Эльмира Сайлауқызы – ақын, «FORMULA» жыр жинағының авторы, тіл жанашыры.
Мамандығы бойынша – педагог, режиссер, қойылым ұйымдастырушысы. КМҚК «Кеншілер мәдениет сарайы» басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Алғысхатымен марапатталған. Тіл саясаты комитетінің, «Amanat» партиясы төрағасының, облыс, қала, аудан, ауыл әкімдерінің алғысхаттарының иегері. Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы байқаудың жылдың үздік қайраткері аталымы бойынша жүлдегері.
***
Ағасыз-ақ,
Көкесіз-ақ,
Аяғыма нық тұрдым.
Кім не десе,
Дей берсінші
Мен сынбаймын!
Мықтымын!
Таныссыз-ақ,
Талай жерге,
Тамырымыз тарауда.
Жүзім жарқын
Ұялмаймын,
Елге тіке қарауға.
Абыроймен жүре аламын,
Ел ішінде еңселі.
Қандай соққы алсам дағы,
Түсірмеймін еңсемді.
Қоғамдағы қайғыны да,
Жұтып қойған екенмін.
Бұрынғыдай жыламаймын,
Құр жымиып өтемін.
Халық артқан үміт маған,
Талмас қанат күш берді.
Ішімдегі ақылды қыз,
«Қане, достым, түш» деді!
Жанымды ұққан бір әуенге,
Ақтарылдым сыр ашып.
Қайран көңіл толды өлеңге,
Кеттім әнмен сырласып.
Айтар сөз де қалмағандай,
Бәрі-бәрі сәттерде…
Естелік қып жазып қойдым,
Бәрін қойын дәптерге!..
***
Өзіме өзім өкпелеп қалып.
Жанымды жүдеу қалыпқа салып.
Көпке көрсетпей көңілдің жасын,
Жаныма бөтен адамды алып,
Жылағым келеді тау жаққа барып.
Таразым тең ғой қара мен аққа,
Кетіп барамын белгісіз жаққа…
Кешігіп қалсам күтпеңдер мені,
Тыныштық мені әлдилер бақта.
Қуанбай құшақ толса да гүлге,
Сөйлескім келмей ешкіммен мүлде.
Өзгеріп кеттім соңғы кездері,
Зауқым жоқ менің өмірге мүлде!
Көп ішінде де жалғызбын білем,
Қасқайып тұрып дұшпанға күлем.
Жігер мен жүрек мұқалып кетті
Өзімді алдап мен қалай жүрем?!
Даттағың мейлі…
Әділдік ақ па?!
Бір Аллам өзің жанымды сақта!
Кешігіп қалсам күтпеңдер мені,
Кетіп барамын белгісіз жаққа…
***
Өзегімді өртесе де өкініш,
Мен ешкімді қиғаным жоқ өкпеге.
Енді сені бауырыма баспаймын,
Мейлі ренжі, өкпеле.
Қуаныш пен мендік мұңның жаны бір,
Сөйле, ізде, сағын маған бәрібір.
Көп адамға жүрегімді ашпап ем,
Алдап соқты қу тағдыр!
Жақын көріп болмысыңды жаныма,
Балап едім туғаныма, бағыма.
Менің аппақ жүрегімді көрмедің,
Салмақ салдың жаныма!
Үнсіз ғана кете бардық жай ғана,
Амандастық көп ішінде өтірік.
Қолдан келген дүниені жасадым,
Енді сен жүр, өкініп…
«Қош келдіңіз» дедім дағы көктемге,
Еркелікті көрсеттім.
Маған енді барлығына бәрібір.
Жалғыздықты дос еттім.
***
Жабырқау жүрсем шаттық сыйлайтын,
Жанарымдағы мұңды ұрлайтын.
Ел жаққа келіп еркелеп жүрмін,
Сезім бөлек қой елде жырлайтын.
Жып-жылы жүрек, мейірім ерек,
Ауылға деген сағыныш бөлек,
Қаладан бір сәт қашып кеттім де,
Ел жақта жүрмін елге еркелеп.
Қиялға жүйрік қанат қақтырып,
Ерік беремін көздің жасына.
Аспанға қарап армандап кетіп,
Еркелей берем тау мен тасына.
Бойыма сіңіп киесі жердің,
Батасын алып келемін елдің.
Келіні емес, қызы боп кеттім,
Аппазым менің,
Беу, Туған жерім!
***
Өз өзімді жегіп тастап әр неге,
Мен адасып сыймай жүрмін әлемге.
Қиялымның ақ қанатын қайырып,
Жат боп кеттім өлеңге…
Сезіндім де үнсіз қатер төнгенін,
Бір сәуленің қимастықпен сөнгенін.
Жұбатамын өзім менен өзгені,
Сан алуан жанның ойнап рөлдерін.
Бетпердесіз шақты аңсадым ұдайы,
Шақтар қайда шаттанатын шынайы?
Көлеңкемнен кейде өзімнің қорқамын,
Сақта мені адамзаттың құдайы!
***
Қабағына қарайын деп
Тұрғаным жоқ ешкімнің.
Өзектегі өлеңімнен
Жоқ қой басқа ешкімім.
Деген жандар дей берсінші,
Маған енді бәрібір.
Көппен күйіп алыспаймын,
Енді менің жаным жыр.
Бақытымды іздемеймін
Бақыт менің басымда.
Күйген дүние күйіп кетсін,
Өлең менің қасымда.
Жастық құшып жыламаймын,
Мас күйге де түспеймін.
Жүрегімнің қалағанын,
Ақылменен істеймін.
Күн шуаққа күлімдеймін,
Сәулесіне шомылып.
Қолтықтасып кете барам,
Өлеңіме жолығып.
Маған енді шыныменен,
Барлығына бәрібір.
Кім не десе дей берсінші,
Өлеңменен жаным бір!
***
Ақылымнан ұтылдым!
Ақымақтау әйелдер жүр бақытты.
Тыныштыққа ұмтылдым,
Көп ішінен таппаған соң шаттықты!
Жалғыздықты таңдадым,
Болмаған соң одан өзге таңдауым.
Қоя салдым осы күйі барлығын,
Қажеті жоқ үтірменен жалғаудың.
Нәзік жанды екенімді елемей,
Тіршілікті көп алыппын өзіме.
Жүрегімді сезім күйге бөлемей,
Сұлулықты сыйламаппын көзіме.
Әлсіздігім қош келдің!
Әлді әйел!
Енді маған әмірлігің жүрмейді!
Сөз қыл мені, күл мейлі!
Енді менің әлемімде әдемі,
Сендей әйел аласұрып жүрмейді!
Қош!
***
Қарағанды,
Қарашаның кешінде,
Сырлы сезім қалды мәңгі есімде.
Бар ғаламды сыйға алдыма тартса да,
Бір сөзіңе татымайды еш мүлде.
Қарағанды,
Қарашаның кешінде,
Алып ұшар ғажап күйді кештің бе?!
Сырымызды ақтарыла айтпадық,
Сезім жайлы сөйлеспедік еш мүлде.
Саябақты ызғар басып тұр бүгін,
Жүрегімнен жалын өлең туса да.
Қарағанды түні құшты сұлуын,
Қиялында… болса да.
Жарқырайды бақтың әсем шамдары,
Жып-жинақы, әп-әдемі көрініс.
Оймақтай ой кетпей қойды таңдағы,
Жүрегімде… Өзгеріс.
Жанға жайлы Қарағанды кешінде,
Ақталудың қажеті жоқ ешкімге.
Бәрі-бәрі осылай да әдемі,
Бәрі-бәрі есімде.
Қарашаның кешінде!
***
Қайда кеттің күзге айналып көктемім,
Өлең керек сендегі…
Мен тәртіпті бола алмайды екенмін,
Болмыс бөлек мендегі!
Өз өзімді көндіре де алмаймын,
Ақылдының рөліне.
Ақымақтың күйін әйбәт сомдаймын,
Екі актілі бөлімде!
Сағынғанның жақсы екенін білемін,
Сағындыру ғанибет!
Өз жолыңмен жүре бергің, тілегім,
Өлеңде жүр әлдилеп!
Ел алдынан еңселі боп қайтсам да,
Сағым құшып кетемін.
«Хабарласпа, аман жүр!» деп айтсам да,
Ойлауменен өтемін.
***
Сөзіңізді бөлеп іңкәр өлеңге,
Құшып көрдім сағымды.
Бар бақытым сізге жазған өлеңде,
Түсініңіз… Жанымды!
Құштарлығым артса дағы күн сайын,
Тұншықтырдым өзімді.
Өзгені де, өзімді де алдадым,
Жоқ қылдым деп сезімді.
Екі кештің арасында сағынып,
Көңіл ала құйын-ды…
Сіз де мені ұқпай жүрген екенсіз,
Кімге айтайын күйімді?!
***
Марсқа кетейік қиялда,
Ысыршы барлығын!
Тәрк етші,
Ұялма!
Жарайды.
Үндемей қала бер.
Ақ пенен қараны,
Аршып ап бара бер.
Кінәні,
Алуға дайынмын,
Сезім бар,
Әдемі уайымым.
Білесің.
Сыртымнан бақылап,
Жүресің.
Бұл қандай күресің?
Кім білсін…
Бәлки сен күлерсің…
Өзің біл,
Барлығын қоямын.
Ойландым.
Ояндым.
***
Кешір өлең…
Қадіріңді білмедім,
Қанша жерден
Үнсіз қалып жатсам да,
Өзіңменен бір демім!
Кешір өлең…
Сағынышым өзіңсің,
Сен мендегі
Мөлдіреген сезімсің,
Сен мендегі сенімсің!
Кешір өлең…
Бөлмей жүрмін уақытты,
Алыстатқым келмейді,
Сен сыйлайтын бақытты.
Кешір өлең…
Қамқор саған болмадым,
Ал, сен мені
Әркез демеп қолдадың!
Жүрегіме ұялатып сағыныш,
Үнсіз хаттар жолдадың…
Кешір өлең…
Қадіріңді білмедім,
Ауырады сені ойласам жүрегім…
Тынымсыздық күйден бір күн арылсам,
Сен деп өмір сүремін!
Кешір Өлең!
***
Діріл қаққан дауысың,
Алды неге есімді.
Күнім деген сөзіңнен,
Бір жылылық есілді.
Күлімдедім жай ғана,
Көктем шуақ күйге ендім.
Ғаламат боп айнала,
Селк еткізді,
Сүйгенім.
Ой мен жүрек достасып,
Сағым құштым балдайын.
Қолды сермеп, қоштасып,
Жаным жалғыз қалмайын.
Ештеңе де керек жоқ,
Бір ауыз сөзің жетерлік.
Бір ауыз сөзге көңіл тоқ,
Мендегі сағым, еркелік!
***
Ақымақ болуды доғарып,
Уақытты үнемдеп,
Өзімді қолға алып,
Өмірдің арнасын өзгертем.
Сола Монова күйімді өзгерткен.
Өзгеге білмеймін өзіме
Өзге екем.
…Жандаймын рейске кешіккен.
Үндемей өзіме үнемі ұрысам,
Комплекстен арылып,
Құтылу керек-ау іштегі ұрыстан.
…Негізі…
Бақыт қой өзіңмен өзің боп ұғысқан,
Ұғуға тырысқан.
Келесі ұшаққа үлгеріп қалуға тырысам.
Уәде!
***
Тым суық сөйлесе бастадың,
Үмітті сөндіріп тастадың.
Жанымды жаралай бермеші,
Басқамын!
Бәлкім сен ойларсың жайымды,
Тасташы жүректен уайымды.
Туғызшы оңымнан бір сәтке,
Айымды!
Бір өксік қынжылтып кеудемді,
Көз күліп жүрегім жылайды.
Білмейсің жанымды емдеуді,
Не маған ұнайды?!
Сарылтқан сағыныш емес бұл,
Кезеңдер әлдебір өткінші.
Өзгерсем демегің елес бұл,
…Өкінші…
Дәмін де татпаған сияқты,
Сезінгім келеді сезімді.
Ысырып тастаймын ұятты,
Іздейін өзімді!
***
Есеңгіретті де,
Жиғызды есті
Бір ауыз сөзің оқ болып.
Сен мейлі сенбе,
Бір ғана демде,
Кетті ғой бәрі жоқ болып…
Лаулаған оттың
Бәрі де жалған
Өкпелемеймін ешкімге.
Адастырды да
Ақ құс боп арман
Қызық қалмады еш мүлде.
Құлыпқа түстім
Кілті ақылда,
Сайтаным қалды адасып.
Ормандай ойдан
Қалмасам игі
Асығыстықпен шатасып.
Бәрі де өтер,
Бәрі де кетер,
Ақ жүрек бәрін жеңеді.
Түсінер жанға
Өзгеріс ғажап
Болары сөзсіз мендегі.