«Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі»

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын  айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң. Конституция мемлекетіміздің ең жоғары күшке ие заңдар жинағы.

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум өткізіліп, жаңа Конституция өз күшіне енді. Бұл Конституция бойынша Қазақстан өзінің президенттік басқару түріндегі зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіп отыр.

Негізгі заң – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы ең басты тетік болып саналады. Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасынынң ең басты құндылығы адам, оның өмірі, құқығы және бостандығы делінген. Осыған сәйкес ешкім де адам өмірін, бостандығын шектей алмайды. Тегіне, нәсіліне, ұлтына, тілі мен дініне байланысты ешкімді кемсітуге болмайды.

Мемлекеттің негізгі заңы Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, тарихи тағдыры тамырлас көптеген ұлт өкілін қазақ жерінде ынтымаққа ұйытып отыр. Ата Заңымызға аса ыждаһаттықпен қарау, оны құрметтеу – өз елімізді, төл тарихымызды, барша жетістігімізді қадірлеу.

Ата Заңымыз азаматтарға құқықтар мен бостандықтар белгілеумен қатар, бірқатар міндет жүктейді. Ең алдымен, Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу – әркімнің міндеті. Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады. Заң жақсы жұмыс істеу үшін, оны бұлжытпай орындау күнделікті дағдыға, әдетке айналуы керек. Заңға құрметпен қарау – біздің ортақ парызымыз. Заң алдымен елде әділеттікті орнату үшін қажет. Осы күні әділдікті іздеген жан алдымен заң баптарын терең білуі керек. Сонда ғана іздеген әділдігі алдына шығады.

Ата Заң мемлекеттің өсіп-өркендеп, қарыштап дамуына тікелей ықпал ететін мызғымас темірқазығы. Сондықтан 30 тамыз елдігіміздің ең киелісі Конституция күні ерекше қастерлі. Ежелден белгілі қағидат бар: заңдылық сақталған жерде ғана тұрақты да орнықты даму болады. Заңдылық сақталмайтын, конституциялық өзегі орнықсыз  мемлекеттің  болашақта дамуына кедергі болады.

Сонымен алда келе жатқан Қазақстан Республикасы Конституция күні құтты болсын! Ата Заңымыз еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығын, жақсылығы мен берекесін арттырсын.

Д.К.АЛМЕНОВ,

Шахтинск қалалық сотының

судьясы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *