Қарағанды облысында туризмді дамытамыз деп жатыр, бірақ, біраз мәселе қамтылмаған. Тек жазғы демалыс орындары ғана қонақ күтеді. Дегенмен, таудағы туризм, археологиялық туризм ақсап тұр.
Туризм саласын дамытамыз дегенімізге бірнеше жыл болды. Алайда қыруар қаржы бөлінгенімен іс алға жылжитын түрі көрінбейді. Өйткені, бізде жазғы туризм ғана бар деп ойлаймыз.
Нақтылап айтсақ, тек қана Балқашқа қаржы құйылуда. Өйткені жазғы маусымда келетін қонақтар қарасы қалың. Сонымен қатар, Қарқаралы дейміз. Басқа аймақтар туризмнен тыс қалуда.
Археология атасы Әлкей Марғұланның жетекшілігімен ашылған Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп көп айтамыз. Дегенмен, осы Беғазы-Дәндібай мәдениетін өркендеткен тайпалар батысында Ұлытау, шығысында Абыралы, Шыңғыс таулары, оңтүстігінде Жетіқоңырдан Ертіс бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Қаракеңгір өзендері бойлары мен Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы кең жазықтарды қоныс еткенін біле тұра сол жерлерге археологиялық туризмді дамыта алмай отырмыз.
2016 жылы қазақ даласынан алғаш табылған дала пирамидасы – «Беғазы-Дәндібай» мәдениетінің ерекше бөлшегі.
Бұл – осы Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Талды елдімекені жақтан табылды. Біздің заманымызға дейінгі 14-13-ші ғасырларға тән қорым пирамидалық үлгіде салынған. Қабырғасы – қатар-қатар алты қабат. Ерекшелігі де сонда. Ғалымдардың дала пирамидасы деуінің бір себебі ғана бұл. Ұзындығы мен ені – бірдей, 15 метрден асып жығылады.
Басында жарнамасы жақсы болғаны сол, алыс-жақын шетелден көруге асыққан меймандар даланың шаңына, жолдың жоғына қарамай Талдыға қарай ағылды.
Содан бері 8 жылдан асты сол жылы көптеген шетелдік келіп көрді деуден аспай отырмыз.
Қарағанды облысын жері де басқа аймақтардағыдай тұңып тұрған тарих.
Осындай туристтік карта құрылғанымен іс шала.
Бір қызығы туристтерді тарта алатын тауларымыз жете тұра, спорттық туризмге де ат басын бұрар емеспіз.
– Бес жыл бұрын «Созвездие» деген клуб аштық. Ал спорттық туризммен Қазақстанның осы туризм түрінен жеңімпаз болған Байкенова Айнұр екеуіміз 2007 жылдан бері айналысып келеміз. Негізі , біз өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы адамдарды тартамыз. Осы уақытқа дейін, аймақта осы туризмнің түріне мән берілмей келеді. Бізде де альпинизмді дамытуға болар еді. Мысалы, Бұғылы, Бектауата, басқа да таулар жетерлік. Табиғаты да сұлу. Қарқаралы туралы айтпасақ та болды. Бәрі біледі. Спорттық туризмге тауға шығу, жүгіру, экологиялық сенбіліктер ұйымдастыру жатады, – дейді «Созвездие» клубының жетекшісі Айгерім Аймақова.
Әйгерім Аймақова бастаған «Созвездие» клубының жастары Қарағанды облысының туризм саласының дамуына үлес қосып келе жатқан жоба. Мұнда өлкенің жаңа жерлерін көруге қызығушылық танытушыларға арнайы жасақ құрылып, көптеген Қарағанды облысының қызықты жерлеріне барады. «Созвездие» жобасы табиғи көздер мен кэмпингтерді қоқыстан тазарту бойынша әлеуметтік шараларды ұйымдастырады.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта команда табиғатта мерекелер, тимбилдингтер және туған күндер ұйымдастырумен де айналысады. Жобаның тағы бір ерекшелігі – мұнда алғашқы медициналық көмек берудің түрлі әдістері үйретіледі. 2017 жылы қатысушылар ZhasProject жобасында 1 000 000 теңге грант ұтып алып, «Пешком по родным просторам» деп аталатын жобасын ашты, кейін әлеуметтік жобадан толыққанды жеке бизнеске көшті.
Бұл бір ғана жобаның жетекшілерінің құлшынысы.
Дегенмен, осындай жобаларға мемлекеттік қолдау болмай тұрғаны да бар.
– Айттым ғой елімізде туристерді қызықтыратн жерлер көп деп. Соған да мемлекет, облыстың кәсіпкерлер, туризмге қатысты және де жастар басқармалары іштартса. Бізде аянып қалмай өз білгенімізді үйретер едік, –Айгерім Аймақова.
Әрине, елімізде туризмге тарту үшін, жаға нысандар салып, көтермелеуге бюджеттен жақсы қаржы бөлінуде. Бірақ, қайтарымы бар ма? Біз тек көл жағасына келіп шомылып, демалып кетуді ғана туризм деп ойлаймыз. Дегенмен, жоғарыда айтылған таудағы туризм, археологиялық туризмді де дамытуымыз керек. Туризмдегі этносаяхат, велосаяхат, атқа мініп саяхаттау сыңды басқа да түрлерін ұмытпауымыз керек.
Әйтпесе, ақша бөлінді екен деп, өзіміз атқа мініп алып шаба бергеніміз дұрыс емес, ау?!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ