Архив дегеніміз – тек қағазға басылған құжаттар қоймасы ғана емес, елдің өткені мен болашағын байланыстыратын, сондай-ақ халықтың деректі жадының сақтаушысы, әрі елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығын сақтаумен қамтамасыз етеді. Халықаралық архивтер күні үшін 9 маусым кездейсоқ таңдалмаған – дәл осы күні, 1948 жылы, ЮНЕСКО-ның шешімімен және қамқорлығымен Халықаралық архивтер кеңесі (ХАК) құрылған болатын. Осы ұйымның құрылған күні Халықаралық архивтер күні ретінде белгіленді. Ал бұл мереке алғаш рет 2008 жылы аталып өтіп, ХАК-тың 60 жылдығымен тұспа-тұс келді.
«Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві» Коммуналды мемлекеттік мекемесі Қарағанды облысының ғылыми-техникалық потенциалының барлық түрін жинақтап, бір жүйеге келтіріп, сақтайтын республика көлеміндегі жалғыз мамандандырылған облыстық мұрағат мекемесі.
Өткен ғасырдың 90-жылдардың бас кезінде қоғамдық-экономикалық құрылымның өзгеруіне және қаржыландырудың жетіспеушілігі немесе тоқталуына байланысты, көптеген ғылыми-өндірістік базасы бар ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық мекемелер мен ұйымдар ауыр экономикалық дағдарысқа ұшырады. Бұл мекемелерде штаттар қысқарып, ғимараттары жалға беріліп, кейбіреулері тіпті біржола жабыла бастады. Нәтижесінде ведомствалық мұрағаттар зардап шекті.
Қарағанды облысының аумағында тек қана Қазақстанға емес, бүкіл Одаққа маңызы бар, ірі өндірістік кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу инститтутар, жобалау- констукторлық мекемелер болды.
2007 жылы мұрағаттың дамуы мен ғылыми-техникалық құжаттаманың толық сақталуы үшін, Әкімшіліктің 2007 жылғы 21 желтоқсанының №28/04 қаулысымен «Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама бойынша мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесі дербес заңды тұлға болып құрылды. Қазіргі таңда архив ауданы 701,1 м2 алып жатыр, оның 400 м2 архив қоймасы алады. Архивте 15 қызметкер жұмыс атқарады.
Архив Қарағанды қаласы мен облыстың сәулеті, техникасы, ғылымының қалыптасуы мен даму тарихының ретроспективті ақпаратын, ауыл -шаруашылық және ғылыми мақсатта қолданатын құжаттарын сақтайды, мемлекеттік есебін жүргізеді, ведомстволық архивтер жұмысына әдістемелік-ұйымдастыру жөнінде көмек көрсетеді.
«Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві» КММ Қарағанды жер экспедициясының 1872 жылғы бірегей техникалық құжаттары, 1931 жылы ҚарЛаг жанынан құрылған Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институтының құжаттары, 1945 жылы құрылған Қарағанды металлургия комбинаты құжаттары, 1939 жылы құрылған Қарағанды ботаникалық бағы, 1942 жылы құрылған Карагандагипрошахт институтының құжаттары сақталған, бірқатар бүкілодақтық маңызы бар өндірістік бірлестіктер, ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық институттарының құжаттары бар.
Архив ісі сан салалы мемлекеттік мекеменің жинақтау көздері болып табылатын мекеменің іс-қағаздар, архив пен сарапшы қызметтермен өзара байланысы – оларға іс-қағаздары мен істерді қалыптастыруда әдістемелік, практикалық көмек көрсету, Ұлттық архив қоры құрамына енгізу үшін құжаттардың құндылығына сараптама жасау, іріктеу, тұрақты сақтауға беру үшін дайындау, жеке құрам бойынша құжаттарды ретке келтіру, іс-қағаздары мен архив ісі бойынша нормативтік, әдістемелік құжаттарды дайындау, мекеменің іс-қағаздары, архив, сараптау қызметін жетілдіру және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру; Мұнымен қатар құжаттардың құндылығына сараптама жасау: архив құжаттарының уақытша сақталу мерзімінің аяқталуы, сонымен қатар жабылған мекемелерден түскен жеке құрам бойынша құжаттар, мемлекеттік мекемеге ерекше жағдайларда құжаттардың реттелмеген күйде түсуі тағы бас бірнеше бағытта жұмыстар атқарады.
Қазіргі жоғары технологиялар дәуірінде архивистер тек құжаттарды сақтау емес, оларды ғылыми, мәдени, әлеуметтік мақсаттарда тиімді пайдалану, қажетті ақпаратты жылдам іздеп табу, мәліметтерді дәл түсіндіру және нақты пайдаланушыларға бағыттап жеткізу үшін заманауи технологияларды меңгеріп, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Архив – өткеніміздің айнасы. Ол болмаса, мемлекет тарихын, қоғам дамуын, тіпті жеке отбасының шежіресін де дәл анықтау қиынға соғар еді. Сондықтан да архивтік құжаттар заңдық дәлелдерге негіз болады, тарихи зерттеулерге арқау болады, елдің тарихи жадысын қалыптастырады және мәдени мұраны сақтайды.
Темірғали АРШАБЕКОВ,
Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы