Анталияда Арқа мәдениеті жарқырады

Анталияда Қарағанды өнері мен мәдениетінің байрағы тағы бір желбіреп, жаһанға мәшһүр болды. Тамам түркі баласы Арқа топырағының өнеріне көз суарып, құлақ қойды десек, артық емес. Көздің жауын алған Түркия қаласында тамам түркі баласының мәдениетін тұтастыратын дәстүрлі Йөрүк-түркімен фестивалінде биыл «Тоқырауын толқыны» ансамблі жарқырап көрінді.

Түркінің қарашаңырағы саналатын Алтайдан асып, еуразия кіндігінде қадау-қадау өркениет қалыптастырған ұлы түркі мәдениеті сан салалы. Соның ішінде түркімен бауырлардың салт-санасынан тамыр тартатын йөрүк ұғымының шопандықпен де байланысы бар дейді. Бүгінде бұл әлем қараған фестивалге айналып отыр. 13-15 қыркүйек аралығында Анталия қаласының әкімдігі йөрүк-түркімен мәдениетінің байлығын көрсету үшін кең шатыр орнатып, қалалықтар мен он тоғыз елден келген меймандарды қызыққа қалдырды.

Аталмыш фестиваль барысында Анталияда түркілік мәдениетке тән ас үй ыдыстары, ауылшаруашылық құралдары, кілемшелер, тоқыма станоктары, дәстүрлі киімдер мен Йөрүк қоныс аударуында шопандар пайдаланатын материалдардың көрмесі қойылады. Сонымен қатар, шатырда Анталияның фото көрмесі ашылады.

Бұған Қазақстаннан баратын екі өнер ұжымы таңдалыпты. Кімді апарамыз, қандай таңдаулы ансамбль бар дегенде, әлем деңгейінде кеңінен танымал мәдениет қайраткері Дүйсен Қорабайұлының кеңесімен Қарағанды облысынан Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқыны» ансамблі лайықты саналғанының өзі неге тұрады? Өнер ұжымы алдағы жылы 50-жылдық мерейтойына дайындық үстінде екенін ескерсек, бұл сапары атап айтарлық. Сонымен қатар онда «Тоқырауын толқынымен» бірге Алматыдан Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 2 ансамблі барып, өнерлерін көрсетті.

Мұны естіген Алания қаласындағы қазақтың қоғамдық мәдениет кеңесінің мүшелері Анталия қаласына келіп, қазақ елінің мәдениетін паш етуде өз үлестерін қосып, қолдау білдірді. Онысына біздің ансамбль ілтипаттарын білдіріп, қасиетті қара домбыраны сыйға тартты.

Атап айтсақ, шараның мақсаты – йөрүк мәдениеттерін түсіндіру арқылы түркі өркениетінің құндылықтарын жан-жақты көрсету. Йөрүк мәдениеті арқылы түрікменді бүкіл Түркиямен біріктіру.

19 мемлекет өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған фестивальде қонақтарға арнайы тағамдар ұсынылды. Йөрүк мәдениетін болашақ ұрпаққа берудің маңыздылығын атап өткен Анталия әкімі: «біз биылғы жылы үлкен шатыр тұрғызу арқылы мәдениетімізді ең жақсы жолмен ілгерілетуді және осы терең мұраны сақтауға үлес қосуды мақсат етіп отырмыз. Мен өз үлестерін қосқандарға алғыс айтамын», деді.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *