Абай рухына тағзым еткен республикалық айтыс

Абай қаласында ұлы ойшыл, хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй…» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Ел руханиятына серпін берген бұл жыр додасына еліміздің әр өңірінен оза шапқан он ақын қатысып, қазақтың ұлы мұрасы мен Абай әлеміне терең бойлады.

Айтыстың шымылдығын Абай ауданының әкімі Сәбит Темешұлы Оспанов пен Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжановтың жүрекжарды лебіздері ашты. Айтыс басында сөз өнерінің абызы, айтыстың ақсүйегі Жүрсін Ерманға ел құрметі көрсетіліп, иығына шапан жабылып, астына тұлпар мінгізілді.

Сондай-ақ елге сыйлы азамат, ақын жанашыры Жеңісбек Жәнібек ағамыздың бастамасымен Жүрсін Ерманға, жыр саңлағы Айтбай Жұмағұловқа және қазылар алқасының мүшесі, ақын Дидар Қамиға жүйрік тұлпар тарту етілді. Бұл – ұлттық өнерге, ақындық дәстүрге деген шынайы тағзым, рухани сабақтастықтың айқын көрінісі.

Сахна төрінде сөз маржанын төккен он ақын – Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды), Рүстем Қайыртай (Абай облысы), Еркебұлан Қайназар (Астана), Дидар Қами (Қарағанды), Алтынгүл Қасымбекова (Тараз), Талғат Мықи (Орал), Қалижан Білдәш (Шымкент), Мұқтар Әділ (Қарағанды), Шынарбек Тұрсынұлы (Алматы) – ел мен жер тағдыры, рухани тұтастық, Абай мұрасы хақында тереңнен толғап, тыңдарманды тәнті етті.

Айтыстың әділ қазылар алқасына Жүрсін Ерман төрағалық етсе, құрамында танымал қаламгерлер мен өнер өкілдері – Қойлыбай Асанұлы, Азат Бабашов, Серікзат Дүйсенғазы және сарапшы Өміржан Көпбосын болды.

Нәтижесінде, бас жүлде жерлесіміз Айтбай Жұмағұловқа бұйырып, ақынға су жаңа автокөліктің кілті табысталды.

Сонымен қатар, жүлделі  I орын – Рүстем Қайыртайға (2 000 000 тг), II орын – Еркебұлан Қайназар (1 500 000 тг), Бекарыс Шойбековке (1 500 000 тг),  III орын – Қалижан Білдәш (1 000 000 тг ), Дидар Қамиға (1 000 000 тг ) бұйырды. Қалған ақындарға да ынталандыру сыйлықтары табысталып, өнерлері ескерусіз қалмады.

Айтыс соңында барлық қатысушыларға Абай Құнанбайұлының бейнесі бейнеленген арнайы естелік статуэткалар табысталып, құрмет көрсетілді.

Бұл дүбірлі айтыс – Абай рухына тағзым етіп, ұлттық өнерімізге деген ел ықыласының жарқын көрінісі ретінде ел жадында ұзақ сақталмақ.

Диляра АРҒЫН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *