Көмірлі Қарағанды қаласында туып өскен Ыбыраева Төлеу Закарияқызы 1963 жылы Қарағанды қаласындағы №2 мектеп интернатында оқып білім алған. Отбасылық жағдайына орай Шет ауданы Ақбауыр орта мектебіне аға жетекші болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Еңбектен қол үзбей жүріп, Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, жоғары кәсіби білім алды.
Мектеп оқушыларын рухани – адамгершілікке тәрбиелеу жолында әдептілік, рухани мәдениетті қалыптастыру мақсатымен жүйелі түрде мектепте мамандығы бойынша сабақ берді. Білім сапасын арттыру жолында жемісті еңбек жасады. Тұрмысқа шығып ана атанды. Өмірге іңгәлап сәбилер келе бастады. Ана асыл жар – ердің сәулеті, жақсы жұбай. Құтты шаңырақтағы дастархандары берекелі болды. Сегіз бала дүниеге келіп, он алты немере сүйді. Отбасының ертеңгі келешегі, ғұмырының жалғасы ретінде балаларына жақсы тәрбие мен білім берді, қазір бәрі де білімді, өз алдына шаңырақтары бар бақытты үйлі-баранды азаматтар.
Білім мен тәрбиені қоса ұштастыра білген жоғары білімді жас маман, осы аталған мектепте табан аудармастан 31 жылдай абыройлы еңбек жасап, құрметті зейнеткерлікке шықты.
- Қазақ халқы өз ұрпағын отбасында, тіршілік өмірде ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелеген. Ата-енесі ауыл – аймаққа сыйлы, адами түсініктері мол адамдар болды. Қаладан шалғай ауыл жағдайының бітпейтін көп тіршіліктері жетіп артылады ғой. Қайран ата-енем жамылған топырақтары мамық болсын, теріс қабақ көрсетпей мектептегі жұмысымнан қалдырмай бар жағдайымды жасап жүрді ғой, – деп Төлеу апай сол бір күндерді сағынышпен есіне алады.
Отбасының берекелі анасы, Төлеу Закарияқызы өнегелі ана. «Көшелі елдің баласы көш бастайды» дегендей, сексеннің сеңгіріне алқынбай шығып отырған «Еңбек ардагері» медалін жарқырата кеудесіне таққан еңбекқор ана. Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің бірнеше Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен біргеи «Алтын алқа» белгісінің иегері. «Қазақ әйелдері» энциклопедиясында есімі құрметпен жазылған ардагер ұстаз.
Өзгенің қуанышына қуана білетін Төкең кластасы, құрдасы «Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының» лауреаты, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Парасат» орденінің иегері Аман Жағдаұлы Жанғожинді мақтан тұтып, қадірлейді.
Сабырлы,сыпайы мінезімен жанындағы адамдармен ортақ тіл табысып, қамқорлық көрсетіп, жанашыр да бола білді. Жастарға жол көрсетуші, ақылшы, ұстаз да болды.
«Жақсының жүзі жарқын» дегендей Төлеу апа жан-жағына жылы шуағын шашып жүрген, ақкөңіл, ашық мінезді бауырмал ана, мейірімді әже, сыйлы ене, сырлас құдағи.
Ардагер Төлеу ананың отбасы – береке бірліктің қайнар көзі. Бес уакыт намазын окып жүрген бауырмал апа, «ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы» – деп шүкіршілік жасайды.
Тіршілік өмірімізді көріктендіретін қазақи әдет-салт үлкенге құрмет көрсету арқылы халқымыз биік мақсаттар мен асыл мұраттарға қол жеткізген. Ал, біз жылы иман жүзді Төлеу Закарияқызына, Алланың берген жасын жасап, отбасындағы балалар мен немере, шөберелердің қызығын көре беріңіз демекпіз.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
