Бұрын әкімдерге, оның ішінде облыс әкіміне кіру дегеніңіз, анау-мынау адам армандамайтын жаңалық еді ғой. Қазір, Құдайға шүкір, азаматтық қоғамның алғышартына жетелейтін «халық үніне құлақ асатын үкімет» атты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы көтерілгелі жергілікті партиялар мен үкіметтік емес үйымдардың алтын көпір болуымен аймақ атқамінерлерінің өзі қолжетімді.
Иә, қазір Қазақстанды білмеймін, Қарағанды аймағында азаматтық қоғамның айдарынан жел еседі десе, артық емес. Соның жарқын мысалы – жақында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Amanat» партиясының филиалында кезекті азаматтарды қабылдау өткізіп жүргені жақсылықтың нышаны емес пе? Партияның дәнекерлігі осындай игіліктерге жол ашып жатқаны нұр үстіне нұр. Және мұндай кездесулер тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатыны да қоғам дамуына сеп. Бұл жолы тұрғындар абаттандыру, медициналық көмек және қиын өмірлік жағдайда қолдау көрсету мәселелерімен жүгінді.
Қабылдауға Пришахтинскінің жергілікті қауымдастықтарының белсенділері, ПМК және Фин кентінің тұрғындары келді. Олар өңір басшысымен қаланың шет аймақтарын абаттандыру жайын талқылап, оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Алайда жұмыс тоқтап қалмауы керек екенін айтып, жеке секторды жарықтандыруды, қасбеттерді жөндеуді, күл үйінділері маңындағы аумақты көгалдандыруды сұрады. Сонымен қатар газдандыру әлеуетіне қатысты сұрақ қойылды.
Фин кентінде №60 мектеп – қаланың ең ескі білім ошақтарының бірі, 1968 жылы салынған. Мектеп аумағында футбол алаңы жоқ. Қабылдауда осы мәселені шешу жолдары сөз болды.
– Мектептер бойынша ауқымды реновация бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Ол тек ғимараттарды емес, аумақты да жаңартуға және тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді. Сіз көтеріп отырған мәселе орынды. Жасау қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзинге жағдайды зерделеу және әрі қарайғы іс-қимылды пысықтау үшін жергілікті жерге баруды тапсырды. Жалпы барлық мәселе қолданыстағы заңнама аясында көмек көрсетудің мүмкін нұсқаларын қарастыру үшін қабылданды.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
