Алаштың Әлімханы

Өткен ғасырдың зұлматы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс болған еді. Осы уақыттарда қазақ миллиондаған адамынан айырылды. Қолдан жасаған қиянаттың құрбандарын еске алатын күн.

1937-1938 жылдар нағыз қан қасаптың уақыты болды. Тарихта осы екі жыл көп айтылуы сондықтан. Әйтпесе, «Халық жауы» деп атып, соттау ол жылдарға дейін де, кейін де жүргізіліп жатты. Кеңес одағы деген алып механизмнің шыңжыр табанына тапталғандардың санына жету жоқ бүгін. Алып бір конвейердей жұта берді.

«Алаш» ардақтылары да осы дүрмекпен кетті. Атылды. Сотталды.

Бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде:

– Қарағанды табиғи байлығымен қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың тарихи, рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғасы шыққан. Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер, – деп атап өткені де бар.

Аман келгенімен Әлімхан Ермеков «Халық жауы» деген таңбадан арыла алмай біраз уақыт жүрді.

Әлімхан Ермековтың тағдыры қазақтың бірінші саяси ұйымы «Алаш» партиясымен және 1917 жылдың желтоқсан айында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының құрылуымен тығыз байланысты. Бұдан соң ол 1920 жылдың тамыз айында Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасының құрылуына қатысты.
Республиканың шекараларына қатысты өткір пікірталастар барысында бұдан бұрын Ресей құрамында болған бірқатар маңызды территорияны Қазақстанға қайтару мүмкін болды. Бұлардың ішінде Коростылев даласы, Семей, Ақмола облыстары және Каспий теңізінің солтүстік жағалауы бар. Қазіргі уақытта бұл аймақтардың республика үшін үлкен маңызы бар: Ақмола облысында ел астанасы орналасса, Каспий теңізінің жағалауында мұнай мен газдың негізгі қоры шоғырланған.

Осы істе Әлімхан Ермековтің ерлігі мен өрлігі де бар екендігі айтылады.
Әлімхан Ермеков 1938 жылы тұтқындалып, он жылға сотталды. Кейінірек жаза мерзімін алты жылға дейін төмендетеді. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, оны 1947 жылға дейін лагерде ұстап, тоғыз жылдан кейін ғана шығарды. 1948 жылы қайтадан тұтқындап, тағы да он жылға соттады. Бұл – тұтқындау мен қуғын-сүргіннің үшінші толқыны болатын.

Әлімхан Ермеков – тұңғыш қазақ математигі, профессор, жоғары математикадан қазақ тіліндегі оқулық авторы. 1932-1936 жылдары жоғары техникалық оқу орындары үшін қазақ тіліндегі математикалық терминологияны жариялады. Бұл – математика бойынша қазақ тілінде шыққан бірінші оқулық.

Қазір Қарағанды мен Қарқаралыдағы көшелер, мамандандырылған Кітап үйі, Ақадырдағы №131 мектеп Әлімхан Ермековтің атымен аталады.

1998 жылдың жазында Әлімхан Ермековтің туған жері Ақтоғайда Алашорда көсемдері Әлихан Бөкейханға, Әлімхан Ермековке және Жақып Ақбаевтарға ескерткіш ашылды.

Жыл сайын 25 мамырда мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш­орда үкіметінің мүшесі, математика саласынан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермековтің дүниеге келген күнінде Қарағанды қаласы маңында орналасқан зираты басына барып, рухына тағзым етіліп, құран бағышталады.

Жуырда Әлімхан Ермеков жерленген зират басы жаңғыртылып, қабіріне барар жолы жөнделді. Ұлт перзентінің немересі Олег Ермеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын және де басқа бірқатар ел азаматтары дұғаға қол жайды.

– Мәселе тек Алаш арыстарына ғана емес, жалпы ұлт мұраты, мемлекет мүддесіне адал қызмет еткен, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан барлық тұлғаға қатысты. Мәселен, Қадыр Мырза-Әліні неге тек батыс қадірлеуі тиіс?! Немесе Қасымды Қарағанды ғана төрге шығару керек пе?! Әлбетте, олай болмауы керек. Бұлар – күллі ұлтқа ортақ тұлғалар. Бөле-жарып, бөлшектеп, жеке иемденуге келмейтін аяулы арыстар, елге ерекше еңбегі сіңген есіл ерлер ғой. Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа, жастарға осы елдің бірлігі мен тұтастығын, ердің де, жердің де ортақтығын санасына сіңіруге тиіспіз. Меніңше, Әлімхандай бабамыздың бізге қалдырған басты аманаты, өшпес өсиеті осы деп білемін, – деді алқалы жиында Ерлан Құсайын.

Иә, Қарағандының ғана емес жалпы қазақ елінің ұлына, қазақ жерінің тұлғасына айналған Әлімхан Ермековтей батырларымызды ешқашан ұмытпауымыз керек, қайта ұлықтауымыз керек!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *