«Ұстазым менің, ұстазым…». Осы өлең жолдары бала күнімізден жатталып, көкейімізде сайрап, әуені санамызда мәңгі жаңғырып тұратындай көрінеді. Ұстазға деген сүйіспеншілік, сый-құрмет сезімі оянып, жан дүниені баурап алатындай. Мектеп табалдырығын аттағаннан бергі ұстаздарымды еске алсам, осы ән көкейімде қалықтайды да тұрады…
Мектепті аяқтап, саналы өмірге қадам басқанда толқисың, қобалжисың. Болашақ тағдырың қалай қалыптасатыны жоғары оқу орнына түсерде, мамандық таңдап, білім нәрін тұңғиықтан тата бастағанда ғана анықталады екен. Арқадағы қасиетті қара шаңырақтағы ұстаздарымның ішінде өмірлік жолымды, білім мен ғылымдағы жолымды дұрыс таңдауға себеп болған, жүрегімде ерекше із қалдырған дана, ойшыл, парасатты тұлға – Төлеуғазы Ысқақұлы еді. Ұстазыма арналған естелікті әріден бастауды жөн көрдім. Себебі естелік ұстазымның аруағына бағышталғанмен, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген, ұстаз ғибраты замандастарымыздың да, ертеңгі болашағымыздың да кепілі, қазіргі алдымыздағы шәкірттеріміздің де ой-санасын оятып, жан дүниесін тебірентіп, рух әлеміне қалықтап шығып, жалған дүниедегі пендешілік тірлігіне сын көзімен қарауға себеп болса игі болар еді.
Қалаға оқуға түсем деп келгендегі бастапқы ойым да, бір жағынан, сол пендешіліктен туындап еді. «Аяқ-қолмен атқаратын ауыр қара жұмыстан, баспен, тілмен атқаратын жұмыс жеңіл болады, жаның қиналмайды, шаршап, шалдықпайсың» деген жер бауырлаған түсінік. Шындығын айтқанда, ауылдағы күйбеңі бітпейтін: жаз болса – қой бағу, мал қайыру, шөп түсіру, аула сыпыру; күз келсе – жем-шөп дайындау, отын, қиды қамдау; қыс келсе – қора-қопсы тазалау, қар күреу; көктем келсе – мұз ою, жыра қазу дегендей дала тірлігінен қалаға қашқандағы «арам» ой осы «қиындықтан» құтылу еді. Бұл тәннің, нәпсінің рахаты қалауынан туындайтын пендешілік түсінік. Ал жан мен рухтың қалауын қалай танимыз?! Үлкен сұрақ! Ол жаныңа маза бермесе, «ұстазға деген мұқтаждық», «ұстазды іздеу» жолы осы мазасыз күйді бастан кешкен сәттен басталады. Менің оқу іздеп қалаға келгендегі «өзіме-өзім анық есеп бере алмайтын» әрі-сәрі күйім де осылай басталған еді.
Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсем деп үш рет: 1985, 1986, 1987 жылдары емтихан тапсырсам да шет тілінен «қанағаттанарлық» деген баға автоматты түрде қойылатындықтан, сынақтан өте алмай, ұнжырғам түсіп, ауылға қайтатын едім. Оның себебі: бәсекелестік өте жоғары еді. Бір орынға бес-алты талапкер таласады, емтихандарды «4» пен «5»-ке тапсырған күннің өзінде конкурстан өте алмай құлап жатады. Өз бөлем екі «4», екі «5» деген бағамен тарих факультетіне түсе алмай, филологияға амалсыз кетіп еді. Оған қоса қазақ ауылдарынан келген талапкерлерге шет тілі толық оқытылмағандықтан автоматпен «3» деген баға қойылады, сөйтіп конкурстан өтуге ешқандай үміт қалмайды. Содан үшінші ретте 1987 жылы құжаттарымды кешкі оқу курсына тапсырып, емтиханынан екі «үздік» деген баға алсам да жолым болмады. Жұмысшыларды оқуға түсуге дайындайтын курс болғандықтан еңбек өтілі маңызды екен. Ол конкурстан жоғары дегені 17 жыл, ең төмен дегені 5 жыл еңбек өтілімен конкурстан өтті. Мен 3 жылдық еңбек өтілімен тағы өтпей қалдым. Құжаттарымды алуға барғанда түңіліп кеткен түрімді көріп аяп кетті ме, қабылдау комиссиясының қызметкері: «Құжатты алмай тұра тұр, тағы бір мүмкіндігің бар, дайындық бөлімінің күндізгі бөліміне құжатыңды тапсыр», — деді. Үміт оты қайта тұтанғандай болды. Сол жылы М.С. Горбочевтің «қайта құру» саясатының жағымды ықпалы болды ма, әлде соның алдындағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің әсері болды ма, алдыңғы жылдарда ең көп дегенде сегіз-ақ орын беріліп келсе, енді одан да көп орын бөлініп, мен тізімде жиған балым бойынша он бірінші болып оқуға түстім. Сондағы қуанышымды мына өлең шумақтарымен қойын дәптеріме түсірген едім:
«Қуаныш сыймай көңілге,
Түскен соң мен рабфакқа,
Орындалды басты арман,
Дедім жар сап жан-жаққа!
Белді бекем будым мен,
Оқып білім алмаққа.
Бәрі осылай басталды,
Көңіл алаң тек сабаққа.
Достар да түскен менімен,
Осы жылы рабфакқа,
Бәрі де қазақ баласы,
Жиналған екен жан-жақтан.
Кең мінезді, аржарқын,
Ақкөңіл ауыл балалары.
Танысқаннан-ақ ұнаттым,
Осы еді менің арманым.
Алғашқы сабақ әсерлі,
Көңілге түрлі ой салды.
Ұйып тыңдап ұстазды,
Достар да отыр байсалды.
Көзде тұнған қалың ой,
Сезімге қатты берілген.
Әркімде бар ғой тәтті ой,
Рахатқа жанын бөлеген.
Іздеп бұрын жүргендей,
Осындай жарқын достарды.
Таныстық, қарым-қатынас
Әзілмен, міне, басталды.
Мейірімді жүздер тілектес,
Айтқызбай жаныңды түсінер.
Алға қойған мақсат бір,
Не болса да бір көрер.
Қайнаған өмір рабфакта,
Міне, осылай басталды.
Ой жүгірген сан-саққа,
Бір арнаға тоқталды!
Танысып, біраз сырласып,
Жақындап қалды арамыз.
Пікірталас үстінде,
Дауласып та қаламыз.
Бір-біріне ұқсамас,
Әркімде ой бар саналы.
Жай ғана тыңдап отырсаң,
Айызың қанып қалады.
Қылықты болған қыздары,
Жігіттер сырлы, байсалды.
Студентік өмірді,
Бәрі де бірдей аңсайды.
Арманы бір, мақсат бір,
Көңілді топтың алдында,
Белгісіз өмір жолы тұр,
Әкетер кімді қай жаққа?!.
Қарағанды қаласы. Бульвар мира 35.
Рабфак. №2 жатақхана, 5 қабат, 503 бөлме
Дайындық бөлімінде әдебиеттен басында Бақыт Кәрібаева деген ұстазымыз дәріс беріп, сыни ойлаудың не екенін санамызға сіңірді. Тарихтың шытырман оқиғаларының көзге көрінбейтін тылсым құпиясы мен заңдылықтарын қалай түйсінуге болатындығын қоғамтану пәнінен алғаш сабақ бергенде Сергей Васильевич Селиверстов деген ұстазымыз ұғындырды. Пәлсафалық сұрақтар қоя отырып, сан-алуан пікірімізді ортаға салуға, бәріне жауапты өзіміз іздеп табуға бейімдеді. 2-курста тарихшы апай Надежда Жакуповадан ғылыми зерттеудің әдіснамасы мен әдісін үйрендік. Әсіресе осы әдіснама (методология) пәнін өткенде ауылдан келген, орысша білмейтін, екі ауыз сөз құрап, ойын орысша жеткізе алмайтын біздер қатты қиналған едік. Алдымыздағы жылдары бұл пәнді ауылдан келген, қазақша ғана білетін студенттер игере алмай, жазғы сессияға қалдырылып немесе оқудан шығып қалып жататынын да естідік. Надежда Владимировна әр дәрісінің түсінбеген жерін түсіндіру үшін түстен кейін, сабақтары біткеннен кейін арнайы уақыт бөлетін. Кітапханада қанша уақыт, немен, қалай жұмыс жасайтынымызды тәптіштеп түсіндіріп, тіліміз жетпей жатса, сұрақпен жетелеп, ой ұшқынын тудыра отырып, кейін пәнді де меңгеріп, орысша да сайрап кетуімізге тікелей себеп болды. Осындай ұстаздарымызға ырзашылығымызды өлең жолдары арқылы жеткізетінбіз. 1991 жылы қара шаңырақта алғаш рет Наурыз мейрамын тарих факультеті студенттері жатақханада ұйымдастырды. Ұстаздарды жайылған дастарқанның төріне жайғастырып, алдарында ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғыртып, сахналық көрініс, өнер көрсетіп, ойын-сауық құрып, қабырға газетіне оларға арнаған өлең жолдарын жарияладық. Соның бірі Надежда Владимировна Жакупова апайдың лекциясына арналған еді:
Тартылған сымдай тік мүсін!
Қимылы – нық, сөзі – оқ!
Кірген бетте есіктен,
Дыбыс шықпас тыныштық!
Осымен-ақ бұл апай,
Бір сәтте шуды басады.
Орнатып тәртіп керекті,
Лекцияға көшеді.
Айтар ойы салмақты,
Берген дерек жүйелі,
Ми қонбасқа қондырар,
Біздерге осы керегі.
Оқудың не екенін,
Осыдан кейін түсінген,
Студенттің бірі мен,
Осы еді айтқым келгені.
Бұл қаталдық алғашқы,
Біздерді жөнге салғандай,
Қиын болса егер де,
Түсінеді бізді апай.
Қатал да болса адал-ды,
Адамның жанын түсінер.
Кейбірі оны түсінбей,
Жайылған бойы жүреді.
Ал, апай, сізге мың алғыс!
Оқудың мәнін үйреткен.
Еңбегіңіз жанып қашанда,
Көрініңіз шың биіктен!
Ұстаздарға арналған мерекелік құттықтау,
алғыс, әзіл-оспақ, шымшыма шумақтардан үзінді.
Қабырға газетіне жарияланған өлең. 1991 ж., 22 наурыз
Ал тек тарих емес, өмірді, жан дүниең мен қоршаған ортаңды, әлемді, ондағы өз орныңды түсінуді және мамандық таңдаған соң білім мен ғылымның ең негізгі қыр-сырын түсінуді 2-курстың көктемгі семестрінде пәлсафа сабағына Төлеуғазы Ысқақұлы келгенде түйсіне бастадық. Сол курс аяқталғанда қимастық сезіммен ұстазыма деген сүйіспеншілік пен құрметімді жоғарыда аталған қабырға газетіне өлең жолдарымен «Төлеуғазы ағайдың лекциясы» деген атаумен жариялап жеткізген едім:
Келгенде кіріп есіктен,
Қабағы қату, сұсты еді.
Ойланып, біраз жүрді де,
Әріден толғап, бастады.
Қомданған қыран бүркіттей,
Бастарда терең ой толғап,
Сөзіне айтар мән бергендей,
Қимылы кетер қалықтап.
Ойлана қарап отырмын,
Еліктеп қоңыр дауысына.
Не құдырет, не сиқыр?!
Қалықтап барад ой-санам.
Қиялшыл менің басымда,
Қисынсыз ойлар туады.
Шешуін тапса бірде ағай,
Шешілмей бірде қалады.
Даналыққа құштарлық,
Құмартқан жас біздерді.
Қиналтқан қиын сұраққа,
Болашақ жауап береді.
«Өмірдің мәні қайшылық.
Шешу оны мақсат па?
Шешілер бірде, шешілмес,
Түсіну керек бірақ та!» –
Дегендей ойлар қаумалап,
Қанатты құстай қалқимын.
Біткен кезде лекция,
Қатты әсер алып, толқимын.
Ал ағай болса жадырап,
Біздерге әзіл тастайды.
Ойлы бір сұрақ қойса егер,
Қуана бізді қостайды.
Қимаймын мұндай сәттерді,
Осынша қысқа болғаны.
Үзіліп тәтті қиял түсім,
Бір-ақ семестр болғаны.
***
Тұңғиық сырлы бұл пәнің,
Дәм-тұзын бізге таттырған,
Мың алғыс айтам ағайға,
Осынша әсер қалдырған.
***
Деніңіз сау боп қашанда,
Жадырап жарқын жүзіңіз,
Жұлдызыңыз туып оңынан,
Бақытты ғұмыр сүріңіз!
Сабақтан тыс уақытта, тіпті курс аяқталса да ұстазымыздың артынан қалмай, жақынырақ танысып, ішкі жан дүниесімен сырласуға да құштар болдық. Осындай талпынысты іске асырушы бір курс жоғары оқыған Омар Жәлелұлы Төлеуғазы ағаймен кездесулер ұйымдастыратын еді. Кездесу алдында ұстазымыздың әлі жарияланбаған қолжазбаларымен танысып, содан көңілге түйген ойымызды айтып, сұрақтарымызды қойып, армансыз сырласып, жанымыз рахатқа бөленетін. Ол кездесулер жатақхана ортасындағы дискотека, жиналыстар өтетін залда ұйымдастырылатын. Қолжазбалардағы бізді толғандыратын сұрақтар: адамгершілік, адалдық, достық, сенім, сүйіспеншілік, махаббат тақырыптарына арналған. Қара шаңырақтағы студенттік кезімде «ұстаз бен шәкірттің кіршіксіз адал рухани өзара қарым-қатынасы» дегенді тек ұстазым Төлеуғазы ағаймен сырласқанда ғана түйсініп, басымнан кештім.
Осы ұстазымнан бойыма сіңірген рухтың кереметі соншалық, тілін білмей, түпнұсқасын оқи алмайтын, орысшасын қанша қайталап оқысаң да миыңа қонбайтын неміс классикалық философиясының қағидалары көкейімде Төлеуғазы ағайдың санамызға қазақы түсінікпен, мақал-мәтелімен, қанатты сөздерімен, даналық қағидаларымен сіңірген білім арқылы жаңғырып жатқандай көрінеді. Оған өзімнің де таң қалуыма мына бір жағдай себеп болды. 2022 жылы құрмет тұтатын ағаларымның бірі Болат Сыздық фейсбукте «Ақиқат жүр адасып арамызда» деген сарында өлеңмен пост жариялап, оның арты қызу пікірталасқа ұласып, әркім өз топшылауларын жазып жатқанда, қай-қайдағым есіме түсіп, қияли пәлсафалық ойлар тұңғиығына өлең жолдарымен батып кетіп, пікірлерімді жазып жатқанда, философия маманы Фарида Фаттаховна апай:
– «Пікіріңізбен толық келісемін! Мен неге сұхбат басында неміс философы И.Канттан бастадым дейсіз! Сіздің философиялық ой-толғамыңыз И.Канттың «Критика способности суждения» деп аталатын еңбегінің «Критика эстетической способности суждения» деген бөліміндегі тұжырымдармен жанасады», – деп қалды. Осыған орай:
– «Иә, Канттың ілімі туралы дүниелерді студенттік кезде оқығанмен, шығармаларының өзін, нақты «Таза зердеге сын» деген еңбегін қанша бастап оқып көргеніммен, еңсере алмай, тісім батпайтынын мойындадым. Ұстазымыз Төлеуғазы Ысқақұлы: «түпнұсқаны өз неміс тілінде түсініп оқу керек, аударма арқылы Кантты түсіну қиынға соғады», — деп еді. Бізден бір курс жоғары оқыған Омар Жәлелұлы кейін сол неміс тілін үйреніп, түпнұсқаны игеремін деп жүретін. Өз басым тілге шамам келмейтін болған соң оған талпынған да жоқпын.
Ал Кант туралы дәрісті сүйсініп тыңдауға себеп болған ұстазым Төлеуғазы Ысқақұлының бір ерекшелігі – кез-келген түсінуі қиын күрделі философиялық ұғымдарды түсіндіргенде ылғи да қазақтың даналық ойы, қанатты сөздерін, мақал-мәтелдерін мысалға келтіре отырып, санамызға құйып беруші еді. Ой үндестігі сол ұстазымның дәрістерінен тамыр алады. Және әдіснама курсындағы таным мәселесі Канттың ілімін айналып өте алмайтыны өзінен-өзі түсінікті ғой», – деп түсініктеме бердім.
Сонда Фарида апай:
– «Қазақ дүниетанымы, оның әмбебаптары әлемдік философиялық ойлаудың, ешқандай елдің философиясы жете алмайтын, ойлау мәдениеттілігі жоғары, қазақы астарлы даналық! Төлеуғазы Ысқақұлы Батыс пен Шығыс даналығын ұштастыра білген философ. Ойлау мәдениеттілігін хакім Абайдан үйренген болар ағамыз, – деп түйіндеп еді.
Одан әрі ойын:
– «Төлеуғазы ағамыз ылғи да пікірталас ұйымдастырып отырушы еді. Классикалық неміс философиясын өте жақсы көретін. Сосын украинадағы Бычконы айтып отырушы еді. «Қазақ рухының философиясы» деген оқу құралын шығарғанда, сол кітаптың тұсаукесері болды. Сонда тарихшы Мырзағали Хасенұлы Төлеуғазы ағамызға сұрақ қойды: «Осы сіз Гегельді де жақсы көресіз. Оның «Рух феноменологиясы» деген еңбегі бар. Сол Гегельге еліктеп, сіз оқу құралын «Қазақ рухының философиясы» деп атадыңыз ба?» – дегенде, Төлеуғазы ағамыз: «Қазақтың рухы мен немістің рухы бір емес» деген еді!» – деп сабақтады.
«Әншейінде тарихшылар философияға онша мән бермей, фактімен «жер бауырлап» күнін көруші еді, мына тарихшыларға пәлсафалық ой мәдениеті қалай сіңірілген, кімнің қолынан мұндай керемет келуі мүмкін» деп кез келген оқырман таңдануы да мүмкін. Фарида апай да:
– Қай жылы кімдермен бірге бітірдің? Біздің философтардың біразымен хабарласып тұрамын, – деп жатты. Мен:
– «Ұлағатты ұстаз Төлеуғазы Ысқақұлының дәрісін асыға күтіп, басталғанда ұйып отырып тыңдап, уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай қалатынбыз. Мен 1988-1993 жылдары тарих факультетінде оқыдым. Қазіргі университетте жұмыс істеп жүрген курстастарым: Павел Солощенко (философия және психология факультетінде), Зульфия Хафизовна Валитова (әлеуметтану маманы), Виктор Максименко (шахмат шебері). Менің курстастарымның өзі бірінші курстың өзінде курстық жұмыс тақырыптарына ежелгі грек ойшылдарының өмір тарихы мен шығармашылығын алатын. Олар философиялық тақырыпта ой өрбіткенде өз басым тілдерін ептеп түсінгенмен, ойларына ілесіп, пікір айтуға тіл жетпей, қорланып отыратын едім. Бірақ сол бірінен-бірі асқан мықты ойшыл курстастарым өзіме қатты ықпал етіп, орыстың ғылыми тілін де бір кісідей меңгеріп кетуіме үлкен себеп болды. Екінші курстың төртінші семестрінен бастап студенттердің басшылыққа талап қоюйының нәтижесінде жеке қазақ тобы құрылды, Төлеуғазы ағамыз дәрісті қазақша оқитын. Қалған сабақтың барлығы дерлік аты қазақша болғанымен, негізінен орысша өтетін. Оған қазір өкінбеймін. Керісінше екі тілде де ғылыми мәтінді түсініп оқитын халге жеттік» – деп жауап бердім.
Шынында да Төлеуғазы ұстазымыз өз ісіне жан-тәнімен берілген, жан дүниесі рухани азықпен қоректенген, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен өнегесіне, адамгершілік құндылықтарын санамызға сіңіруге арнаған ерекше жаралған жан еді. Биыл мерейлі 90 жасқа келер еді…
Ұстазымды еске алып, оның ғибратын таң асыра жырлап, өнегесін өзіммен замандас әріптестеріме, артымнан ерген жас ғалымдар мен шәкірттеріме мұра қылып жеткізе алсам, одан асқан бақыт жоқ!
Ұстазымыздың жаны жәннатта, тәні рахатта болсын! Кейінгі ұрпақ игілікті ісін жалғастырып, жемісін ұлт қызықтасын! Еліміздің көркейіп, рухани дамуына қосқан ұстазымыздың үлесін лайықты бағалап, мұрасын көздің қарашығындай сақтауға жазсын!
Мәулен ЖАКИН,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Археология, этнология және Отан тарихы
кафедрасының профессор ассистенті,
«Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер»
Орталығының аға ғылыми қызметкері