыптастыруға күш салды.
2001 жылы ғалымның есімін жаңғырту мақсатында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Сәлкен Балаубаевтың атындағы дәрісхана ашылды. Балаубаевтың өмір жолы мен шығармашылығы – тек өткеннің тарихы емес. Ол – бүгінгі психология ғылымының, ұлттық педагогиканың, тұлғалық даму психологиясының идеяларымен үндес тұлға. Сәлкен Балаубаев – тағдыр тәлкегінде қайсарлық танытып, қуғын-сүргінге қарамай ғылымнан бас тартпаған, елдің рухани болашағы үшін қызмет еткен ғалым.
«Аты – аңыз, өмірі – өнеге» монографиясы тек тарихи зерттеу ғана емес, сонымен бірге адам рухы мен интеллектуалды күшінің манифесі. Ол психологтар мен педагогтерге ұлттық бағыттағы ғылыми мектепті дамыту үшін практикалық маңызы бар құрал. Биыл Сәлкен Балаубаевтың туғанына 125 жыл. Сәлкен Балаубаевтың осы монография беттерінде қайта жаңғырған өмірі – патриотизмнің, табандылықтың және білімге деген адалдығының үлгісі. Қазіргі жастарда Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтқа деген адалдық және ғылымға деген құштарлық сияқты қажетті адами қасиетті қалыптастырады.
Сәлкен Балаубаев – қазақ психологиясының темірқазығы болса, Бибісара Әубәкірқызы Әмірова – сол мұраны жаңа ғасырда жаңғыртып, ғылыми биікке көтерген ғалым. Бұл монография – ұлттық ғылымның алтын қорында сақталатын сүбелі еңбек.
Дыбыс ЖАНСЕРІКОВА,
психология ғылымдарының кандидаты, профессор ассистенті
