Өмірде еңбекқор әрі қарапайым адамдар бар. Олар өз күшіне, тынымсыз тірлігіне сенеді, сүйенеді. Сондай жанның бірі – Шет ауданы Үңірек ауылының тумасы Айнұр Сайынқызы. Жеке кәсіпкер бүгінде елімізге танымал десек артық емес.
Қайырымды кәсіпкер бұл жолы өзінің туып өскен ауылындағы алтын ұя – мектебіне өзі және әкесі Сайын (Жолтай) Ермекбаевтың атынан музыкалық аппаратура тарту етті.
Жұмыс бабымен бара алмаған Айнұрдың тартуын Қарағанды қаласынан арнайылап ұстазы Дәмеш Көкіжанқызы мен інісі Нұрсұлтан Сайынұлы жеткізіп салтанатты түрде табыстады.
Шет орта мектебінің директоры Асылан Оралбаев ауыл мектебінен қанат қаққан түлектердің алтын ұяларына қамқорлық жасаудан қашпайтынын айтып өтті.
– Мектепке демеушілік жасайтын қамқоршыларымыз барын мақтан тұтамыз. Соның бірі – Айнұр Сайынқызы. Өтінішімізді жерге тастамай бірден 1 миллион теңге тұратын аппаратураны тарту етемін деді. Бұрын ауыл мәдениет үйінен сұрап алып отырушы едік. Осындай өз мектебі үшін жасаған қайырымдылығы үшін Айнұр Сайынқызына мектеп ұжымы мен оқушылар атынан айтар алғысымыз шексіз, – дейді Асылан Оралбаев.
Ал осы аманатты аман-есен жеткізген Дәмеш Көкіжанқызы аппаратураны табыстап қана қоймай, Айнұр беріп жіберген 30 жаңа жылдық балаларға арналған сыйлықты мектепке және де осындай 30 қорап тәттіні Шет ауылдық округінің әкімі Нияз Қалижановқа тарту қылды.
– Айнұр жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі. Өз қаражаты есебінен су тасқыны болғанда тек Қарағанды облысына ғана емес Петропавл қаласы мен Орал қаласына бірнеше рет гуманитарлық жүктерді жіберген 5 баланың анасы. Ол жыл сайын оқушыларға арнап «Мектепке жол» акциясына қатысады. Жаңа жыл қарсаңында да балаларды ұмытқан емес. Сонымен қатар қаладағы Балалар үйіне, Қарттар үйіне өз көмегін көрсетуде, – деп атап өтті Дәмеш Көкіжанқызы.
Қайырымды жанның игілікті ісіне риза болған ауыл ақсақалы Нұрқан атамыз бен Бақыт, Нәскен, Санагүл апаларымыз өз баталарын беріп, Айнұрға табыс тіледі!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
