Қайдасың, қымызмұрындық?

Осыдан бес жыл бұрын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойында Жаңаарқа топырағында бір мезетте мың күбі пісіліп, 10 мың литр қымыздың иісі даланы алып кеткені ұмытыла қойған жоқ шығар. Аталған ауданның тоқсан жылдық тойының үстінде алаш аяулысы Ақселеу Сейдімбек жатқан Қарауылтөбенің бауырында гүрп-гүрп пісілген мың күбінің қызығын Гиннестің рекордтар кітабы ұйымынан Юделькис Диас Кубадан келіп, әлгі кітапқа енгізді. Иә, қымызға қатысты мұндай таңғажайыптар қазақ даласында болмағанда қайда дейміз-ау?

Бала күнімізде ауылда бие байлар күн кәдімгідей мерекеге айналатын. Көк көтеріліп, күн қыза «жылқыны қашан әкеледі екен?» деп мазасыздана бастайды үлкендер. «Құлындар қарақұлақтансын, әлі ертерек емес пе?» дейді келесісі. «Құралай өткен соң да үлгереміз ғой» деп кергиді енді бірі. Бұлардың сондағы ойы – тезірек бие байлап, мамырдың уыз қымызын қанып ішу. Мамырдың ортасынан ауа соңына дейін құралайдың салқыны өтеді, оны күтсе, әр жағында екі-үш күннен соң уыз қымыздан қағылып қалады. Құралай өтісімен байлағанымен де, ол ашып, қымыз бабына келгенше екі-үш күн уақыт керек дегендей. Табиғатпен үйлесіп далада өскен ақсақалдар бәрінің уақытын біліп, қапысын табатын, бірақ.

«Ертең жылқы келеді» деген хабар дүңк ете қалатын ауыл ішіне. Ол бір керемет уақиға. Бұрқыраған жусан, шұрқыраған жылқы. Бірінші күні ел құлынды биелерін үйінің маңындағы көлеңкелі орындарына әшейін байлап қана жіберіп, бойын үйретеді. Келесі күні де сөйтуі мүмкін. Әдетте даладан келген жылқының бойын әбден үйреттіріп алған соң, бірер күннен соң құлындарын матай бастайды. Тіпті кейбір ақсақалдар ырымдап бай дүйсенбіде байлап жататыны есте. Неге бай дүйсенбі, біле бермейміз.

Басын әнтек шұлғып, әр нәрседен секем алған жібек жал құлындарды құлақтан басып, шыңғыртып байлағанда… Олар атқып секіріп, шылбырға шалынып, өліп кете жаздайды. Мама биелер тұра береді. Қулық құлындағандар(тұмса)кәдімгідей қайырылып, оқыранып, алаңдаушылық білдіреді. Содан екі-үш күн өткен соң құлындарда бастығыңқырап, қымыз бабына келіп, ауылда «қымызға құран» оқыту басталады. Қымыздың үлкен дәм екені осыдан білінеді. Ет асылып, ауылдастар бір-бірінің үйінен кезегімен қымыз ішеді. Сөйтсек, бұл үрдіс баяғы қымызмұрындықтың жұқанасы ғана екен ғой, дейді қу ішім. Бертінде ол да үзіліп тынды. Біздің ауылдан әрі Ақадыр кентінде жазушы Өмір Кәріп бастап, қымызмұрындық кәдімгідей кең көлемде тойланып, дабысы біраз жерге жетіп жүретін. Қазір естілмейді. Демек, бұрындары қымызмұрындықты ел болып тойлайтын болса керек. Ат шаптырып, балуан күрестіріп, түрлі ұлттық ойын ұйымдастырып дегендей. Кейін сол дәстүр жіңішкеріп, біздің ауылда әр шаңырақта құран оқыту деңгейінде ғана қалған да, бертінде тіптен естілмейтін болып бара ма, қалай өзі? Мүмкін басқа аймақтарда әлі де өте ме екен?

Қайдасың, қымызмұрындық?

Ерзат Ермағамбет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *