Қазір қазақ бір-бірінің үйіне кіріп қал сұрай ма? 1990-шы жылдардың соңындағы ауылда «кірер қалмады» деп қамығып отырған қартты талай көрдік. Қазір олардың бірі жоқ. Үнемі атпен жүруші еді жарықтықтар. «Кірер қалмады» дегені «қауқылдасар қатарым сиреді, кірер үй қалмады» дегені ғой.
«Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде, тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет —
Қарттарым, аман-саумысың?!» демей ме атақты Сағи Жиенбаев? Қазір қарттардың қалын біліп, жағдайын күйттейтін жастар бар ма екен? Үкімет тарапынан әрине қамқорлықтар мен жеңілдіктер жоқ емес. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп тегін айтты дейсіз бе қазақ? Ал кеттік онда, тым болмаса осы бір күнді қиялық.
Бірінші қазан – қазақ даласында ғана емес, халықтар арасында Қарттар күні. Мейірім мен құрметке толы мереке, ата-әжелерге, аға буынға деген алғыс пен сыйластықты білдіретін ерекше дата. Атаулы күн 1990 жылғы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында бекітіліпті ғой. Ал, қазақ халқы ертеден қартын, үлкенін сыйлаған ел. Тек бүгінде бұл тәрбиені қаншалықты сіңіре алып жатырмыз ұрпаққа? «Тоқсандағы қарт бабаң, топқа жаяу бармасын» деген Бұқар жыраудың өзі. «Үйіңдегі қария жазулы тұрған хатпен тең» дегенде сол жырау.
Жапонның белгілі бір ғалымының пікірі еске түседі. «Бұл ел жер бетінен өмірі құрып кетпейді, себебі, атасы мен анасын, жалпы үлкендерін қатты құрметтеп, сыйлайды екен» деген сыңайда толымды пікір қалдырған әлгі оқымысты. Қаншама қырғын мен сұмдықтан көші қисайса да, қалай аман шығып келген деп ойлайсыз қазақ халқы? Өмір құнын білгендігінен. Өзіне өмір сыйлаушы, өзіне дейін тер төгуші үлкендерін құрметтеп, солардың жолын кейінгіге үлгі ете білуінен. Өйтпесе, әрине тепе-теңдік бұзылып, береке мен бәтуа кетеді. Қартың тұрмақ, астыңдағы атын да күтіп мінген елдің баласы сол жолынан айырылмауы тиіс.
Қазіргі қарттар күнінің мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу, бағалау, сондай-ақ олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жан-жақты қамқорлық көрсету екен. Қазақ қоғамында ертеден бар институт, тек қана жандандыру қажет. Өйткені, формат ауысты. Соған қарай қарттық та, жас ұрпақтың әрекеті де орайласса, көш көлікті болмақ.
Ерзат Ермағамбет