Қарағандылық Әсия Смықова Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауда жүлдегер атанды. «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры әрі оқытушысы барлық кезеңнен сәтті өтіп, өз әдістемелік жұмыстарын ұсынып, үшінші орынға ие болды.
Байқау еліміздің әр өңірінен үздік педагогтарды жинап, қазақ тілін оқытудың заманауи тәжірибелерін талқылап, тәжірибе алмасу алаңына айналды. Бар болғаны үш жыл бұрын құрылған «Шырақ» орталығы үшін бұл жеңіс – айтарлықтай жетістік.
Жарыс бағдарламасы үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар үй тапсырмасын қорғады – заманауи технологияларды қолдана отырып сабақ өткізу әдістемесін ұсынды. Екінші кезең блиц-викторина түрінде өтті. Сұрақтар Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен қызметіне, қазақ тілінің емле ережелері мен оқыту әдістемесіне арналды. Үшінші, ең жауапты кезеңде қатысушылар ешқандай дайындықсыз түрлі деңгейдегі тыңдаушыларға берілген тақырып бойынша ашық сабақ өткізді. Бар болғаны он минут ішінде олардың біліктілігі аудиторияның қызығушылығы, материалды меңгеруі мен қойылған сұрақтарға байланысты бағаланды.
– Қатысушылардың ішінде Қостанай мен Алматы облыстарының мұғалімдерін ерекше атап өтуге болады, – дейді Әсия Смықова. – Бұл байқау – тек бәсеке ғана емес, ең бастысы – тәжірибе алмасу алаңы. Біз әріптестеріміздің жұмысын көріп, үйренеміз, олардың әдістерін бойымызға сіңіріп, ең үздік тәжірибелерді өзіміздің оқыту жүйемізге енгіземіз.
Байқауда басқа қарағандылық мамандар да марапатқа ие болды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы бөлімінің меңгерушісі Жұпар Жақан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасы Ербол Тілешовтің алғыс хатымен марапатталды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы дәстүрлі республикалық байқауды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады. Негізгі мақсат – Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасын кеңінен насихаттау, оның идеяларын қазіргі заман талаптарына бейімдеу және қазақ тілін оқытудағы үздік тәжірибелерді тарату.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ