Жыл сайын көктем айында Қарағанды қаласындағы Қазыбек Нұржанов атындағы спорт манежінде батырдың есімін ұлықтау мақсатында жеңіл атлетикадан жарыс өткізіледі. Кей жылдары Белорус мемлекетінен сайыскерлер келетіні бар, олар да мақсатты түрде өз елінде жарыс өткізуді ұмытпайды екен, біздің қарағандылықтар да барып қатысып жүрді.
Облыс көлеміндегі спорт жанкүйерлері, батырдың жақындары жиналатын тамаша бір сәттер әлі де көз алдымызда. Осы додаға арнайы шақыртумен спорт жанашыры Сәбиғолла Әлкейұлы Әлкеевтің үнемі қатысатыны бар, жеке-жарым келмейді, жанында өзінен аумайтын немересі болады. Спортқа бейім тығыршықтай ғана жасөспірімнің жарысты қызықтауға ғана емес, бағын сынауға келетінін білгенде шын жүректен қуандық, атасының тәрбиесі дарығандығына кәміл сендік. Келесі бір жарыс алдында Шет ауданының «Құрметті азаматы» Бәкіров Әділ Қадырұлының бата бергенінің куәсі болдық. Ақсақалдың батасы қабыл болды, Сәбиғолла немересі топ жарып, жарыс төрінен көрінді. Сол кездегі «Көкбөрі Керней баба» ҚҚ қорының президенті Т.Майбас қор атынан сыйлық табыстады.
2003 жылы баба ұрпақтары ас беру қамына кірісіп, әр елді мекендерде құрылтай өткізді, қор құрды, ас өткізу жөнінде бірнеше комиссия құрып, елдің белсенді азаматтарын тартты. Соның ішінде марқасқалардың ішінде Сәбиғолла Әлкейұлы жүрді, жай ғана бас көрсетіп жүруді мақсат тұтпады, үлкенге жол беріп, кішіге жол сілтей алатын кішіпейілдігімен өнеге көрсетті. Арада жиырмадан астам жыл өтседе, сол қалпынан таймады, қатардан қалмады, сексеннің сеңгірінен асса да, Ақжал кентінде қанша жиын болса, соның бәріне қатысуды мақсат тұтты, ақсақалдық құрметін ел көрді. Ас барысында спорттық жарыстардың бас төрешісі болды, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді. Еңбегі зая кетпеді, күі бүгінге дейін ақыл сұрап келетін әріптестері жетерлік, кеңес беруден жалыққан емес, білгенін өзінде сақтамайтын ақкөңілдігі тағы бар.
Сәбиғолла ағамыз спорт төріне кездейсоқ келген адам емес. Мектепте оқып жүргенде-ақ спортқа деген бейімділігімен көзге түсіп, сан рет аудандық олимпиядаларда үздіктер қатарынан көрінді. Алғашқы еңбек жолын механизаторлықтан бастады. Сол кезден бастап палуандық даңқы шыға бастады. Әскер қатарында жүргенде спортты жан серігім деп қабылдады, қолы бос кезінде жаттығудан жалыққан емес. Айналып келгенде, осы жолды таңдады, білімін осы салада жалғастырды, оқуын бітіріп, Қарағайлы поселкесіндегі орта мектепке денешынықтыру мұғалімі болып орналасты. Мектепке келіп жас жеткіншектерді спортқа баулыды, жарыстарға апарды, өзі де жарыстан бас тартпады, талай рет жеңімпаз атанып, мерейі өсті. Мектепте күрес секциясын ашты, жаттықтырушы қызметін атқарып, күреске бейімі бар балаларды күрестің қыр-сырына, әдіс-айлаларына қанықтырды, жалықпады, уақытпен санаспай, спорт залынан шықпады. Нәтижесінде осы мектептен талай спорт саңлақтары шықты, мектеп басшылығы да, ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл жас маман үшін үлкен абырой, оған білдірілген зор сенім болатын.
Өмір қашанда бір орында тұрған емес, абырой биігінен көрініп жүрген жерінен Целиноград қаласына қоныс аударуға тура келді, кооператив техникумында жұмысын жалғастырды. Мұнда да сол жұмыс, жастармен жұмыс істеу, оларды жаттықтыру ісі жалғасын тапты. Талапты, жігерлі жас мұнда да еңбекқорлығымен көзге түсіп, талай спорт саңлақтарының бағын ашты. Жас жаттықтырушының даңқы республикакөлемінде танымал бола бастады. Көптеген өңірлерден шақырту түсіп, талай қызмет те ұсынылды. Ойлана келе, Қарағандыға баруды қолай көрді, «Еңбек» спорт қоғамына нұсқаушылық қызметке орналасты. Бұл кезең тәжірибе жинақтап, спорт саласында белгілі бір биіктікке жеткен, сөзін тыңдата алатын, көпшілік жиналған жерде пікір айта алатын, ақыл-парасатын көңіл таразысына салып қимылдайтын шаққа жеткен кезі болатын. Сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан әдептіліктің, ізеттіліктің өнегесі байқалып тұратынын басқалар да мойындаған, өмірдің асқаралы асуларынан сүрінбей келе жатқанына ағайындары да шүкіршілік ететін. «Ердің бағасын ел береді» демекші, адал еңбегімен шынайы жетістікке жетіп жүрген Сәбиғолла Әлкейұлына «құда түсушілер» аз болмады.
Қаладағы Октябрь ауданының «Еңбек» спорт қоғамының төрағалығына шақырылды. Қызмет өскен сайын жауапкершіліктің де жоғарылайтыны белгілі. Бұл қызметте де адамгершілік арына дақ түсірмеді, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қордаланып қалған талай түйткілді мәселелрді есік тоздырып жүріп шешіп жүрді. Барған жерінде құр қол алақан жаймайтын, барған шаруасының маңыздылығын түсіндіре отырып, оңтайлы шешу жолдарын қоса қарастыратын. Қазақ жігітінің батылдығы, жанашырлығын жоғары бағалаған спорт саласындағы басшылар оған құрметпен қарайтын. Жасыратыны жоқ, ол кездегі басшылардың барлығы дерлік өзге ұлт өкілдері болатын. Көзінен ұшқын атқан жас жігіт сонда да тайсалмаушы еді. Соның арқасында көптеген қаракөздеріміз спорт айналасына жинала бастады. Сәбиғолла ағаның іскерлігі, талапшылдығы арқасында Қарағанды спорты алға басты, үлкен додаларда үлкен жетістіктерге жеткен көрсеткіштері баспасөз беттерінде жарияланып жатты. Сарғайған газет беттерінен сол кездің қуанышты хабарларын көптеп оқуға болады.
Өтірігі жоқ, ол кез адамды біліміне, еңбегіне қарай бағалайтын заман еді. Ешкім қызмет сұрап төмендемейтін, әркімнің қызмет бабында өсетін кезегі болатын және ол жариялылық түрде жүргізілетін. Сондай күндердің бірінде Қарағанды облыстық спорт комитетінің төрағасы Ғ.Жарылғаповтан ұсыныс түсті, «Кешенді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде» директорлық орын босаған екен. Бірақ талапкер көп, бағы жанған басшы орындығын иемденбекші. Азуын айға білеген басқа ұлт өкілдері тағы бар. Ата-баба әруағына сиынып, додаға қатысуды жөн деп тапты. Өз ісінің ақтығын біледі, көрсеткіштері елдің көз алдында, адам баласына қиянаты жоқ, алғаны тек алғыс. «Аққа құдай жақ» деген, тасы өрге домалап, спорт мектебінің креслосына отырды. Міне 40 жылдан асты, мектеппен байланысы үзілген емес.
Қарағанды спортының дамуына ерекше еңбек сіңірген азаматтардың бірі Сәбиғолла Әлкеев дегенді спорт маңайында жүрген мамандар жиі айтады. Қазіргі таңда 80-нен асқан ақсақал өзінің саналы ғұмырын жас ұрпақты спортқа баулуға, салауатты өмір салтын насихаттауға арнаған. Көшбасшылық қасиетімен танылған басшы Сәбиғолла аға ұзақ жылдар бойы Қарағанды қаласындағы жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. Оның басшылығы кезеңінде мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы нығайды. Бұрын-соңды болмаған спорт залдары жөнделіп, жаңа жабдықтар алынды. Бұл өз кезегінде жаттығу процесінің сапасын арттырды. Екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде бірдей жұмыс жүргізіп, қаладағы көпұлтты ортада ынтымақ пен татулықты, тең дәрежелі мүмкіндікті қамтамасыз етті. Шын мықтыны шыңдаған ұстаз Сәбиғолла Әлкеевтің тұсында самбо, таэквондо, дзюдо сынды күрес түрлерінен талай чемпион өсіп шықты. Мектепте еңбек еткен 36 жаттықтырушының шәкірттері әлемдік ареналарда жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл – тек ұжымның ғана емес, осы ұжымға бағыт берген, жол сілтеген көшбасшы Сәбиғолла ағаның қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Облыстық туризм және спорт комитетіне қарасты балалар мен жасөспірімдер мектебі спорттық жеке сайыстың бокс, кикбоксинг, дзюдо, самбо, қазақша күрес, таеквандо ВТВ түрлерін біріктіре отырып жұммыс жасау барысында көптеген спорт жұлдыздарын дайындап шығарған. Атап айтқанда, кикбокстан Әлем чемпионатында WPKA версиясының жеңімпазы М.Разақ, күміс жүлдегер А.Сембаев, Грекияда өткен Әлем чемпионатының алтын жүлдегері Г.Попов, Таразда өткен ҚР чемпионатының жеңімпазы В.Курлюк, бокстан Х Әлем Кубогындағы ұлттық құрама командаға ұпай еселеген Г.Головкин, әлем чемпионатының және 2002 жылғы әлем Кубогының жүлдегері П. Сторожук, кикбоксшылар Р.Парманов, В.Мальцев, Т.Досжанов, Г.Папу,Р.Кенжебеков, Р.Ахметов, дзюдошылар И.Семенюк, М.Нұғыманов, самбошылар Р.Каппис, С.Сенин тағы басқалар.
Ол үнемі жаттықтырушылар мен оқушыларға: «Спорт — тек дене шынықтыру емес, бұл — тәртіп, төзім, табандылық мектебі» – деп айтып отыратын. Өмірі — өнеге, еңбегі – ерен Сәбиғолла Әлкеев — Қарағанды спортының тарихында ойып тұрып орын алатын тұлға. Ол тек директор емес, тәрбиеші, ұйымдастырушы, қамқор басшы болды. Жаттықтырушылар мен шәкірттер оның қарапайымдылығын, әділдігін, жұмыстағы талапшылдығын ерекше бағалайды. Бүгінде ақсақалдық жасқа келсе де, Сәбиғолла аға спортты сырттай бақылап, кеңесін беріп, жастарға жол көрсетіп келеді. Ардагер ақсақал — ел үшін еңбек еткен ер, қазақ спортының шын жанашыры. Оның еңбегі – тек Қарағанды қаласының емес, бүкіл елдің спорт саласына қосылған зор үлес. Ұлттың рухын көтеретін спорттың іргесін бекіткен осындай азаматтар мәңгі құрметке лайық.
Спорт саласындағы табандылығы мен іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ҚР-ндағы дене тәрбиесі мен спортқа сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» төсбелгісімен марапатталды. «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы бар. 2005 және 2015 жылдары ұйымдастырылған Көкбөрі Керней баба асында спорт жарыстарының бас төрешісі болды. Жаз айында Елордада Спорт күніне орай отандық спорт ардагерлері мен мамандарының басын қосқан алғашқы республикалық форумға құрметті қонақ ретінде шақырылды. Форум барысында ҚР туризм және спорт министрінің қолынан «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін алды. Мұндай құрмет республика бойынша бес адамға ғана көрсетілген болатын.
Сәбиғолла Әлкеев — бүгінде аттан түспеген спорт ардагері, қанша атаққа ие болып жатса да, қарапайым қалпын жоғалтпаған ел ақсақалы.
Аңғар СМАҒҰЛ
