Әлемде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ХХ ғасырдың 80-жылдары Ұлыбританияда пайда болған екен. Бұл бағыт инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инновация ретінде, билік және жеке сектор арасындағы байланысты қалыптастыру мақсатында қабылданғаны сөзсіз. Сол себептен 2015 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңы қабылданды.
Осы Заңның аясында ауданымызда тұрғын үйлер, әртүрлі әлеуметтік нысандар салынуда. Соңғы 2-3 жылдың ішінде балабақшаларды ел игілігіне пайдалануға беру шаралары жүргізіліп келеді.
Жуырда кентімізде осы аталған бағдарламаға сәйкес мектепке дейінгі балаларға тәрбие мен білім беретін екінші жаңа – «Ақбесік» бөбекжай-балабақшасы есігін ашты. Осыдан бірер жыл бұрын осы типтес «Күншуақ» балабақшасы тапсырылып, бүлдіршіндерді қабылдауда.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында Шет ауданы әкімінің орынбасары Кәрсембаев Д.Қ., ауданның білім бөлімінің басшысы Әбенова Р.Б., ауыл ақсақалы Құлжанбеков Н.Е. құттықтау сөздерін арнап, жүрекжарды тілектерін айтты.
«Ақбесік» бөбекжай-балабақшасының пайдалануға берілуі Шет ауданының білім бөлімі және Қарағанды қаласының жеке кәсіпкері Рымбекова М.М. арасындағы келісім шарттың аясында жүзеге асты.
Елді мекеніміздегі бұрынғы қонақүйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, балабақшаға бейімделді. Қарқынды жүргізілген жұмыстарға 75 млн теңге қаражат жұмсалған екен. Мекемеде 20 жұмыс орны ашылып, олар 100-ге тарта баланы қабылдайтын болады.
Жаңа білім ошағында балалардың жан-жақты дамуына, білім мен тәрбие алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ғимарат іші заманауи қондырғылармен, керекті компьютерлік техникамен жабдықталған. Әрбір бөлмелерге және сыртқы аулаға бейнебақылау камералары орнатылған. Келешекте мұнда робототехника, домбыра, халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған басқа да үйірмелер жұмыс жасайтын болады.
Бүлдіршіндер мен ата-аналардың қуанышына айналатын осындай күндеріміз көп болсын!
Қадамың құтты болсын, «Ақбесік»!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
