Үкіметтік емес ұйымдар халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосып отыр. Мәселен, Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан “Белсенді ұзақ өмір” орталығы ашылды. Бұл орталықта қарттар ағылшын тілін үйреніп, компьютерлік сауаттылық курстарынан өтеді. Және емдік дене шынықтырумен, бимен және тағы басқа кәсіппен айналыса алады. Яғни қариялардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне тиімді жағдай жасалған. Осының нәтижесінде егде жастағы балқаштықтар қоғамдық істерден шет қалмай, белсенді араласып жүр.
Мұндай жобалар ел көлемінде некен-саяқ. Ал Балқаш сияқты шағын қалада ашылуы қарияларға зор қуаныш сыйлады. Қазір орталық басқа өңірлердегі орталықтармен тәжірибе алмасып, жұмыс сапасын бұдан әрі жақсартуға күш салып отыр. Ұлт саулығын арттыруға барынша көңіл бөлуге Президент тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы жергілікті жерде орындалып жатқанының бір көрінісі осы.
- Қазыналы қарттарға арналған “Белсенді ұзақ өмір” орталығы Балқашта жұмыс жасап жатқаны баршамыз үшін қуанышты жаңалық. Қазірде тәжірибе алмасу мақсатында орталықтар бірнеше өңірде жұмыс істеп жатыр. Орталық ашылғаннан бері 162 адам бізге жүгінді. Зейнеткерлер үшін тегін үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Бүгінде оңалту гимнастикасы, тренажерлік зал, йога, скандинавиялық серуен, тоғызқұмалақ, шахмат, теннис, еңбек терапиясы, әлеуметтік желілер үйірмелері мен профилактикалық массаж бар, – дейді жоба жетекшісі Кемелбек Аханов.
Орталықта дәрігерлік тексерістен бастап, массаж, йога, бассейн сияқты қызмет түрлерін тегін алуға болады. “Лера” фитнес клубы, “Ақтеңіз” бассейні, Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі, қалалық тілдер орталығы және Балқаш спорт клубы мекемелерімен келісімшарт жасалынып, ардагерлер өздерін қызықтырған істерімен айналысуда. Сонымен қатар, ардагерлер клубында қолөнердің әр алуан түрлерін меңгеріп, спортпен шұғылдану үшін жағдай жасалған. Ал Рақымжан Қошқарбаев атындағы Балқаш технология және сервис колледжі арасындағы уағдаластыққа сәйкес шеберлік сабақтары өтіп тұрады.
- Орталықта қазақ, ағылшын тілдерін меңгеруге мүмкіндік бар. Жалпы, қазіргі таңда Президенттің халықтың жағдайын жақсартуға қатысты берген тапсырмасы аясында жергілікті билік бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Қарияларға жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға қолдау білдіріп отырған Балқаш қалалық ардагерлер кеңесіне алғысымыз шексіз, – дейді маман Балхия Аймамбетова.
Демография мәселелерін зерттеп жүрген сарапшылар адамның тез қартаюының алдын алу үшін белсенділік орталықтарын көбейту керек деп санайды. Бұл орайда Балқаштағы жоба да халық денсаулығын нығайтуға ойдағыдай үлес қосып отыр. Яғни зейнет жасына шыққан қариялар бос уақытын төрт қабырғаға қамалып, терезеге телмірмей, өзіне де, қоғамға да пайдалы іспен шұғылдану арқылы өткізіп жүр.
Манас АҚСАРЫ.