Туризмге сұранып тұрған Қарқаралы – облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Орталық Қазақстанның шексіз далалары арасындағы табиғаты ерекше – құт мекен. Қарағанды өңірінің 90 пайыздан астам орман алқабын Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі алып жатыр.
– Қазіргі уақытта ауданда 3 мыңға жуық турист қабылдай алатын 37 орналастыру орындары бар. Жалпы бұл нысандарда 300-ден астам адам жұмыс істейді. Жылдан жылға бұл нысандардың саны ұлғаюда, яғни жаңадан заманға сай демалыс орындары салынуда.
2023 жылы ауданға келген ресми туристер саны – 10,4 мың адам. Ал осы салада көрсетілген қызметтер көлемі – 109,3 млн.теңге болды, – дейді Қарқаралы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Серік Төлеубек.
Туризм саласын жүйелі дамыту мақсатында «Қарқаралы ауданының туризмін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» әзірленді.
Қалада Құнанбай қажы мешітін жаңғыртылмақ, «Үш арыс» маңайында саябақ орнату көзделген. Сонымен қатар «Бәйтерек» монументін қайта жаңғырту, «Ту тұғыры» мемориалды алаңын құру, қалалық тоған аумағын және «Сасықкөл» тоғанын абаттандыру, қалаішілік және жаяу жүргіншілер жолдарын, ойын алаңдарын салу жоспарланған.
– Қалалық бөгеттің жалғасы болатын «Бұғылы» рекреациялық аймағының егжей-тегжейлі жоспары әзірленді. Жалпы жобаға сәйкес рекреациялық аймақ ауданы 75 га. «Бұғылы» рекреациялық аймағының егжей-тегжейлі орналасу жоспарына сәйкес негізгі 5 аймаққа бөлінген: Тыныш демалыс аймағы, Этно-ауыл, Ойын-сауық саябағы, Демалыс үйлер аймағы, Тау-шаңғы кешені.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан«Үлкен көлдің» су қорғау белдеуі анықталып, белгіленді. 2024 жылы су қорғау белдеуінің белгілері орнатылады.Ұзақ мерзімді перспективада «Бұғылы» аймағын «Үлкен көлмен» біріктіріп, бір тұтас демалыс аймағын құру жоспарда бар және де осы көл аумағында туризм саласына қатысты жобаларды жүзеге асыруға жер қарастырылатын болады, –дейді Серік Төлеубек.
Бөлім басшысы осы аймақтарда туризм саласындағы жобаларды іске асыруға әлеуетті инвесторлардан өтінімдер қабылдауға дайындығын айтты.
– Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ұлттық парк аумағында рекреациялық қызметті үйлестіру үшін Бас жоспары бекітіліп, туристік-рекреациялық мақсатта қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді пайдалануға берілетін жер учаскелері анықтады. Бүгінгі күнге Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағында әлеуетті инвесторларға жер учаскелерін беру алгоритмі пысықталуда. Жаңа жоспарға қосымша жалпы ауданы 10,78 га болатын 20 учаске қосылды:оның ішінде жалпы алаңы – 6,06 га ұзақ мерзімді пайдаланудағы 6 учаске және жалпы алаңы – 4,72 га қысқа мерзімді пайдаланудағы 14 учаске, – дейді ол.
Қонақтарға ыңғайлы болу үшін бюджет есебінен Қарқаралы қаласында санитарлық-гигиеналық тораптар қойылған, бұл жұмыстар жалғасып биыл негізгі туристік маршруттарда да орнатылады.
Туристерді табиғи нысандар – «Шайтанкөл», «Тас ертегісі» (Бассейн көлі), «Жиренсақал», табиғат мұражайы, тарихи нысандар – «Құнанбай қажы мешіті», «Үш үңгір», «Қызыл кеніш», «Алат қонысы», өлкетану мұражайлары, «Қалмақ қорғаны», «Алтын адам» қорымы, Шалғайдағы тарихи-мәдени және сауықтыру нысандары – «Қоянды жәрмеңкесі», «Мәди үңгірі», «Саумалкөл», Тәттімбет кесенесі күтіп тұр.
Туризмге бет бұрған Қарқаралыда қонақтарды күтіп алатын жолбасшыларды да оқыту жұмыстар жүргізілуде.
Мысалы, Облыстық кәсіпкерлік басқармасы, KIT («Knowledge Interaction Trends») кәсіпкерлік қауымдастығымен оқыту курстары, семинар-тренинг, желтоқсанда гид-экскурсоводтарды оқытуға арналған семинар тренинг өтті.
Қарқаралы қаласындағы М.Адекенов атындағы колледжге «Туризм» (тур-агент, экскурсовод), «Орман шаруашылығы» (орман шебері) мамандықтары бойынша түсу үшін талапкерлерді тартуға жұмыстар күшейтілуде.
– Ұлттық кұндылықтарды насихаттай отырып, этнотуризмды дамыту бойынша жұмыстар күшейтіледі. Кәдесый өнімдерін сату, ұлттық тағамдар мен ұлттық ойын түрлерін дамыту, агротуризм, аңшылық, балық аулау саласы. Ұлттық арнада Кент ауылының «Қымыз Party» ұйымдастырған жас кәсіпкерлер туралы бағдарлама шығарылды. Кент ауылында туризм дамытуға ЖК Динара Жақан 2022 жылы аудан әкімінің 1 млн. теңге грантын алды, – дейді Қарқаралы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Серік Төлеубек.
Туризмді дамыту өңірге инвестиция тартуға, туризмнің жаңа нысандарын және туризм саласына қызмет көрсету бойынша ілеспе қызметтерді ашуға мүмкіндік береді.
Мұның бәрі – жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті бюджетті толықтыру, қоршаған ортаны қорғауға тиісті қаражат қарастыру мүмкіндігі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ