21 қараша күні «Аманат» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Жиынға ХҚКО қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен құрметті қонақтар қатысып, өңірдегі мемлекеттік қызмет көрсету саласының дамуындағы маңызды кезеңді атап өтті.
Шара барысында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының үздік қызметкерлері марапатталды. Олар сервисті жетілдіру мен азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосқан мамандар ретінде атап өтілді.
Басқарма төрағасының орынбасары Айбат Ильясов өз сөзінде ХҚКО жұмысының негізгі жетістіктері ең алдымен қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиал директоры Тілеубай Құсайынов та өз құттықтауында жылдар бойы атқарылған маңызды жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта жаңа сервистер, цифрлық шешімдер мен міндеттер тұрғанын, бұл бағыттарды команда табысты жүзеге асыратынына сенім білдірді.
Өңірдегі басты басымдықтар ретінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту, қызмет түрлерін кеңейту және олардың сапасын арттыру жұмыстары аталды.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
