Қарағанды қарғын суға қарық болды

Бұдан бір апта бұрын ғана Қарағандыда бәрі тыныш еді. Төтеншеліктер де  «20 наурыздағы жағдай бойынша су тасқыны кезеңінің белсенді кезеңі басталғанға дейін облыстан 2 млн. 400 мың м3 астам қар шығарылды,  жеке сектордағы қарды шығару бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде» деп ақпарат бере бастады. Бірақ, күннің күрт ысуы оларды да  халықпен қоса әбігерге салып қойды.

Осы уақытқа дейін қаладан далаға шығарылған қар еріп, қайта қалаға қарай сел болып ағып жатыр.

Қарғын су Республика даңғылы мен Құрылысщылар даңғылына дейін барды. Қала әкімі Мейрам Қожуховтың айтуынша су даладан, Күнгей шағын ауданы мен Үштөбе ауылынан келіп жатыр. Су диаметрі 1200 мм құбырға  түсуі керек, бірақ ол келген  судың көлеміне төтеп бере алмай жатыр.

«Коллектор толығымен толып қалды, Кеншілер  даңғылындағы құдықтан ағын су болды. Су жол бойымен «12 ай» дүкені орналасқан қиылысқа дейін ағып жатыр, біз бұл су ағынын каналға түсіріп, оны жер бедері бойынша қосымша айналма каналға жібереміз. Қазіргі уақытта үйлерді су басқан жоқ, су жол бойымен ағып жатыр. Бұл дауыл дренажын босатады. Сағат 21.00-де су азая бастайды. Бір түнде салынған шағын бөгеттерді нығайтамыз», – дейді Мейрам Қожухов.

Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов Тәттімбет пен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы жағдайға тоқталып өтті.

«Арықты нығайттық, тегіс емес жерлерді толтырдық, қапшықпен нығайттық, нөсер кәрізі суды алады, аулаларға су кірмейді. Мәселе бақылауда», – дейді Ералы Оспанов.

Дегенмен, қарғын судың көп келуінен Кеншілер даңғылындағы №23/7 үйдің тұрғындары зардап шекті. Онда суды сорып алу шаралары жүргізілді.

Осы үйге  көршілес «Панель центр» ықшамауданының  №12 үйдің тұрғыны Татьяна Ким мәселенің жылдан жылға қайталанатынын айтады.

«Су кәрізден келеді. Жуу, тұрмыстық техниканы пайдалану немесе дәретхананы пайдалану мүмкін емес, себебі бұл кәріз жүйесіне қосымша жүктеме жасайды. Содан барып  жертөлелерді суға батады. Үйлерді қалпына келтіруге бірнеше ай қажет»,  дейді жертөлесі суға толған Татьяна Ким.

Қарағанды ​​әкімдігінің баспасөз қызметі нақтылағандай, күн кенеттен жылынып, даладан, Үштөбе ауылы жағынан су келді. «Ол жақта қыста қар көп болды. Қазір оқиға орнында Қарағанды ​​облысының төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Арнайы қондырғылар арқылы су сорылады», – деді әкімдіктегілер.

Сонымен қатар Майқұдықта кем дегенде төрт жеке үйге су кірген. Өткен жылы да дәл осындай жағдай болған еді.

«Барлық бөлмеміз суға толды. Жөндеу жұмыстары енді ғана аяқталып, едендер қалпына келтірілген болатын. Дәл осындай жағдай биыл да басталды. Әкімдіктен көмек жоқ. Әкімдік қарды шығару керек деген соң, қарды шығарып, көлік жалдадық. Олар арқылы су ағып кететіндей етіп бетон науалар қойды. Барлығы пысықталды. Барлығы өз есебімнен. Бүгін барлық құзырлы орындарға үш рет телефон соқтым. Төтенше жағдайлар қызметкерлері «біз ақылы түрде келеміз», – дейді. Үйде мен ғана  жұмыс істеймін. Жөндеу жұмыстарына үш миллионнан астам қаржы жұмсадым. Қайтадан барлығын өз қаражатыма қалпына келтіруім керек пе? Қоңырау шалсаңыз, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді. Алдын алу жұмыстары болуы керек емес пе? Олар сонда ағып кетеді, оңтүстік-шығысқа жақсылық жасайды, ал біз зардап шегеміз?», –  дейді Чапаев көшесінің тұрғыны Оксана Озерова.

Оксананың көршісі де бұл сөзді растап отыр. «Үйге де су кірді, әйтеуір сорып аламыз», – деп қосты Алексей Сенчук.

Сонымен қатар, қаланың шетінде орналасқан «Баспана» тұрғын үй кешеніндегі дүкенді де қарғын су басып қалды. Кәсіпкерлер шығынды кім өтейтінін білмей отыр. Жертөледегі балабақшаны да су басқан. Су тартылып жатыр, бірақ балабақшаның жертөлеге қалай түскенін енді құзырлы органдар анықтайтын болады.

Қарағанды облысында тас жолды су басып, салдарынан көлік қатынасы қиындап тұр. 25 наурызда  екі бағыт бойынша автомобиль жолында жағдай нашарлаған. Ауа райының тез жылынып, қардың еруі салдарынан «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» бойындағы Көкпекті елдімекенінде су тасыды. Тұрғындар «асфальттің 30 метрі шайылып кетті» дейді. Оқиға орнына арнайы техникамен құм төгіп, жолды тегістеген мамандар сын сағаттың әлі алда екенін ескертеді.

– Өңірдегі штабпен бақылау жұмыстары жалғасуда. Бұқар жырау ауданы Молодежный кентіндегі екі жолды су басты. Жол қатынасына бір бағыт бойынша кедергі болды. Қауіп жоқ деп айтуға болмайды. «Қазгидрометтің» мәліметінше, жұмаға дейін күн ысиды. Тағы бірқатар аумақты аралауды жалғастырамыз, – деді Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.

Қарағанды облысы бойынша 150 елдімекен қауіпті аумақтың қатарында енді.

«Біздің ауылда қар еріп аулаларға кіруде. Кейбір үйлерді су басу қапі бар. Бұл басы ғана.  Өйткені, таудағы қар еріген жоқ. Бұл былтыр жауын толассыз жауып, арты суыққа ұрынып, жер қатуынан кейінгі болған жағдай. Сол қатқан тоң әлі жіпсімеді. Қарғын су үстімен жүріп кетті», дейді Жарық ауылының тұрғыны Алмас Жұмаділда.

Ал кеше ғана «Осакаровка-Есіл-Тельман-Молодежный тас жолы жабық. Су тасқыны» деген Құтқару қызметінен хабарлама келді…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *