Қарағандылық ұландық әлемдік аренада топ жарды

Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында полиция мен армия арасында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған дзюдодан 19-шы халықаралық турнир өтті. Аталмыш байрақты додада әлемнің 9 елінен келген 19 команда бақ сынады. Жарыс Крылатское ауданындағы Олимпиада қалашығында орналасқан «Баскет Холл» спорт кешенінде ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасынан бұл турнирге Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) құрамасы қатысып өз күштерін сынады. Аталмыш құрама команданың құрамында Ұлттық ұланның да спортшысы да болды. Ұлттық ұлан атынан жарысқа қатысқан жалғыз жауынгер – 6505 әскери бөлімінің қызметкері қатардағы Еренқайыпов Қылыш Нұрланұлы 66 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, мықтылардың арасынан суырылып шығып, қола жүлдені иеленді. Бұл – тек Ұлттық ұлан емес, күллі қазақстандық спорт үшін де зор жетістік.

Сонымен қатар, Қылыш Нұрланұлы жақында ғана Семей қаласында өткен Ұлттық ұланның ішкі біріншілігі – қазақ күресінен өткен чемпионатта қарсыластарына дес бермей, 1-орынды жеңіп алған болатын. Екі түрлі күрес түрінен де үздік нәтиже көрсеткен жас сарбаз – Ұлттық ұланның абыройын асқақтатып, өз еңбекқорлығы мен қайсарлығын дәлелдеді.

Қатардағы Еренқайыпов Қылыш Нұрланұлының мұндай биік жетістіктері еліміздің әскери қызметшілерінің спорттық әлеуетінің жоғары екенін және олардың тек Отан қорғауда ғана емес, халықаралық спорт ареналарында да ел намысын лайықты қорғай алатынын көрсетеді.

Ұлттық ұланның жас сарбазының бұл жетістігі жас ұрпаққа үлгі болып, оларды отансүйгіштікке, табандылыққа және салауатты өмір салтын ұстануға баулитыны анық.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *