Қарағандыда көрнекті публицист, жазушы Мағауия Сембайдың шығармашылығына арналған тағылымды кеш өтті. Белгілі қаламгердің 70 жылдық мерейтойына орай Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Қалам ұшындағы аманат» атты еске алу кеші ұйымдастырылып, рухани мазмұнға толы шара барысында жазушының «Ой қазына» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Кеш қаламгер мұрасының ел жадында сақталуына және жас буынға өнеге болуына арналды.
Жуырда жарық көрген «Ой қазына» атты жинақ – қаламгер Мағауия Сламбекұлының өмірлік тәжірибесі мен терең танымының айғағы. Зиялы қауым өкілдерінің пікірінше, жазушы қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл әрі өткір тілмен жеткізе алған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жинақ – қаламгердің соңғы жылдары жазған толғамды мақалалары мен ойлы пайымдарының топтамасы.
– Мағауия Сламбекұлы – Арқа өңірінде өзіндік шығармашылық мектебін қалыптастырған қаламы қарымды тұлға, елге еңбегі сіңген қайраткер. Ол кісінің тәлімін алған шәкірттері бүгінде Қарағанды облысында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі бұқаралық ақпарат құралында табысты еңбек етіп жүр. Бұл – ұстаздың рухани мұрасын жалғастырып келе жатқан ізбасарларының көптігінің дәлелі. Бүгінгі күн – өмірден өткен ағаға деген сағыныш пен құрметтің, рухына тағзым етудің жарқын көрінісі, – деді «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек.
Тағылымды жиынға зиялы қауым өкілдері, жас қаламгерлер мен жазушының оқырмандары жиналды. Басқосу барысында Мағауия Сламбекұлының бай шығармашылық мұрасы мен публицистикалық еңбектері кеңінен талқыланды. Шараға қатысқан замандастары мен туған-туыстары естеліктерімен бөлісіп, аяулы тұлғаға деген сағыныштарын тебірене жеткізді.
– Үйде сақталған көп кітаптың арасынан Мағауия Сламбекұлының еңбектерін жиі парақтап отырамын. Әр тарауын оқыған сайын бірге жүрген кезеңдер, сол шақтағы сәттер көз алдыма келеді. Халық «Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді» деп бекер айтпаған. Осындай тағылымды кеш ұйымдастырған жандарға алғысымыз шексіз. Ұлы тұлғаларды еске алып, рухына тағзым ету – кейінгі буынның парызы. «Адам өлгенде емес, есімі ұмытылғанда өледі» деген ұлағатты сөз бар. Мағауияның есімі ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да. Өлімге де, өкпеге де қимайтын аяулы азамат еді, – деді М.Сембайдың жан досы Ниқанбай Омарханов.
Мағауия Сламбекұлы – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, қазақ журналистикасының өрісін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан қаламгер. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі еңбек жолын 1976 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде тілші ретінде бастап, кейін бас редактор қызметіне дейін көтерілді. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінде меншікті тілші, Бөкетов атындағы университетте аға оқытушы болды. Ол «Жауынгер қыздар – Боевые подруги» және «Қолыма қалам алдым айтамын деп…» атты деректі жинақтардың авторы. Кеш соңында қаламгердің әріптестері мен шәкірттері Мағауия Сламбекұлының рухани мұрасы жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның есімін ерекше құрметпен еске алды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА