«Реал Мадрид» 1902 жылы құрылған. Испания Ла Лигасында 30-дан астам рет чемпион болып, УЕФА Чемпиондар Лигасында 14 мәрте жеңіске жеткен. Әлемдік футболдың жұлдыздары — Ди Стефано, Рауль, Зидан, Роналду осы клубта өнер көрсетті.
«Қайрат» футбол клубы — 1954 жылы Алматыда құрылған. Кеңес дәуірінде жоғарғы лигада ойнаған алғашқы қазақ командасы. Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет ел чемпионы атанып, Қазақстан кубогы мен Суперкубогын иеленді. Соңғы онжылдықта жастарға сенім артып, жаңа буынды тәрбиелеуде.
Осы екі клубтың тарихы мүлде әртүрлі болғанымен, Алматыдағы кездесу екі дәуірдің тоғысуы іспетті өтті. «Қайрат» жас ойыншылармен алаңға шықты. Ал қарсы жақта әлем футболының гранд клубы өз тәжірибесімен ерекшеленді.
30 қыркүйек күні өткен ойында алғашқы минуттардан-ақ тартыс байқалды. «Қайрат» ойыншылары допқа таласып, қысым көрсетуге тырысты. Қорғаныста қателікке жол бермеуге күш салды. Қақпашы Шерхан Қалмырза бірнеше рет шеберлік танытып, қауіпті соққыларды қайтарды. Дегенмен, «Реал Мадрид» комбинациялық ойынымен есеп ашты – 0:1.
Бұл нәтиже «Қайрат» үшін жеңіліс емес, үлкен тәжірибе болды. Себебі мұндай қарсыласқа қарсы ойнау — жас футболшыларға жаңа деңгей сыйлайды. «Реал Мадридтің» тактикасы мен шеберлігін алаңда көру — болашақ ойындар үшін сабақ.
Айта кетсек: «Реал Мадрид» – әлемдегі ең бай клубтардың бірі. 2024 жылғы мәлімет бойынша клубтың жалпы құны 6 миллиард долларға жуық деп бағаланды. Жылдық бюджеті жүздеген миллион еуроны құрайды. Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионы жаңартылып, қазіргі таңда әлемдегі ең заманауи ареналардың бірі саналады. Оның сыйымдылығы – 85 мың көрермен. Мұнда ойыннан бөлек концерттер, шоулар өткізіледі.
Ал «Қайрат» футбол клубы – Қазақстан футболының тарихындағы ең тұрақты командалардың бірі болғанымен, бюджеттік деңгейі «Реал Мадридпен» салыстыруға келмейді. Жылдық шығыны бірнеше ондаған миллион доллар шамасында. Алматыдағы Орталық стадион — клубтың басты аренасы. Оның сыйымдылығы – 23 мың көрермен. Кеңес дәуірінде салынғандықтан, еуропалық арена деңгейіне жету үшін әлі де жаңартуды қажет етеді.Екеуін салыстыру тікелей тең емес, бірақ әрқайсысы өз деңгейінде тарихи маңызға ие.
Спортшылардың жалақысына келіп тоқталсақ:
Реал Мадрид жалақылары: Килиан Мбаппе шамамен €600,000/апта, Дэвид Алаба шамамен €432,000/апта, Винисиус Жуниор мен Джуд Беллингем әрқайсысы шамамен €400,000/апта, Валверде шамамен €320,000/апта.
Жалпы, 2025-2026 маусымы үшін Реал Мадрид клубының ойыншыларына төленетін жалпы жалақы көлемі шамамен €305,4 миллион/маусым (бонуссыз) деп есептелуде.
Қайрат футбол клубының жалақылары: Қайрат клубында ойыншылардың нақты айлықтары немесе апталық жалақылары бойынша соңғы, расталған мәліметтер жоқ. Бірақ белгілі болған бір дерек: ресейлік футболшы Андрей Аршавин Қайрат сапында жүрген кезінде жылына шамамен 1,5 миллион АҚШ доллары алған деген ақпарат бар. Сонымен қатар, Қайрат ойыншыларына Қазақстан Премьер-Лигасын жеңгендері үшін 1 миллион АҚШ долларынан астам сыйақы төлегені хабарланған.
Қайрат – тек клуб емес, ол рух, ол тарих!
Жеңіліс – уақытша, ал намыс пен жігер – мәңгілік. ҚАЙРАТ – қазақ халқы сіздермен бірге.
Алуа БАҒДАТҚЫЗЫ,
академик Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің
2-курс студенті