Бүгіннен алыс жоқ, ертеңнен жақын жоқ. Біз әлі де өткенімізді түгендей алмай жүрміз. Соның ішінде ұрпаққа өнеге тұтарлық тұлғаларды әспеттеуге бағытталған жұмыстарға әлі де зәруміз. Мұны зиялы қауым қажет етеді.
Ұлағаты мол ұстаз, терең пайымды зерттеуші ғалым болып, жоғары білім беру ісінде ойып орын алып, өз қолтаңбасын қалдырған биік тұлғалардың құрамы еліміздің тарихында соншалықты көп емес. Кезінде бүгінгі «Bolashaq» академиясының іргесін қалап, білім ошағының деңгейі мен абыройын биіктету жолында бар күш-жігерін аямаған академик Жамбыл Ақылбаев болды. Міне, осы Жамбыл Ақылбаевқа кезінде серіктес, мұраттас, мүдделес, қанаттас бола білген жандарды да түгендеп отырған дұрыс шығар. «Bolashaq» академиясының еңсесі биіктеген сонау айтулы 2007-2008 жылдары осы іргелі жоғары оқу орны жанында Қазақстан фармацевтік институты болған деседі. Оның директоры Дәулеткелді Кәрімұлы Қияшев болғанын көпшіліктің бірі білсе, бірі білмес. Қазіргі Академияның жүріп өткен 30 жылдық жолының көркем бір тұсын әйгілейтін кезді ұрпақ жадында жаңғырсын деген игі оймен осы бір аяулы тұлға жайында жұртшылықпен аз-кем ой бөліскіміз келді.
Тау алыстаған сайын биіктей беріп, тұлғалана түседі деген тұғыры мықты тұжырымды сөз бар. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, саралы сөздің түпкі орамында елге танымал, ғұмыры үлгілі болған азаматтар туралы әспетті ой жатыр.
Тума халқымыздың бастан өткерген азаматтық тарихында анықталмай жатқан тұс көп екендігі қаншама айтылып, жазылса да, жергілікті ареалдағы төл халқымыздың бастан кешірген тарихы күрмеуі қалың, күрделі-ақ. Сол өңірдің өркендеуіне түрткі болған тұлғадарды түсін түстеп, аңысын анықтап, хатқа түсіріп, жадымызға жазып алмасақ, ұрпақ, дәстүр сабақтастығынан ертең-ақ көз алдымызға бұлдыр дүние секiлдi елесi ғана қалатыны сөзсіз. Ұрпақтар арасында дәстүр жалғастығы жойылатыны кәдік. Біз осыдан қорқуымыз керек. Өңірдің қанат жаюына, еліміздің қай саласы болмасын дамуына үлесі бар тұлғалардың тарихын етене білу кейінгі ұрпақ үшін керек-ақ дейтініміз сондықтан.
Тарихты әр ұрпақ өз күннің биігінен бағалайды. Бүгінгі биіктің өзіндік тың да соны көзқарасы, бағалауы болады. Алдағы уақытта да бола бермек. Әйтсе де «халық жады» деген ұғым бар. Халық жадының бірі көрінісі – туған өлкенің шежіресі. Ол бойынша, аспан мен жер арасын алтын көпір іспетті байланыстырып жататын – адам. Адам осы екі аралықтағы барша тіршіліктің түп бастауында тұр. Дүнияуи құбылыстардың бәрі де адам қолымен жасалғаны бесенеден белгілі жайт. Осы тұрғыдан келгенде, елінің қарқынды дамуы үшін адалдықпен бойдағы барын салып, маңдай терін төккен тұлғаларымызды түгендеп, олардың ел үшін сіңірген еңбегін ұлықтайтын уақыт жетті деп білеміз. Міне, сондай елі сүйінген жандардың қатарында, бірі емес, бірегейі – Дәулеткелді Кәрімұлы Қияшев тұр деп, ауыз толтырып ұялмай айтуға бармыз.
Өмір дерегіне жүгінсек, Дәулеткелді Кәрімұлы Қияшев 1945 жылы 19 ақпанда Қарағанды облысы, Балқаш ауданы, Мойынты бекетінде дүниеге келген.
1963 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевгика факультетіне түсіп, оны 1968 жылы бітіріп шығады. Институтты бітірген жылы Мойынты бекетіндегі №154 орта мектебінде химия және биология пәнінің оқытушысы қызметіне, ал 1969 жылы Қарағанды қаласының медициналық училищесіне фармацевтикалық химия пәнінің оқытушысы лауазымына қабылданады және сол жылы КСРО-ның әскері қатарына шақырылады.
1969 жылдың күзінен 1971 жылдың қараша айына дейін Чита облысындағы Забайкалье әскери округінде медициналық қойма бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
Әскери борышын өтегеннен кейін, Д.К.Қияшев Балқаш қаласының медициналық училищесінде фармокология пәнінің оқытушысы болып қызмет істейді.
Білім мен ғылымға деген құштарлыққа ден қойған оны 1973 жылы конкурс бойынша ҚазССР ҒА-ның химиялық ғылымдар институтына 02.00.03 – «Органикалық химия» мамандығы бойынша күндізгі асперантураға қабылдайды.
Дәулеткелді Кәрімұлы Қияшев ҚазССР ҒА химия ғылымдары институтында биологиялық белсенді заттарды синтездеумен шұғылданып, алғашқы жұмысын күкірт гетеросақиналы цис-2,6-дифенилтетрагидротиопирин-4-онды синтездеуден және олардың туындыларының реакция мүмкіндігі мен биологиялық белсенділігін зерттеуден бастайды. Жұмыс барысында көрсетілген қатардан жаңа ацетиленді, аминоацетиленді спирттер мен олардың гликольдарын синтездейді. Тетрагидротиопиран қатарындағы ацетилен-алленді және фосфит-фосфанатты қайта топталу реакциясын зерттеп, алғаш дәлелдеді және 100-ден аса жаңа қосылыстарды синтездеді.
Бұл саладағы мамандық тапшылығын ескерсек, Дәулеткелді Кәрімұлын бұл бағытта үлкен жетістіктерге жеткендердің бірі деуге әбден болады. Тынбай іздену нәтижесінде Д.К.Қияшев 1983 жылы химия ғылымдары кандидаттық дәрежесін алу үшін «Синтез и превращения на основе 2,6 дифенилтетрагидротиопирин-4-она и его окисленных производных» тақырыбы бойынша диссертацияны табысты қорғайды.
Д.К.Қияшев 1983 жылдан бастап КСРО-ның өнертапқышы атанды. Осы мәліметтен-ақ оны қарапайым қатардан озық, ғалымдар арасында біртіндеп белгілі тұлғаға айнала бастағанын аңдаймыз.
Д.К.Қияшев 1998 жылы қаңтар айында формация ғылымы бойынша «Биологические активные производные тетрагидротиопирана, триарилметина, салициловой кислоты и разработка новых лекарственных форм» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады.
Өңірімізде ғылым докторлары жетерліктей десек те, Дәулеткелді ағамыздың есімі сирек аталатынын, ол жөнінде ұлықтаудың әділетсіз кем түсіп жатқанынан деп ұғамыз.
Ғылым докторы Д.К.Қияшев 1999 жылдың шілде айында профессор атағын алады. 2004 жылы Қазақстан жаратылыстану ғылымдары академиясының академигіне, ал 2009 жылдың 18-қыркүйегінде Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі болып сайланады.
Д.К.Қияшевтің ғылыми жетекшілігімен 1 химия кандидаты, 1 формация ғылымдарының кандидаты, 2 магистр, 1 PHD доктор дайындалды. «КазССР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атанды.
Д.К.Қияшев 200-дан астам ғылыми еңбек жазған, оның ішінде жартысына жуығы мемлекеттік тілде, мақалалары «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Ана тілі», Қазақ батырлары» газеттерінде және «Зерде», «Денсаулық», «Жұлдыз» журналдарында жарық көрген. 1989 жылы Д.К.Қияшев насихаттаушылар мен дәріскерлерге арналған «Табиғат және сәуле» атты әдістемелік нұсқаулық Алматы қаласы «Білім» қоғамы баспасында, 1989 жылы «Атамұра» баспасында «Медицинский словарь» және 2000 жылы «Рауан» баспасынан «Казахско-русский, русско-казахский словарь» сөздіктерін, қазақ тілінде «Этил спиртінің концентрациясын күшейту, сұйылту және анықтау», «Зауыттық дәрілік қалыптар технологиясы бойынша лабораториялық жұмыстар» аталатын екі оқу құралын шығарады.
Д.К.Қияшев 2001-2003 оқу жылдары С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жанындағы кандидаттық және докторлық қорғайтын диссертациялық ғылыми хатшысы болды. Д.К.Қияшев 2007-2008 жылдары Қарағанды қаласы «Болашақ» университеті жанындағы Қазақстан фармацевтік институтың директорлық қызмет атқарды.
2007 жылдан 2010 жылдың аяғына дейін Қарағанды қаласындағы ҒӨБ «Фитохимия институтының кандидаттық және докторлық диссертация қорғайтын ғылыми кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Ол көптеген жыл бойы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының мүшесі және 2011 жылдан ҚазҰМУ-дің терминологиялық комиссияның төрағалық міндетін абыроймен атқарды.
Д.К.Қияшев жоғары ғылыми әдістемелік деңгейде «Дәрілер технологиясы және биоформация» пәні бойынша дәрістер оқыды. Университеттің және факультеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, жас буындарды тәрбиелеумен тұрақты айналысты. Студент, магистрант, докторанттар мен әріптесттері арасында Д.К.Қияшев үлкен беделге бөленген профессор.
Жоғарыда осы аталған деректер Дәулеткелді Кәрімұлы Қияшев Шет өңірінің тарихи тұлғалар қатарынан ойып орын алатын тұлға деп танимыз.
Жалпы, адамгершілік адамдық борышты орындаудан басталады. Ал елің мен жеріңе адал қызмет ету – ең ұлы, қасиетті парыз. Өнегелі істерін кейінгі ұрпақ кәдесіне жарату бүгінгі күн тәртібінде буы бұрқырап тұрған күрмеуі қалың өзекті мәселе.
Дәулеткелді Кәрімұлы Қияшевтің өнеге толы өмір жолы, өз мамандығына адал қызмет етуі болашақ фармацевтер, қалаберді ақ халатты абзал жандар үшін жақсы үлгі болмақ. Ал кәсіби тәжірибесі мен нақты істері еліміздің дамуы барысына қомақты үлес қосқаны анық, оның ғұмыры осы жағымен құнды.
Елеужан Елемесұлы СЕРІМОВ,
Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полиция полковнигі, Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамының» төрағасы, «Bolashaq» академиясының бұрынғы жоғарыдан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы
