Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адамның абыройын, қадірін өсіретін оның істеген ісі. Қай қоғамда да еңбектің маңызы ерекше. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып, игілікке жеткізеді.
Талай белестен өтіп, өмірдің тәттісін де, қиын кездерін де басынан өткеріп, адал еңбектің арқасында ұзақ жылғы бейнеттің зейнетіне шығып, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен сондай азаматтарымыз жоқ емес. Қазіргі таңда ел танитын, құрмет тұтатын азаматқа айналған кентіміздің байырғы тұрғыны Мұқашев Қадыр Қанапияұлы десек қателеспейміз. Бүгінгі мақаламыз осы азаматтың өмір жолына бағытталмақ.
Қадыр Қанапияұлы 1955 жылдың 18 мамыр күні Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентінде дүниеге келген. Отбасының екінші баласы, ұлдардың үлкені болады. Одан үлкен тек Орынкүл апасы ғана.
Әкесі Қанапия Мұқашұлы ІІ Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майданда фашистерден елімізді қорғап, ұрыстарға қатысып, аман-есен елге оралған жанның бірі. Өмір бойы қарапайым жұмыс істеген. Шындықты, әділдікті жақтап, ойындағысын көзге айтатын мінезі болған.
Анасы Жәмилә Бәкірқызы ауданымыздың Тағылы ауыл округіне қарасты Жұмыскер ауылының тумасы. Жұбайымен бірге 8 бала – 2 қыз, 6 ұл тәрбиелеп өсірген. Мінезі барынша жұмсақ, өте қарапайым болған. Осы мінезін білетін қайын – сіңлілері, абысындары ол кісімен қатты ойнап, қалжыңдасады екен. Соның бәрін ол кісі көтере білген. Қанша келіндері болса да, бірде-біреуіне қабағын шытып, дауыс көтеріп сөйлемеген. Қайта оларға білгенін, өмірден алған тәжірибесін, пайдалы ақыл-кеңестерін айтып отырған.
Қадыр Қанапияұлы жеті жасында Босаға ауылындағы мектепке барады. Сабағына зерек, ұқыпты болады. Әсіресе, гуманитарлық пәндерге қызығушылық танытып жүрген. Ал енді, тарих, әдебиет, биология пәндері алдыңғы қатарда тұрған. Қай бала болсын, өзінің жеке арманы болатыны белгілі. Жастайынан дәрігер, оның ішінде хирург болсам деп армандайды.
Мектеп бітірген жылы алғашқы еңбек жолын «Босаға» кеңшарының (совхозының) машина-трактор шеберханасында (МТМ) слесарь болып бастайды. Бір жыл өтілі бар жас жігіт Қарағанды қаласына оқуға барамын деп отырғанда үйлеріне аталас туысы, Қарағанды медициналық институтының түлегі Айтгүл апайы келеді. Дастархан басында отырғанда:
— Қадыр бауырым, медицина институтының қай факультетіне түспек
ойың бар? – деп сұрақ қояды.
— Емдеу факультетіне, хирург болғым келеді, – деп Қадыр жауап
қайтарады.
— Білесің бе, сол институтта бір өте жақсы «сангиг» деп аталатын
факультет бар. Санитарлық – гигиеналық саланы қамтиды. Менің тілімді алатын болсаң, сол бағытты таңда. Бұл дегеніміз адамзаттың денсаулығын жан-жақты қадағалайтын нағыз ер-азаматтардың мамандығы, – деп ақыл қосады.
Апасының берген ақылын қош көріп, 1973 жылдың тамыз айында Қадекең медицина институтының санитарлық дәрігерлер дайындайтын факультетіне түседі. Дәрігерлік мамандығын игеруде көп терін төгеді, қыр-сырын меңгереді.
Институт қабырғасында жүргенде студенттік отрядтарында құрылыс шараларына, күзгі ауылшаруашылық науқандарына қатысады. Студенттік өмір қызықты кезеңдерімен ерекшеленетіні анық. Жігіттермен бірге жүріп, гитарада ойнаумен әуестенеді, оларға қосылып әндерін де айтып жүреді.
1979 жылы институтты тәмамдап, қолына диплом алған уақытта оны арнайы жолдамамен Алматы облысының Шелек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясына жібереді. Осы жерде ол үш жыл бойы еңбек атқарады. Тәжірибесі мол, білікті дәрігер болып қалыптасқан станция бастығы Ғаниев Мұхамеджан Вильямұлынан көп нәрсені үйренеді. Қызметіне тиянақты, қатал тәртіпті қалайтын, қарамағындағы мамандарға талап қоя білетін, әрі әділ басшы ретінде оны құрметтейді.
Бір күні оған ауылдан анасы Жәмилә хабарласып:
— Қадыр балам, реті келіп жатса ауылға қайтып келсең қалай болады?
Үйдегі бауырларың өсіп келеді, оларға әке орнына әке болып, қамқорлығыңа алсаң, – деп қолқа салады.
Оңтүстіктегі қызметіне әбден үйреніп қалса да, ананың өтінішін жерге тастауға болмайды. Екінші жағынан бауырларын ойлайды. Ақыры аяғы ауылға қайту керек деген шешімге келеді.
Елге келген соң Ақадыр аудандық ауруханасының дәрігері болып қызметке қабылданады. Осы жерде жас жігіт өзін жан-жағынан көрсете бастайды. Көп ұзамай оны жастар өздерінің комсомол ұйымының секретары етіп сайлайды. Жастармен біршама ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Мекеме арқылы қаражат бөлгізіп музыкалық аспаптар алғызады. Эстарадалық вокалды-инструменталдық ансамбль құрады. Өзі де электр гитарада ойнап, ән айтады. Мереке күндері ансамбль мүшелері өз мекемелерінде, кенттің, ауданның Мәдениет үйлерінде мәдени шараларға қатысады. Тіпті осы ансамбльмен ауданның елді мекендерінде, басқа жақтағы қалаларда да өнерлерін көрсетіп жүреді. Осындай бастамашыл қадамдарымен ұжым мүшелері, одан қалды кент халқы арасында бедел иесі бола бастайды.
Жастар арасында біраз жұмыс атқарған Қадыр Қанапияұлы ендігі кезекте кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланады. Бұл бағытта да біршама жұмыстар жүргізіп тастайды. Кәсіподақ саласындағы жемісті еңбегі ескеріліп аудандық медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағалығына ұсынылады. Аудан көлеміндегі медицина мекемелері кәсіподақ ұйымдарының жұмысы барынша жанданып, жаңа жолға қойылады. Дәрігерлік міндеттері мен қоғамдық жұмыстарын қатар жүргізген медицина маманы екінің бірі өте алмайтын Коммунистік партия ұйымының қатарына қабылданады. Жылдар өте аурухана ұжымының партия ұйымының секретары болып та сайланады.
Мамандығы бойынша жұмыс істей жүріп, қоғамдық жұмыстардың барлық сатысынан өткен (комсомол, кәсіподақ, партия ұйымдары) Қадекең 1986 жылы аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл жұмыста аудандық аурухана, емханалардың, фельдшерлік-акушерлік бекттерінің, отбасылық-дәрігерлік зертханалардың материалдық-техникалық жағдайын нығайтуда, кадрлармен толықтыруда біраз еңбегін сіңіреді.
Сол кездегі қызметі туралы Қадыр Қанапияұлы былайша еске алды:
— 1989 жылы Ақадыр ауданы бойынша сары аурудың ірі өршуі
(вспышка гепатита) орын алды. Әсіресе Ақшатау, Ақжал кенттерінде, Қарабұлақ, Ақшатау, Ақшағыл, Босаға, Қызылтау, Ортау ауылдарында сандаған балалар ауырды. Елді мекендерге шығып ауырған балаларды анықтап, оларды аудандық ауруханаға жіберіп отырдық. Мұндайда вакцина егу ғана құтқара алады. Сол себептен сау балаларға вакцинация жүргізіп, мектеп, интернат, балабақша ғимараттарының ішіне, төсек орындарына санитарлық залалсыздандыру шараларын жасаумен айналыстық. Бас кезінде Қызылтау ауылында болып, Босаға ауылына ауыстым.
Мұнда да Қызылтаудағыдай шараларды жүргіздік. Бір мекеменің алдында тұрғанымызда ауыл ішіне судай жаңа сары УАЗ көлігі кіріп келді. Ішінен бойшаң, ірі денелі, қараторы жігіт ағасы түсті. Бізге жақындап келіп, өзін Жезқазған облыстық санитарлық — эпидемиологиялық станция бастығы Жанаев Таңатар Балабиұлымын деп таныстырды. Жанында еріп келген аудан басшылары жоқ, тек көлік жүргізушісі ғана. Мен ол кісіге аудан бойынша белең алған жағдайды, жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндап бердім. Қонағымыз аудан бойынша жағдайды дәлдеп айта алғаныма ризашылығын білдірді.
Сол күні Таңатар Балабиұлы ауылда қонып, таңертең жолға жүрер алдында: «Қадыр, өзіңмен әлі кездесеміз!» деп қоштасып кете барды.
Бұл тосыннан болған кездесу Қадекеңнің болашақ басшысымен алғашқы танысуы еді.
Келесі жылы облыс орталығы Жезқазған қаласына бір жиынға барғанда Таңатар Балабиұлы Қадыр Қанапияұлын облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Әділханов Әлмұханбет Сәрсенбайұлының қабылдауына кіргізіп, Ақадыр ауданының санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігерлігіне ұсынатынын айтады. Бөлім бастығы бірден Ақадыр аудандық аурухананың бас дәрігеріне телефон шалып, орынбасарын санитарлық-қадағалау саласына ауыстыратынын жеткізеді.
Сонымен 1990 жылы Мұқашев Қадыр Қанапияұлы Ақадыр аудандық, кейін Шет аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау станциясының (кейінгі жылдары басқарма) бастығы қызметінде болды. Бұл қызметті ол 26 жыл бойы абыроймен атқарды. Кейін үш жыл бойы Шет, Ақтоғай аудандық және Приозерск қалалық «Ұлттық сараптама орталығы» бөлімшелерін басқарып, осы қызметтен зейнеткерлікке шықты.
Санитарлық қызметті басқарып жүргенде аудан тұрғындары арасында профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларын жүргізіп, нәтижесінде жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтай білді. Кадрлармен пәрменді жұмыс жүргізіп, көптеген шәкірттерін дайындады. Солардың білімділігін жетілдіруде, жоғарғы және І, ІІ санаттағы дәрігерлер болуына қол жеткізді. Қол астындағы дәрігерлердің бірі республика көлемінде өткен конкурста «Үздік санитарлық дәрігер» атанса, енді бірі Қарағанды облыстық байқауда «Госпиталды үздік дәрігер-эпидемиолог» дәрежесін жеңіп алды. Енді бір шәкірті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінде қызмет атқарды.
Басқарған мекемесі жұмысының рейтінгісі жоғары болып, Жезқазған, Қарағанды облысы бойынша тек алдыңғы қатардан көрініп жүрді.
Қадыр Қанапияұлының еңбегі әрдайым бағаланып отырды. Елеулі еңбегінің арқасында «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қарағанды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына 50 жыл» мерекелік медалімен наградталып және «Үздік маман иегерлері» аудандық байқауының «Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясын жеңіп алған. Онымен қоса, республикалық, облыстық сала басшыларының, облыс және аудан әкімдерінің берген марапаттары қаншама!
1998-2003 жылдары аралығында Шет аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды, тұрақты комиссиясының төрағасы болды. Бұл жердегі де еңбегі жоғары баға алып, «ҚР мәслихаттарына 20 жыл» медалімен, ҚР мәслихаттарының 30 жылдық мерекесіне орай ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Зейнеткерлікке шықса да, ардагер ағамыз ауданның, кенттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Шет ауданық Қоғамдастық кеңесінің мүшесі болды. Қазіргі уақытта кенттік ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Қадыр ағамыздың елден ерекше бір жақсы қасиеті бар. Ол поэзиямен әуестеніп, жанынан өміріміздің әр сәттерінен жақсы өлеңдер жазады. Онымен қоса Омар Хайямның, Мұқағали Мақатаевтың, Қасым Аманжоловтың, Қадыр Мырзалиевтің, Мұхтар Шахановтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Жүрсін Ерманның басқа да ұлы ақындардың өлеңдерін жатқа айтады. Бір тақырыпта әңгімелесіп отырсаң, соған байланысты өзінің немесе басқа ақындардың өлеңін келтіріп жататын әдеті бар.
Қадыр Қанапияұлынан өміріңізде болған бір қызықты оқиғаны айтып бересіз бе дегенімде:
— 1992 жылы Ақадыр ауданында, Айыртаудың баурайында қазақтың
әйгілі қолбасшысы Ақжолтай Ағыбай батырдың 190 жылдығына орай үлкен ас берілгенін жақсы білеміз. Бұл астың республикалық дәрежеде өткені де баршамызға белгілі. Сол мерекелік шарада еліміздің көптеген облыстары ақшанқан киіз үйлерін тікті. Біздің ұжым да үй тігіп, асты ұйымдастырушылар бөлген қонақтарды күтіп алдық. Асқа облыстағы басшым Таңатар Балабиұлы да келген. Астың соңында ол кісі: «Қадыр, мен Ақадырға қайта беремін, сені үйде тосамын. Сен киіз үйіңді жығуды ұйымдастырып, асықпай келерсің!», — деп жол жүріп кетті.
Мен шаруаларды реттеп бітірген соң үйге жеттім. Үйге кіріп, залға өтсем үйде екі бірдей (күлімдеп) бастығым төрде отыр. Екеуі бір-бірінен аумайды. Көздерімді уқалап тағы қараймын. Мүмкін бастықтың бауыры ма деп тағы ойлаймын. Түрі де сондай таныс. Зайыбым Гауһар қонақтарды күтумен әлек. Бастығым менің таң қалып тұрғанымды түсінді ғой деймін: «Қадыр, бұл кісі атағы жер жарған, Социалистік Еңбек Ері, КСРО-ның Халық әртісі, опера әншісі Ермек Серкебаев ағаң. Менімен бірге келді» деп таныстырып жатыр. Мен жүгіріп барып екі бірдей қолымды бердім.
Сөйтіп, ойда жоқта біздің шаңырақта аты аңызға айналған Ермек ағамыз қонақта болып, батасын беріп кетіп еді, – деп әңгімесін аяқтады.
Қадыр Қанапияұлының өмірлік жары Гауһар Әмірбекқызы. Алматы қаласының политехникалық техникумын бітірген. Біраз жылдар бойы кентте орналасқан «NOVA-Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде товаровед болып жұмыс істеген. Кейіннен Ә.Ермеков атындағы тіректі мектебінде кітапханашы қызметін атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
Ерлі-зайыптылар бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені Тілек Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникация академиясын бітірген. Оқуын тәмамдаған соң сол академияда алты жыл оқытушы болып жұмыс атқарды. Қазір Астана қаласында тұрады. Жекеменшік фирманың менеджері.
Мектеп жасындағы Бекнұр есімді немересі өсіп келеді..
Қыздары Дина Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы психолог, логистикалық фирмада жұмыс істейді. Алматы қаласында тұрып жатыр. Жұбайы Ермек Төлеутайұлы жеке кәсіпкер. Екеуінде Амеля есімді қыздары бар.
Мінеки, бүгінгі кейіпкеріміз Мұқашев Қадыр Қанапияұлының жетпіс жасқа дейінгі жүріп өткен дара жолы осындай! Жетпістің желкенін бағындырған ардагерге біз шын көңілімізбен отбасына, әулетіне амандық-саулық, бақ пен береке тілейік.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті