«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм». Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы осылай аталады. Ол әдеттегідей барлық басым бағыттарды қамтыды. Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша Ұлттық референдум өтетіні белгілі болғанымен, маңызды шешім қабылданар шараның нақты уақыты жарияланбай келген еді, Жолдау барысында сол күн айқындалды.
Экология мәселесі бойынша да Мемлекет басшысы тұщымды ой айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда, орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды, – деген пікірін айтты.
Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екені айтылды. Елімізге жұмысшы жастар аса қажет. Келесі жылдан оларға ерекше көңіл бөлінбек. 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Осы уақыт ішінде жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталмақ. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Сонымен қатар, соңғы уақытта әскердегі жағымсыз жайттар туралы айта келіп, сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігі ұмыт қалмауы туралы тоқталып, жауапты тұлғаларға тапсырма берді.
Осы Жолдауда көрсетілген айқын бағыттар аудандық мәслихат депутаттары тарапынан сайлаушылар арасында түсіндіріліп, толық насихатталатын болады.
Саят Оспанов,
Қарқаралы аудандық мәслихат төрағасы