Жаңа жылдың жаңа парағы

Биылғы Наурыз мейрамы он күн тойланды. Бұрыннан бар, ертеден солай тойланатын үрдіс «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Көрісу күнінен Тазалық күніне бір-ақ тірелді. Ұлыстың ұлы күні деп тегін айта ма қазақ? Қазақ даласындағы қай елдімекен болса да бұл күнді атаусыз қалдырмасы белгілі. Бұрын он күн тойламаса да, сондай көңіл күйде жүрер еді, көктем келеді, Наурыздан соң жаз деймін деп қуана бастайтыны өтірік емес. Енді сол көңіл мен ниет іспен бекіп жатыр. Біздің облыс орталығы Қарағандыға ғана емес, қай ауылға бармаңыз 21-22 күндері мерекелік нышан байқалмай қалмайды. Демек, Наурыз жалпыхалықтық мейрам болғалы қашан?

 

Мереке түбі береке

Ұлыстың ұлы күніқазақтар ежелден жақсылықтың жаршысы жетті, мейірбандықтың жылы лебі есті деп, Наурыз мейрамының мәртебесін көтере думандатқан. Күн мен түн теңеліп, тас екеш тас жібитін күн. Кебеженің аузы ашылатын, сүрдің соңы асылатын, қазан оттан түспейтін, алғашқы уыз қатырылады.

Наурыз төл басы деп те тамаша айтылған. Наурыз көже, оған салынатын тіл үйірер қазы-қарта, жал-жая, құйрық-бауыр, құрт пен ірімшік – бәрі де мал сүмесі. Төрт түлікті тең өсірген халқымыз аузыңды аққа тигізер сиырды – Зеңгі баба, желден жүйрік жылқыны – Қамбар ата, «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» делінетін қой түлігін Шопан ата, нар жолында жүк қалмайды делінетін түйені Ойсылқара деп тектен-текке мақал-мәтелге айналдырмаған. Ас арқауы, береке бастауы – алыс ауылдардағы бейнеткеш еңбекші қауымның «Қойы қоздап, қорада шу» деп бір серпіліп қалатын кезі де осы  көктем.

Наурызға байланысты бар ырым-жоралғы, үміт пен сенім пейілдің кеңдігін, ниеттің тазалығын білдіреді. Бұл күндері араз адамдар татуласып, бір-бірінің алашақ-берешегін кешірісіп, жан жарастырып, көңіл жақындастыратын жақсы дәстүр бар. Арада реніш, жүректе дақ, көңілде сызат қалмасын деп, шытынаған, кетілген ыдысты сындыратын ырым содан шыққан. Құдайын ұмытқан адамға дауа жоқ, әйтпесе осы кезеңде ешкім ұрлық-қарлық жасамауға, дау-жанжал тудырмауға, елдің тыныштығын алмауға тиіс.

 

Жыл тойлаудың жаңа мазмұны

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес 14 наурыз Көрісу күні – Амал мерекесі ретінде белгіленді. Бұған дейін Амал мерекесін еліміздің батыс өңірі кең көлемде тойлап келгені мәлім. Әсіресе батыс өңірінің тұрғындары, маңғыстаулықтарОтпан тауға жиналып, айрықша атап өтеді. Биыл бұл дәстүр жалғасын тауып қана қоймай, барша өңірде кең көлемде көрініс тапты. Алматы секілді үлкен шаһарларда көшеге шыққандар көрісу рәсімін бар сән-салтанатымен орындады.

Көрісу күнінің жалпыхалықтық сипат алуы Наурыз түсінігінің жаңғырғанын айғақтайды. Филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығайдың пікіріне сүйенсек, бұрын Амал мерекесін кең шалқар қазақ жұрты түгел тойлаған. Кейін кеңес өкіметі тұсында, керітартпа саясаттың кесірінен, тасада, ұмыт қала бастаған. Айтпақшы, көрісу салты бізде ғана емес, парсыларда да кездеседі. Қазақстандағы Иран елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Әли Әкбар ТалебиМатиннің айтуынша, осы күні жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, амандасып, олардың бата-тілегін алады.

«Адамдар арасындағы мейірімділікті, жақындықты арттыруға бағытталған көрісу салты осы аталған он күндік мереке ішінде орындалады. Қазақстанның батыс өңірлерінде ғана атап өтілетін бұл мерекенің қайта жаңғырып, биылдан бастап бүкіл ел көлемінде маңыз бен мәртебеге ие болып жатқаны қуанышты жағдай», дейді Әли Әкбар Талеби.

Өлкетанушы Ерлан Күзекбай Наурызнама аясындағы Ұлттық киім, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күндері науқандық іс-шараға айналмағаны жөн деп біледі. Оның пайымдауынша, мұның бәрі бір күнмен шектелмей, халқымыздың күнделікті өмірлік болмысына айналуы қажет.

«Осы салт-дәстүрлердің барлығы бір күндік насихат емес, халқымыздың өмір бойы ұстанып өтетін қағидасы болуы керек. Жоғалтқан мұраларымызды, салт-дәстүрімізді қалпына келтіру, жаңаша ұлттық тәрбиелік бастамаларға жол ашып, әр адамның жүрегіне терең бойлата беру негізгі мұратымыз болуға тиіс. Мұның бәрі еліміздің күнделікті ұстанатын ұлттық идеологиясына айналуы қажет», дейді Е.Күзекбай.

 

Жалпыхалықтық мейрам

Ұлттық спорт күні де қазақстандықтарға тың серпін бергені анық. Жер-жерде бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ атудан түрлі жарыс ұйымдастырылды. Соның бірі Қарағанды Облысы Шет ауданы Өспен ауылындағы көкпар. Онда ауылдың аға жігіттері мен жас өрендері ауыл сыртында тақым тартысып, салма көкпар тартып, ат үстінде өнер көрсетті. Ат үстіндегі өнерді тамашалаушылардың да қарасы аз болмады. Ал көкпаршылар жан алып, жан беріскендей қызыққа қалдырды. Қазақтың атам заманғы ойыны бұл ауылда жақсы сақталған. Жыл сайын Наурыз мейрамын көкпарсыз, ат үсті өнерінсіз өткермейді. Биыл ауыл сыртында жігіттер көкпар тартса, оған дейін орталықтағы мәдениет үйінде жасөспірімдер мен ересектер араласып қол күрес, кір көтеру сынды түрлі ойындардың көрігін қыздырды. Бұл ауданның бір түкпіріндегі ауылдағы аз ғана думан десек, жалпы аймақтың тойын түгендеу мүмкін емес. Көктің шуағы, жердің құрағы барда елдің ырысы мен тұрағы молая берсін.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *