«Абайдың ақтарған соң мұрағатын…»

Хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Жазушылар одағының Қарағанды облыстық өкілдігі ұйымдастырған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты облыстық ақындар мүшәйрасының қорытындысы туралы өткен нөмірде жазған едік.

Жыр бәйгесін Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы ашып беріп, Алаштың ардакүрең ақындары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, филология ғылымдарының докторы, ақын Қойлыбай Асан қазылық еткен.

Жалпы мүшәйраға 24 ақын қатысып, 7 ақын жүлдегер атанды.

I орын – Бағдат Мүбәрак.

II орын – Таңсәуле Әгенқызы.

III орын – Дәуренбек Бұланбаев, Ерболат Қуатбек.

Дәулет Ырысбайұлы атындағы сыйлықты Саят Тұяқбаев, Қайрат Асқаров атындағы сыйлықты Мақсат Күземхан, Сәттібай Жүнісов атындағы сыйлықты Ерік Нарын иеленді.

Енді сол жүлдеге ие болған ақындардың өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

Редакция

Бағдат МҮБӘРАК. Ақынға арнау

Абайдың ақтарған соң мұрағатын,

Ешкімнің мінген жоқпын сұрап атын.

Одан кейін шықса да ғажап ақын,

Одан кейін туған жоқ ғұлама ақын.

Қаша алмай Жаратқанның қалауынан,

Ойланса – тәні сыздап, жаны ауырған.

Атырау, Арқа, Алатау ышқынса да,

Асырып ұл таппады, Қарауылдан.

Рухани суарғанмен кәдең көпті,

Бағалай алдық па екен, бар еңбекті?

Қырықтан кейін жазған өлеңіңе,

Өреміз қырықтан соң әрең жетті.

Данышпан, бар болғаны әруақсың,

Әруаққа тиіскенді Тәңір атсын.

О дүниеде білмеймін, бұ дүниеде,

«Мыңмен жалғыз алысып» әлі жатсың.

Тау емес, тұтады екен төбені үлгі,

Кімге барып оқиын өлеңімді,

Тірісін атқаны мен сатқаны аздай,

Өлгенімен алысып не көрінді?!

Түртпектеп, бақ құсыңды қондырмайды.

Адамды, адам түсінбеу – ол бір қайғы.

Өмірде қазақ болсаң, қателеспе,

Қателессең, жабылып оңдырмайды.

Ырысын олай ұрлап, былай ұрлап,

Бір қауіп сездіреді, Құдай ымдап.

Мына жұрт ел бола ма, болмайды ма,

Бізде өтетін болдық-ау уайымдап.

Жақсының көбі кетіп азы қалған,

Жалған-ай, не шығады базынамнан?

Көмілген соң артыңнан көкіп сөйлеу,

Көріңнен бірдей шығар қазып алған.

Ақындардың сапары – күмәнді жол,

Түңілмей, беріп үлгер мұраңды мол.

Өлгеннен соң болады бәрі жақсы,

Тірлігіңде тек қана шыдамды бол!

 

Таңсәуле ӘГЕНҚЫЗЫ. Ақ кеменің – желкені…

(Абайды аңсау)

Көкірегімді тіліп өтті гөй, гөйің!

Жанарыма жас шыладым көлдейін.

Қызыл, жасыл ғарыштарды көрмейін,

Сенің мына жарығыңда сөнбейін.

Беу, жұлдызым беренім,

Сол жұлдызды тек түсімде көремін.

Ерке Ертістің толқынындай өремін

Өмірімде түстей болған өренім.

Өзегіме бір жетім мұң шегемін,

Қаламымның ұшында өшкін елеңің,

Бозала таң бойындағы боз жаңбыр,

Боздалада бошалаған өлеңім.

Өзгертеді сенің әлем – қаламың,

Өзгертеді өлеңнің де алаңын.

Жырларымды қамай-тұғын дара ағын:

Саған қарай ағып кетіп барамын.

Уа, пәни ұлы абызым сөкпегін,

Жыр жаңбырын төккен ғайып көктемім.

Ұлы Ертісте желең-желең өпкенім,

Ақ аламан, Алтай өңді – көкбөрім!

Уа, қарт Шыңғыс!

Ұлы ақынды сағынсам,

Ғафу еткін толқыныңа шағылсам,

Алтайынан аунап келген сағымдай,

Мөлдіреп кеп кірпігіңе тағылсам.

 

Дәуренбек БҰЛАНБАЕВ. ҚАЙРАН АБАЙ

Кір басса көңіліңді – қайдағы арай,

Біз осы іс қылдық па майдаламай?

Құнанбай бола алмаған кіл жаманнан,

Құдай-ау!

Қайдан тусын қайран Абай!

Кеудемді бір өкініш үңгиді нық,

Мәз болып масайрадық, күндей күліп.

Абайдың атын қойдық баламызға,

Абайдың затын әлі білмей тұрып.

Көзеге көңіл жасын құй, жасыма,

Тағдырдың кім жабысар бұйдасына?

Шіркін-ай!

Жауым болса Оразбайдай,

Мәрттігін үлгі етер ем кей досыма…

Болғанмен ақиқат пен ар ойыңда,

Ақылың керек пе еді ағайынға?

Бөріктің ішінде ғой, бас жарылса,

«Мұқырдың сайлауына» барайын ба?

Жылжып жыл, баяу басып ғасыр өтсін,

Бетіне шілтер жауып қасіреттің.

…Абайды қазағыма берген құдай,

Абайдың ақылын да нәсіп еткін!..

 

Ерболат ҚУАТБЕК. СӨЗ немесе АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

АБАЙ

Абай бол, сөзіңе!..

Көзді ашып жұмғанда сезінген, көрінген!

Нұр болып жүректен бөлінген.

Тер болып, жас болып төгілген,

Сөз – қуат, сөз күшті Өлімнен.

Абай бол, сөзіңе!..

Сөз өмір сүреді, өлмейді

Тудырып һәм сені жерлейді!

Түніңді, күніңді тергейді,

Алдаймын деп ойла сен мейлі

Абай бол, сөзіңе!..

Ол – Өлең, сен – Өлең, мен – Өлең!

Сонымен өлем не көгерем!

Абайды сол Қуат бөлеген,

Сол Қуат демеген.

Қарекет… тағдырың, ғұмырың,

Жүздесу… шыңырау, тұғырың.

Қайғы-мұң… жүзіңнің сынығы

Бәрі – Сөз, барлығы бір Ұғым!

Абай бол, сөзіңе!..

Ой – тілсіз, ой – мылқау демегің

Ең ащы дауыс, біл, ерек үн!

Жаныңның көз жасын «емеді»,

Көздеген бар мұрат, керегі.

Ой туған сәттерде Сөз жеңіп,

Өн бойын, тағдырың өзгеріп.

Жаныңмен, болмаса тәніңмен

тілдесер кез келіп,

Болмасын Нұрлы Ақыл лезде, ұмыт!

Сөзге айнал, сөзге айнал, Сен – Сөзсің,

Тағдырың, болмысын өзгерсін.

Мұны, жан, еш көрмеу, сезбеу – сын.

Жанымыз «Түнектен» емделсін.

Абай – Сөз, Ой – Абай, жан-дүнием!

Кең болып, кем болып тар, дүнием!

Қайрат бер, жүрекке Нұр төкші, мәңгі Ием!

Көзімнен ғайып боп барады бар Кием!

Ес кіріп дүние ескіріп,

Әу бастан Сөз екендігімді кеш біліп!

Абайдың жұмбағын шеше алмай, өшті Үміт!

Тағы бір ғасырға көшті Жұрт!

 

            Саят ТҰЯҚБАЕВ. Абайға…

Алқасын ойдың, арайдан тақтым,

Адассам  жолды, Абайдан таптым.

Қара сөзімен қабырғам қатып,

Қазына жырдан, талай дәм таттым.

Санамда сұр бұлт, сырғыды күз кеп,

Шыңғысқа шықтым, шындығымды іздеп.

Теңселіп кетсем, Жидебай жақтан,

Тұрамын жердің, кіндігін іздеп.

Туар ма ғасыр тұмаға тұнар,

Абайдай ұлы ғұлама туар.

Ақ қардай әппақ армандарымның,

Асқағы бар ма, бұдан артылар?!

Ұлығың ұсақ, тұлғалар майда,

Абайға тағы бір қарамай ма?!

Алшынбайлардай абызым кәне?!

Құнекеңдердей құлжалар қайда?!

Абайдың сөзін тағы алғам артып,

Адамды сүйем, адамнан артық.

Ертісті жырмен есіп өтейін,

Зілімді ішкі заманға артып.

Қалғанда қаңсып, қаламым құрғап,

Абайдан қуат, аламын тыңдап.

Тесік табуың қиындау қоғам,

Кетігін тауып, қалану тұрмақ.

Сәттермен сондай, сана күресті,

Шарасыз күйді, шанағым есті.

Өзгерісі жоқ, өгейлеу өмір,

Ескіміз – жаңа, жаңамыз – ескі.

Абайдай дана ізімен өрле,

Кірпігіме мұң, тізіле көрме.

Үзілген Әзім әңгімесіндей,

Үмітім үлбір, үзіле көрме.

Күйбең өмірдің, шідері тұсап,

Жартасқа бардым, жүдеді құшақ.

Өкпемді өксіп, өлеңмен өргем,

Сегіз аяқтың сілемі құсап.

Тағдыры тынып, тарқатылыстың,

Тараттым шерін, тарқатып іштің.

Топырағы тағы, толғатар ма екен,

Алыптар туған, Арқа-Шығыстың?!

 

            Мақсат КҮЗЕМХАН. Һәкім

Киіле жаздап зағиптің кебі,

Болып та көрдік әр иттің жемі.

Кешегі берік іргені сипап,

Еседі келіп тарихтың желі.

Абайды біліп хат танығанда,

Көсем қып рухқа аттадық алға.

Өз итің үріп, қапқаны сынды,

Өз ұлтын кімдер сатпады малға?

Ұштың ба жұртым қалықтап азат?

Хан-биің болмай халыққа мазақ.

Қазақты керең таныған Абай,

Абайды терең танып па қазақ?

Қараңғылықтың сан жерден оңай,

Ажарын ашып сән бөлген арай.

Танымын ұқтым тармағын түртсем –

Тамырына ұлттың қан берген Абай.

Қайнарға қайда шелегі малған?

Қазақ ие боп ел еді қалған.

Талайды асып дерегін таппай,

Абайды ашып керегін алған.

Һәкімді айтпауға хақың бар ма елім?

«Бабаң кім?» десе, «Батырлар!» дедім.

Абай бар кезде атым бар менің,

Абай бар кезде затым нар менің.

Жалғасып келіп мыңжылдықтардан,

Дей алман бүгін қынжылдық, қарғам.

Жарасын жалап жазады қасқыр,

Құлды да құрыш шынжыр құтқарған.

Һәкімнің әлі жұрты жаралы,

Бір намыс бірақ бұлқынады әлі.

Абай тәлімі – өзекке түскен,

Құртыңа дәрі…

Ұлтыңа дәрі…

 

Ерік НАРЫН. МӘҢГІЛІК САУАЛ

Сені іздеймін батқан кезде жан мұңға,

Сауал қойсам Тәңірлік жыр-тағдырға.

Мән іздеген саналарда жаңғырып,

Жанар шырақ болғаннан соң мәңгілік,

Соры қалың адамзаттың алдында.

Сен баптаған ой қыранын ұшырып,

Өмірімді өлеңім деп түсініп.

Майданымды ашар кезде түнекке,

Тұрасың сен динамиттей жүрекке,

Сөрелерден алауыңды ұсынып.

Сөз зергері, сөз ұстасы, сен – шебер,

Ұстазым да, ойшылым да сен – сенер.

Тағдырының у, дүресін алған көп,

Ақын болып туған жанда арман жоқ,

Өлмейтұғын өлең жазып өлсе егер.

Жер серігі Ай секілді қазағым,

Мен де соның кереметін жазамын!

Толған Айды жұтқызбаған түнге өктем,

Жарық Күнсің  бар ажарын нұрлы еткен,

Айқындаған ғажабы мен азабын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *