Ана мен бала қорғансыз емес

Елде отбасындағы зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған нақты шаралар бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында бұл мәселеге айрықша тоқталып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай биыл әйелдер мен балаларды қорғауды көздейтін арнайы заң 15 сәуірде күшіне енді. Бұл заң шеңберінде құқық бұзушыларға қатысты жаза күшейтіліп, жәбір көрген жандарды қорғауда құқық қорғаушыларға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Қарағанды облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде ана мен бала қорғауға құқық қорғау органдары ғана емес, қоғамдық бақылау ұйымдары да үлес қосып келеді.

Ана мен баланың қауіпсіздігін, өмірін қамтамасыз етуде қоғамдық ұйымдардың үлесі қомақты. Бұл ұйымдар ана мен бала және ресми органдар арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 16 үкіметтік емес ұйым осы бағытта тығыз жұмыс істейді. Олардың тоғызы дағдарыс орталығы ретінде көмек көрсетеді. Яғни ана мен бала ол жерде уақытша тұрып, психологиялық, құқықтық қолдауға ие болады. Өкініштісі, жыл санап көмекке жүгінгендер саны көбейіп келеді. Осы уақытқа дейін сенім телефоны арқылы 200-ден аса әйел, дағдарыс орталығына келу арқылы 286 әйел көмек сұраған. Қазір 23 адам, оның ішінде 9 әйел, 14 бала дағдарыс орталығында уақытша тұрып жатыр.

Панасыздарға көмек көрсетуде Бірыңғай көмек көрсету орталығының қызметі маңызды болып тұр. 2023 жылдың тамызында жұмысын бастаған орталыққа биыл 642 адам жүгінді. Оның арасында психологиялық және заңгерлік көмек сұрағандар көп. Яғни 118 адам психолог қызметіне сұраныс білдірсе, 124 адам құқықтық қолдауға зәру екендігін айтты. Сондай-ақ 47 адам жұмыспен қамтылды. Ал 9 адамның құжатын рәсімдеу бойынша жұмыс жүргізілді.

Әйел мен баланы осындай қорғансыз халге түсірген еркектер де жазасыз қалған жоқ. Бұл орайда 138 абьюзер жазаға тартылды. Сонымен қатар жүзден аса отбасының тұрғылықты мекенжайы тексеріліп, жиырмадан астам қоғамдық шара өткізілді.

Жауапсыз әкелерден алимент өндіру ісіне де қоғамдық ұйымдар белсене араласып отыр. Мәселен, қамқорлық орталықтарының көмегімен 413 азамат алимент өндіру бойынша сот орындаушыларына жүгінді. Нәтижесінде 68,7 млн теңге өндірілді. Оның ішінде 24 іс тараптардың татуласуына орай тоқтатылды. Ал 15 отбасы медиация өкілдерінің қатысуымен келісімге келді. Яғни бұл жерде отбасыны сақтауға үміт болса, сол үмітті өшірмей, мүмкіндікті барынша қолдану көзделді.

Жалпы, биыл құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы болып жарияланды. Мұның ішінде отбасылық жанжалды болдырмауға назар аударылып отыр. Бүгінде отбасы мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсеткендерді анықтауда өсім тіркеліп отыр. Мәселен, жыл басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылықтар жасаған 1 570 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал былтыр осы уақытқа дейін 1 011-і жазаланған еді. Бұл жерде құқық бұзылушылықтарға органдарының да жауапкершілігі күшейді. Мысалы, жәбір көруші тараптан түскен шағымды елемеген 384 адам жауапқа тартылды.

– Президент тапсырмасына сәйкес құқық қорғаушыларға үлкен міндет жүктеліп отыр. Бұл жерде отбасылық жанжалдың салдарымен қатар, оның алдын алуға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде алдын алу бағытталған қорғау нұсқамалары 2 396-ға түсті. Былтыр 2 444 нұсқама қолданылған еді. Яғни 1,9 пайызға кеміп, азайып отыр. Алайда алдына келген шағымды елемейтін мамандар бар. Біз оларды дереу анықтап, жазаға тартамыз. Осылайша тиісті шараларды қолданбаған 384 адам жазаланды. Бұл жердегі өсім өкінішке қарай 4,1 пайызды еңсеріп отыр, – дейді Қарағанды облысы ПД Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева.

Қоғамдық ұйымдар мен ресми органдардың көздегені бір. Яғни отбасындағы жанжалдың салдарымен ғана күреспей, оның алдын алу. Осыған орай елде «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы өтіп жатыр. Бұл акция тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруды, отбасында айрандай ұйыған тату-тәтті қарым-қатынас құруды және зорлық-зомбылыққа төзіп жүре бермей, тиісті ұйымдардан көмек сұрауға үйретуді көздейді. Бұл орайда қоғамдық ұйымдардың қызметіне айрықша үміт артылып отыр. Өйткені кез келген отбасымен, кез келген анамен тығыз жұмыс істейтін осы ұйымдар екені анық.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *