Ақпарат саласының ақмылтықтары

Дамыған демократиялы елдерде заң шығарушы, атқарушы, сот органдарынан соң журналистиканы төртінші билік деп таниды. Яғни, төртінші билік – өркениетті елдер оқығандарының журналистикаға берген әспетті бейресми атауы деуге әбден болады. Бізде де солай деп есептейік. 

Алда қалам ұстағандардың мерекесі келе жатыр. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің мерекесі осы айдың соңғы жексенбісіне шегеленген. Бұрыннан бері санаткерлерді тәрбиелеушілер, елжанды ұрпақты қалыптастырушы осылар. Қазір әлеуметтік желі аттаны басталғалы ептеп басқаша сипат алғанымен, негізгі нұсқа (дәстүрлі журналистика) құрдымға кетті деп айта алмаймыз. Қаламға сүйенгендердің қадірі қашанда биік, алайда әріп тергеннің бәрі алда деген сөз емес, әрине. Мемлекеттік БАҚ-қа қызмет ететін журналистер былай қалып, биліктің астауына иек артқан блогерлер шықты. Сәл ертеректе «нұрботтар» дейтін. Қазір жаппай блогер деп атай береді. Ресми БАҚ-та істейтіндердің ажары ашық, бағыты да белгілі еді. Төртінші биліктің тұтқасын тұтқан бейресми БАҚ өкілдерінің ұстанымдары тайға таңба басқандай айқын еді, ал мыналарды түстеп танудың өзі қиын. Бірде былай, бірде олай. Оларға ортақ мереке дей аламыз ба бұл күнді. Жоқ, әрине. Дәстүрлі жолды ұстаған журналистер қауымының жыл он екі айда бір келетін тойының шырқын бұзғымыз келмейді ғой. Журналист деген жалғыз ауыз сөз естілгенде, ел шындықтың, әділеттің төбесі көрінгендей елеңдейді. Сол қасиетті жоймай келе жатқан даңғылдар баршыдық әлі. Елімізде журналист мамандығын даярлайтын жетекші оқу орындары жетерлік. Алдыңғы үштікке Қарағанды ұлттық зерттеу кіретінін бүгінде мақтанышпен айтуға тиіспіз.

Ғаламтордың да, телеарналар мен газеттердің беті де мылтықсыз майдан десе болғандай. Әр ақпараттың соңынан белгілі бір пиғыл қылаңдайды. Ал, ақпараттық майдан дегенде, әуелі тіл ұшына журналистер оралатыны мәлім. Сондықтан, жуық арада журналистердің қолындағы төртінші билік ілгерілемесе, құлдырай қоймайды. Төртінші билікті тізгіндегендердің қоғамдық қана емес, ғаламдық ықпалын енді сіз осыдан-ақ пайымдай беріңіз. «Ел болам десең, экраныңды түзе» деп жазды бір кезде білімділер!

Баста ми қолда малға талас қылған» (Абай) заман бүгін ғана емес, тым ертеректе туған. Біреудің қолындағысына иелік ету үшін оның ақыл-ой, сана-сезімін билеу керек. Ал, адамның күллі іс-әрекетін басқарушы бұлар миға тәуелді. Баланың туабітті мінезінен бөлек, ми – көру, есту арқылы қалыптасады да, күллі өмірінің бағдарламасы сонда құрылады. Тәрбие, идеология дегендер осы жерден шығады. Мұның бәрі ақпараттың жемісі. Идеология жүрген жерде мемлекет немесе ұлт деген ұғым қоса аталады. Бүгінде қарап отырсақ, бірде-бір мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарынсыз құрылмапты және құрылмайды да. Франция, Англия елдеріндегі ең алғашқы газеттер сол кездегі үкіметтің қарар-жарлықтарын түсіндіру мақсатында ашылып, бірте-бірте бұқаралық сипат ала бастады. Ертедегі қазақ даласында ел аралап жүрген жыраулардың барлығы неге хан-сұлтандардың қасында «сарай ақыны» болды деп ойлайсыз? Біздің ұлттық журналистикамыздың қарлығаштары – «Түркістан уәлаяты» һәм «Дала уәлаяты» газеттері де генерал-губернаторлардың бағдарламаларын бастырудан бастап, кейін халық жағына шығып кетіп отырды. Ендеше, ең бірінші журналистен бастап, қазіргі журналистерге шейін мемлекеттік қызметте жүрген тұлға деп қабылдауға келіспей көріңіз?! Өйткені, жұрт ішінде қоғамдық сана қалыптастырып, мемлекеттік идеологияны насихаттаушылар – ақпарат саласының қызметкерлері. Шерхан Мұртазаның журналистің арқалағаны алтын дейтіні сондықтан шығар.

Журналистер күні – жай ғана кәсіби мереке емес, сөз бостандығы мен қоғамдық жауапкершіліктің, шындықты іздеу мен ақиқатқа қызмет етудің маңызын айшықтайтын ерекше күн.

Қоғамдағы кез келген өзгеріс, ел өміріндегі елеулі оқиға ең алдымен журналист назарынан өтеді. Өндіріс ошағындағы жаңалық, ауылдағы ағайынның мәселесі, білім мен мәдениет саласындағы жетістік, қарапайым еңбек адамының тағдыры – мұның бәрі журналистің қаламы арқылы көпшілікке жетеді.

Журналистің міндеті – тек ақпарат тарату емес. Оның ең басты парызы – қоғамға пайдалы, шынайы әрі сенімді ақпарат ұсыну. Себебі бір ғана мақала, бір ғана сұхбат немесе бір ғана репортаж кейде үлкен қоғамдық пікір қалыптастырып, маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал етуі мүмкін.

Облыстық басылымдардағы журналистердің орны ерекше. Өйткені өңір журналистикасы – халықтың күнделікті өмірімен етене байланысты. Аудан мен ауылдың тынысын, жергілікті азаматтардың жетістігін, елдің мұң-мұқтажын кеңінен көрсету арқылы олар аймақтың ақпараттық шежіресін жасайды.

Журналистер күні – осы жауапты жолды таңдаған барша қаламгерге құрмет білдіретін күн. Бұл күні ел мүддесін биік қоятын журналистер еңбегі тағы бір мәрте бағаланады.

Ел мен жердің жағдайына алаңдап қалам көтеріп, микрофон ұстайтын журналистер қатары көбейсін һәм жасай берсін!

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ