Айтуға болмайтын түс (Әңгіме)

Төкіш шошып оянды. Басын көтеріп, жан-жағына қараса, түсі екен. Отырып, түсінде не көргенін ойлана бастады. Есінде мықтап сақталып қалғаны ақ сақалды, аппақ киінген, қолында аса таяғы бар, ұзын бойлы ата. Түрі де таныс. Иә, дәл өзі. Ортаншы апасы Күлзираның бір-екі жыл бұрын өмірден өткен қайын атасы Әлизақ молда.

Үйіне қонаққа барғанда төрт қабат көрпешенің үстінде көк шәй сораптап отыратын. Бір барғанында Төкішті жанына шақырып алып, біраз әңгімелескен. Әр үйдің қалыптасқан дәстүрі болады. Әлизақ атанікінде шәйдің алдында міндетті түрде бір кесе жылы су ішесіз. Ұнасын, ұнамасын. Кешкі тамақтан кейін бір литр кесені толтырып айран ішу керек. Әйтпесең, жылы қабақ дәметпегенің жөн. Соның бәрі есіне түсті Төкіштің.

Көздерін уқалап, терезеге қарады. Таң бозарып атып келеді.

Саз балшықтан салынып, сырты сабан сыбаумен сыланған тоқал тамның басқа бөлмелері қонаққа толы бұл күні. Аға-апалары түгел жиналған. Төрт апасы, бес ағасы бар. Төкіш – кенжесі. Жасы – 11-де.

Терезеге қарап, ұзақ ойланып, «жеңеше» деп қалды. Қасында теріс қарап жатқан ағасы басын көтеріп: «Осының қиялилығы бітпейді екен» деді де, әрі қарай бір аунап түсіп, ұйқыға кетті.

Төкішті қияли дейтіні – өнерге жақындығы. Мектептің түгел шарасына қатысады. Өлең жазады. Шамамен 4-5 жасында Пайғамбарлар туралы фильм көріп, «молда болам» деген. Сәл есейген соң, арманы да өзгерді. Өз тағдырының сөзбен байланысты болатынын іштей сезетіндей…

Оқыстан «жеңеше» деуінің де себебі бар. Әлгі түсінде көрген Әлизақ молданың қасындағы әйел – анасы Зибагүл еді. Үйдің үлкендері кемпір-шалдың баласы болғандықтан, әкесін – тәте, анасын –  жеңеше дейді. Бұлар да солай атап кеткен.

Дәл өзі. «Жеңешем Әлизақ атаның қасында не істеп жүр?» деп ойлады іштей. Бірдеңені ымдап, анасына «жүр» дегендей сыңай танытады. Сәл әңгімелесті де, анасы қамдана бастады. Үстіне аппақ көйлегін киген. Бұл жүгіріп барып, етегіне жабысып, жылай бастаған.

– Жеңеше, мен де барайыншы, тыныш отырамын.

Анасы арқасынан қағып:

– Жылама, Төкіштай. Барасың, әрине, – деді. Төкіш анасына жалт қарап:

– Шын ба? Барамын ба? – деді иегі кемсеңдеп.

– Бірақ, қайтқанда жалғыз қорқасың ғой. Одан да анау Таскөпірге дейін шығарып сал да, үйге қайт балам.

– Сен ше, бірге қайтпайсың ба? – деп сұрап еді. Теріс қарап:

– Жоқ, балам, мен сенімен бірге қайтпаймын, –  деді.

– Неге? – деді Төкіш ентігін баса алмай.

– Оны кейін түсінесің, – деді де Әлизақ атаның ізіне ере берді. Екеуі де аппақ киінген. Ақырындап алыстап барады. Ана байғұс баласына қимай-қимай қарайды. Жылап, соңынан жүгірді. Жете алар емес. Тағы жүгірді. Жетті бір кезде. Қолынан мықтап ұстап алды. Біршама жер жүргені есінде. Шаршады. Бір мезетте өз үйіне ұқсайтын, бірақ, үсті жабылмаған ескі тамға келді. Әлизақ ата:

– Біз осында қаламыз балам. Кеш болмай тұрып қайт үйіңе. Анаңның айтқанын тыңдап, Таскөпірден қайтуың керек еді ғой, – деді.

Мұны естіп, Төкіш еңіреп анасына тағы жүгірді. Түк түсінбеді. Анасына жақындай алар емес. Жылап жатыр. Сол сәтте өзін әлдекім қапсыра құшақтап:

– Не болды, Төкіштай, жаңа ғана ояу едің ғой. Қайта ұйықтап кетіп, сол екі аралықта түс көріп үлгердің бе? – деп бауырына басты. Өзінен екі жас үлкен ағасы – Жәмшит екен. Сөйтсе, терезеге қарап отырып, қайта мүлгіп кетіпті. Әлгі түстің жалғасын көрген. Ағасының иығына басын қойып, жасын сығып отырып:

– Жеңешеме апаршы, – деген.

– Таң атсын барасың. Дәрігер «баланы кіргізбе» деген. Үлкен кісілер бар қасында. Олар қазір бәрібір рұқсат етпейді. Білесің ғой, анамыз қатты ауырып жатыр. Қайтесің мазасын алып, босқа шаршатасың.

Төкіш соңғы кезде анасын қатты сағынып жүр. Еркелегісі, сырласқысы келеді. Бір үйде тұрып, қасына бара алмайды.

– Түсімді айтам. Көрген түсімді айтып бермекшімін. Ұмытып қалмай тұрғанда, – дейді ағасына.

Түсіндегі өзінің жалғыз қалып қойып, қатты қорыққаны, анасының бұған қарамай қойғаны есінен кетер емес. Таң атқанша соны ойлаумен болды.

Бір жағынан әкесін де уайымдайды. Он баланы жеткізу оңай ма? Өзі жалғыз тұяқ болған соң «ұрпағым көп болсын» деген ғой. Әкесінің жалғыз ғана қарындасы бар…

Әкесі өмірін колхозға арнаған жан. Өйткені, Нөкістегі институттың математика факультетіне түсіп тұрғанын жерінен әділетсіздік жасалып, орнына басқа бір байдың баласы түскен көрінеді. Соған қатты ашуланып, ауылдан шықпай қойыпты. Талмай еңбек етті. Механизатор болды. Үйінен кісі үзілмейді. Азық-түлік болмаса да, кісі ертіп келетіні бар…

Шешесі Зибагүлдің қас қысымы көтеріліп, құлап, денесінің жартысы жансызданып қалғаны да содан. Уайым мен жетер-жетпестіктен. Таяқпен 1-2 жыл жүрді. Соңында тамағынан ас өтпей қалды. Төкіш мұның бәрін біледі. Соңғы күндері анасы қатты жүдеп кеткен. Көрмесін деп, балаларын үстіне кіргізбейді…

Терезеден түскен күн сәулесі бетін қытықтады. Ақырын тұрып, дәзізге шықты да, анасы жатқан бөлмеге қарай аяңдады.

Үйдің үлкені Света Шымкенттен келген. Үш жыл бұрын, 1994 жылы Жетісай деген қалаға көшкен, отбасымен бірге. Бұларды да Атамекенге көшіріп алғысы келеді. Бірақ, әке-шешесі көнбейді. Репрессия жылдары Ақтөбе жақтан Қазалыға көшіпті, Төкіштің үлкен аталары. Үлкен атасы Тілеуберген, 100 жасаған әжесі Ұлбосын елге сыйлы сөз қонған, мал біткен жандар. Қазалыға көшкен жолда Ұлбосын әжесі толғатып, көшті тоқтатыпты. Шалқар көлінің бойына. Өмірге келген сәбидің есімін Шалқар дер қойыпты. Төкіштің тегі – Шалқар. Әжесінің есімі Дәмеш екенін естіген. Ол кісі туралы көп білмейді.

Тілеубергеннен – Ойнар мен Шалқар туған. Ойнардың ұрпақтары Ақмола жаққа көшкен. Төкіштің әкесі Қуандық – Шалқардың жалғыз ұлы. Тұрғангүл деген жалғыз қарындасы бар. Енді, міне, он баланың буыны қатайып, етек-жеңін жиған тұста жары Зибагүл қатты ауырып қалған. Атамекенге көшейін десе, өздерін қуғыннан аман алып қалу үшін Ақтөбеден көшкен атасы мен әжесін, әке-шешесін қимайды. Олар осы Қарақалпақстанның Беруний ауданындағы Сұлтан Уәйіс зиратында жатыр. Бүкіл Қарақалпақ, Өзбек елі білетін, туыстарын жерлейтін үлкен қойымшылық.

Аталары бір кездері көшіп келіп, Беруний ауданының көрші Елуқала ауданымен шектесетін Қызыл қала колхозы, Алғабас совхозына тоқтаған. Мұнда ескі қалалар көп. Қызыл қала, Топырақ қала, Аяз қала және т.б. Беруний ауданының орталығы Беруни қаласы бір кездері Хорезм мемлекетінің астанасы болған көрінеді. Мұны да үлкендердің әңгімесінен естіген. Әкесі Қуандық ұрпақтарымен осындай қасиетті жерге әбден бауыр басып, еліне еркелеп өмір сүріп жүр еді. Аяқ асты жан жарына ауру жағаласты. Бір жағынан өз қолымен тұрғызған қарашаңырақты да қимайды.

Төкіш анасының қасына келсе, ояу жатыр екен. Апалары көрінбейді. Таңғы ас ішуге кеткен болар. Көп ойланып тұратын уақыт жоқ. Төкіш түсінде көргенінің бәрін ақтарып салды, анасына…

– Кетпейсің ғой. Менімен бірге барып, үйге қарай жалғыз өзімді жібермеші. Әлизақ атаға ермейсің ғой. Ол неге келді?

Бірнеше сұрақ қойды. Анасы үнсіз. Қатты жүдеу. Жақ сүйектері шығып кеткен. Біраздан бері нәр татпайды. Тамағынан ас өтпейді…

Анасы Төкіштің маңдайынан сипап, бауырына басты. Бар күшін жиып, бетінен сүйді.

– Бара ғой жарығым, беті-қолыңды жуып, шәйіңді іш. Алаңдама. Мен сені тастап ешқайда кетпеймін, – деді де ақырындап оң жақ бүйіремен жатуға ыңғайланды.

Осы кезде Света апайы кіріп келіп:

– Не деп сайрап отыр мына жүгермек. Баланы кіргізбеңдер дегенім қайда? – деп өзінен кейінгілерді сөзбен сыбап-сыбап алды. Бәрі жиналып, анталап қалған.

Жазира апайы:

– Не айттың шешеңе?

– Түсімді айттым.

– Қандай түс? Бізге де айтшы.

– Түсімде Күлзира апамның қайын атасы ақ киініп келіп, жеңешемді де ақ киіндіріп, ертіп кетті. Мен де қасына бардым. Төбесі ашық ескі там екен. Жеткен соң жеңешем мені тастап, сонда кірді. Жалғыз қалдым. Қатты қорықтым. Неге Әлизақ атамен барып, маған қарамай қояды?

Осыны естігенде шешесі ауыр күрсінді. Төкіш ұмтылып, анасын құшақтап еді. Үнсіз, егіліп жылап жатыр. Шошып кетті. Сол сәт үлкен апасы Света Төкішке айқайлап, бөлмеден қуып шықты.

– Түсің бар болсын сенің. Ауырып, өлім аузында жатқан адамға сондай түсті айта ма екен? Алып кетіңдер ананы. Басты қатырмасын. Қазір дәрігер келеді. Күндегі ем-домның уақыты болды, – деді. Света әулеттің үлкені болғандықтан осындай қатал еді…

Төкішті Жазира апайы сөзге айналдырып, бетінен сүйіп, арғы бөлмеге алып кеткен. Анасының егіліп жылап жатқаны көз алдына келе берді. Қанша ойланса да, неге жылағанын түсіне алмады. Күні бойы соны ойлап жүрді. Түстен кейін көршінің балаларымен ойынға араласып, бір мезгіл бәрін ұмытқандай еді. Кешкі тамақтың үстінде Света апайы ондай түстерді ауырып жатқан адамға айтуға болмайтынын тағы ескерткен.

– Сөйтсең, шешеміз сауығып кетеді. Сосын бәріміз баяғыдай қалаға барамыз. Балмұздақ жейміз. Үргенішке өтеміз. Дарияны көресің. Нағашыларыңа барасың, – деді.

Төкіш дариядан өткенде қатты қуанып, ағын судан көзін алмайтын. Суда бір тазалық қасиеттің барын түсінбесе де, іші сезетін. Анасының бауыры Нұрқожа Үргеніш қаласында тұрады. Екінші інісі Орынбасар Елуқала ауданының орталығы Бостан қаласынан пәтер сатып алған. Анасы Зибагүлдің әкесі Сәдет ерте өмірден өтіп, анасы Раманкүл екінші рет Бижан деген кісіге тиеді. Бижаннан туған анасының басқа бауырлары да бар. Раманкүл Бижанға тұрмысқа шыққан соң, Төкіштің анасы Зибагүл мен екі бауырын өз інісі Итібарға аманаттаған. Итібар ақсақалдың әйелі – Үржан жеңгесі Төкіштің анасын еркелетіп, «Жиен қыз» дейді. Ал Төкіштің үлкен апасы Светаны анасы «Ілли» десе, үлкен ағасы Қанатты «Шәнәш» дейді. Өз есімдерімен атамайды. Өйткені, ол екеуін ата-әжесі Шалқар мен Дәмеш тәрбиелеген…

Төкіш бүгін ерте ұйықтап қалды. Қатты шаршаған. Тағы түс көрді. Түсінде анасы екеуі қол ұстасып, нағашылары жақта қонақта жүр. Балмұздақ та жеген. Дария бойында серуендеп те қайтады. Қайықпен дариядан өтеді. Үргеніштің тарихи орындарын аралайды. Елдің бәрі бұларға қызыға қарайды. Әдемі киініп алған.

Серуендеп жүріп, қаладан алыстап кетіп, адасып қалыпты. Маңайы тас-түнек қараңғы. Ешкім жоқ. Екеуі ғана. Бір кезде қасқырдың ұлыған дауысы естілді. Ұлыған дауыс жақындай түсті. Дәл қасынан шықты. Қараса, анасы жоқ. Жалғыз қалған. Ұлыған дауыс дәл жанынан үрейлі естілді. Қатты қорыққан Төкіш:

– Жеңеше-е-е-е, – деп айқайлап жіберді.

Шошып оянды. Тағы да түсі екен. Бұл неткен бітпейтін түс?.. Бірақ, ұлыған дауыс басылар емес. Абыр-сабыр, кіріп шыққан кісілердің дауысы күшейіп барады. Жүгіріп дәлізге шықты. Ұлыған дауыс анасы жатқан бөлмеден естілді. Бар күшімен анасына ұмтылды. Ағалары құшақтап, көтеріп алды. Жібермеді. Анасының денесі ақ матамен толық жабық тұрды. Ұлыған дауыс апаларының жылағаны болып шықты. Жоқтау. Бар өмірін қиындықпен өткізген анасын өлімге қимай, егіліп жылап жатты. Жасынан жетім қалып, нағашыларының үйінде өсіп, 15 жасында тұрмысқа шығып, 10 құрсақ көтеріп, оларды әупірімдеп жүріп жеткізіп, енді рахатын көрер кезде жаны үзіліп, фәниден бақиға аттанып кете барды. Осыны айта алмай, көмейге өксік түйіліп, жылап жатты апалары…

Төкіш анасынан мәңгілікке айрылғанын түсінді. Қайтыс болған адамның бетін жауып қоятыны туралы естіген. Түсінің ақиқатқа айналғанын ұқты. Енді, ешқашан анасымен қол ұстасып жүре алмайтынын сезді, бала жүрегі. Өксіп-өксіп жылап жіберді. Тоқтай алмады. Айқайлап, анасының атын айтып, өкіріп жылады. Үйдің іші азан-қазан. Төкіштің қатты жылағанын көрген апалары оны өз бөлмесіне апарып жатқызды. Жұбатты. Жылай-жылай, анасын ойлап жатып, талықсып ұйықтап кетті.

Тағы түс көре бастады. Бұл жолы түсінде әкесін көрді. Ол теріс қарап терең ойдың үстінде отыр. Сыңарынан айрылған аққудай өңі жүдеу. Көзіндегі оттың да жалыны қайтқан. Бірақ, әкесі өзін емес, анасыз қалған он баласын уайымдап отыр еді…

Қасына жақын келіп:

– Тәте, жеңешем енді келмейді. Мен оны түсімде көрдім. Енді, сен де кетіп қалмашы, жарай ма. Сен де мені тастап кетсең, қалай өмір сүремін, тәте?.. Маған кім ертек айтып береді? Кім мектепке жібереді? Үргенішке кім апарады? Киім алуға кіммен барамын?

Осы сәтте әкесі оны құшақтап, бауырына қатты басты. Құшақтауы қимастықты аңғартқандай. Ол да көп ұзамай кететін сияқты көрінді, Төкішке…

– Қайда барамын мен сені тастап? Қасында жүремін үнемі, балам. Сен бәрінен ақылдысың. Кенжетайым сол. Құлыным менің. Сен өте білімді жігіт болып өсесің. Өлеңдерің қазіргіден сұлу өріледі, әлі-ақ. Сенімен мақтанамын балапапым, – деді әкесі.

Төкіштің көңілі орнына түскендей болды.

– Саған тағы бір айтарым бар. Адам өмірден өтерде Алла Тағала оның ең жақын адамына аян береді екен. Ескертетін көрінеді. Анаң екеуің бір-біріңді қатты жақсы көрдіңдер. Сенің көрген түсің – сол Жаратушы Иеміздің аяны балам. Демек, сен тегін бала емессің, құлыным. Мұндай Алланың аяны жаны таза, жүрегі пәк жандарға ғана түседі. Бірақ, сен оны анаңа айтпауың керек еді. Өйткені, өлім аузында жатқан адам кеудесінен жаны шықпағанша, өлетінін мойындамайды. Ал анаңа түсіңді ақтарып салып, оған өмірден өтетінін сездірдің. Бұл – өте қиын жағдай, жарығым. Саған осындай маңызды дүниелерді ертерек айтпаған өзім кінәлімін. Әлі өмірің алда. Осы сөзімді есіңде мықтап сақтап ал. Түстің де айтылатыны һәм айтылмайтыны болады. Сенің анаңа жайып салған кешегі түсің айтуға болмайтын түс еді…

Дәл осы сәтте Төкіш оянып кетті. Бірақ, бұл жолы түсін ешкімге айтпады. Әкесінің өзін қимастықпен құшақтағанын ойлады. Ойлады да, бұл ойын тез ұмытуға тырысты…

Өзінің асығыс жасаған ісінің кесірінен анасының қиналғанын, ажалын мойындағанын енді түсінді. Алайда, бәрі кеш еді. Осы бір жайт оны бір-екі күнде есейтіп жіберді. Анасы түсінде айтқанындай оны жерлеуге апарарда Таскөпірге дейін шығарып салды. Әкесі мен ағалары сол жерден анасын көлікке салып, Сұлтан Уәйіс зиратына алып кетті.

Таскөпірдің үстінде өзін мәңгілікке тастап кетіп бара жатқан анасын қимай, ет-жүрегі езіліп, үнсіз отырып қалды. Жылайын десе, жылай-жылай жасы да таусылған. Көршісі Әлібай ағай:

– Жылама, Төкішжан. Әлі-ақ ержетесің. Бәрі жақсы болады. Анаңның басына барып, Құран бағыштап тұр. Сен көп жыласаң әкең де ауырып қалады, жылама, – деді.

Осыны естіп, Төкіш орнынан атып тұрып, көз жасын сүртті. Жерлеуге бармаған ауыл адамдары Таскөпірдің үстінде тізе бүгіп, ауыл молдасы Құран сүрелерін дауыстап оқыған соң, ақырындап тарап жатты.

Таскөпір – Төкішке өте ыстық. Ыстық болатыны 4-5 жасар кезінде осы көпірден өту арман болатын. Өтсе, арғы жағында басқа әлем бар сияқтанатын. Үлкендер «Қазақжапқа құлап кетесің, балыққа жем боласың. Таскөпірге жоламаңдар» дейтін. Қазақжап – дарияның суын елге жеткізетін канал. Сол су болмаса елдің күні қараң. Егін өспейді… Каналды жергілікті қазақтар қазған. Сондықтан, «Қазақжап» атайды.

Төкіш қайта-қайта тырысып, Таскөпірден ақыры өткен. Осылай, өзін жігіт қатарына қосып, арғы жақтағы дүкенге, Итібар нағашысының үйіне, поштаға еркін баратын болды. Ол жай көпір емес. Балалығы мен есейген шағын жалғап тұрушы алтын көпір. Ал бүгіннен бастап әрі қатыгез көпір. Себебі, ыстық естелікке толы өз көпірінен анасын ақтық сапарға шығарып салам деп мүлде ойламаған. Бірақ, мұны анасы түсінде айтқан екен. Анасының ол сөзі дәл қазір есіне түсті. «Өмір неткен қатыгез» деп ойлады, іштей. «Бәсе, Таскөпірдің атауы тас бола тұра қалайша жақсылықтың тұрағы болады?» деп ойлайтын. Енді, Тас көпірдің шынымен аты затына сай қатал екенін ұққан. Өмірдің өзіндей. Сонда «Өмір деген менің түс көрген сәтім мен ояу жүрген кезімнің арасындай ғана қысқа болады екен ғой» деп күрсінді Қазақжапқа қарап тұрып…

Ағып жатқан лайлы суға көзін қадап, ұзақ отырып қалыпты. Жаңа ғана алаулап атқан күн көзді ашып жұмғанша, аялдай тұрмағанына  ұялғандай қып-қызыл болып, ылдиға қарай құлап барады.

– Бірақ, енді жыламаймын. Әйтпесе, әкем де ауырып қалуы мүмкін, – деді де, үйге қарай беттеді.

Жалғыз өзі томпаңдап, батқан күнмен жарыса борпаң кешіп, үйіне кетіп бара жатты. Миында – айтуға болмайтын түс… Оны орынсыз уақытта айтудың зиянын анық түсінді. Жалпы, Алланың жүрегі таза жандарға ең жақын адамы өмірімен қоштасарда аян беретініне көзі жетті. Бірақ, арада 3 жыл өткенде дәл осы Таскөпірден, әкесі Қуандықты да шығарып салатынын бала жүрегі сезген жоқ еді…

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі