«ҚАРҚАРАЛЫ» ГАЗЕТІНЕ – 95 ЖЫЛ

Қарқаралы қаласының мәдени-сауық орталығында аудандық «Қарқаралы» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Тарихы тереңнен бастау алатын, өңірдің шежіресін жазып келе жатқан басылымның мерейлі белесін атап өтуге зиялы қауым өкілдері, ардагер журналистер, қаламгерлер, қонақтар мен аудан тұрғындары қатысты.

Мереке қарсаңында мәдени орталықтың фойесінде арнайы фотокөрме, басылым тарихынан сыр шертетін ескі машинкалар мен телефондар қойылған көрме дайындалды. Сахна ашық форматта безендіріліп, экранда газеттің 95 жылдық жолын айғақтайтын бейнематериал көрсетілді.

«Қарқаралы» газетінің әр кезеңдегі қызметкерлері, елімізге танымал ақын-жазушылар, республикалық және облыстық басылым өкілдері таныстырылды. Атап айтқанда, Назипа Асқарова, Рымбек Смағұлов, Бану Мұқашева, Тұрсын Жақыпбекова, Эльмира Хайруллина сынды ардагерлер мен өңір тумалары, сондай-ақ Ерғазы Қадашұлы, Ермек Балташұлы, Руслан Нұрбай бастаған қаламгерлер көпшілік қошеметімен сахнаға шақырылды. Сонымен бірге өңірдегі бірқатар аудандық және облыстық газет редакторлары мен журналистері, ауданның мекеме басшылары, ақсақалдар мен аналар құрметті қонақ болды.

Салтанатты шараның ресми құттықтау сөзін Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы Ілияшев сөйледі. Ол аудандық басылымның өңір дамуына қосқан үлесін атап өтіп, қызметкерлерді марапаттады. Аудан әкімінің Алғысхаттары Назипа Асқарова, Рымбек Смағұлов, Бану Мұқашева, Гүлім Жақыпханова, Тұрсын Жақыпбекова, Эльмира Хайруллина мен Саян Несіповке табысталды. Сонымен бірге «Қарқаралы» газетінің қазіргі ұжымына аудан әкімінің мерейтойлық құттықтау хаты және 1 миллион теңге сертификаты тапсырылды.

Шара барысында «Аңыз» би ансамблі «Шашу» биін орындап, мерекелік кештің шымылдығын ашты. Одан кейін Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты Нұрбек Құмырзақұлы құттықтау сөз сөйлеп, марапат тапсырды. Кешке арнайы келіп қатысқан белгілі ақын-жазушылар да сахнаға көтеріліп, жылы лебіздерін білдірді.

Мерейтой барысында табиғат лирикасын паш еткен «Табиғат падишасы», Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әні, сондай-ақ «Қарқаралы», «Ауылымды сағындым», «Арқалықтың ақ таңы», «Өмір ағысы», халық әні «Балапан қаз» орындалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Аңыз» би ансамблі бірнеше би композициясын ұсынды.

Кештің тағы бір маңызды бөлігі – жыр додасы мен эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау болды. Марапатты «Қарқаралы» газетінің редакторы Құрманғазы Өтебай мен қазылар алқасы табыстады. Байқаудың бас жүлдесі «Үздік поэзия» аталымы бойынша Әлібек Ахановқа, «Үздік шығарма» аталымы бойынша Марат Кәусарға бұйырды. Сонымен қатар әр аталымның жүлдегерлері мен арнайы сый иегерлері марапатталды.

Шара соңында МСО-ның вокалдық тобы мен «Аңыз» ансамблі «Атамекен» әнін орындап, мерейтойлық кешті түйіндеді.

95 жылдық тарихында талай оқиғаларға куә болған «Қарқаралы» газетінің мерейтойы аудан жұртшылығы үшін рухани мәні зор салтанат ретінде есте қалды.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ