«Уа, атамекен, туған жер! Қандай көркем, әсем ең?!» Жаһанның 10 елінен елімізге табанын тіреген қандас оқушыларымыздың, бауырларымыздың қуаныштан һәм шаттықтан шыққан жан сөзі. «Отандастар қоры» ұйымдастырған «Jas Qazaq» жазғы лагеріне биыл АҚШ, Түркия, Польша, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай және Қырғыз Республикасынан 150-ге жуық этникалық қазақ баласы келген. Осымен мұндай ауқымды шара бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
Өзбекстанда қазақ руханиятының шырақшысы болып жүрген, білім саласында елеулі еңбегі бар, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының «Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бойынша» бөлімше басшысы, білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Клара Садирбаева еліміздің бай табиғаты, тарихымен таныссын деп оқушылар алып келген.
– Биыл оқушылар Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Шучье көлінің жағалауынан орын тепкен «IQanat High School of Burabay» мектебінің жанынан құрылған жазғы лагерьге 47 бала алып келдім. Мұнда олар екі апта қазақ тілі, тарихы, салт-дәстүрі және ұлттық ойындар туралы үйірмелерге қатысып, киіз үй құруды үйреніп, ат ерттеп, домбыра және өзге ұлттық аспаптарды меңгереді, – дейді Клара Қондыбайқызы.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев арасындағы ынтымақтастықтың, екі ел арасындағы достықтың арқасында білім саласына зор ықпал білдіріп жатыр. Жастарға деген қолдау да өте жоғары. Оқушылар келешекте атамекенінде білім алуға өте құштар. Бұл жағынан Қазақстан елі барлық мүмкіндік жасап отыр. Сол үшін әрине алғыс білдіреміз. Алдағы күнде еліміздегі ЖОО өкілдерінің қатысуымен білім көрмесі өтеді. Бұл ауқымды шара болмақ.
Осы елеулі дүниеге ұйықты болған «Отандастар қоры» президенті Данияр Қадыровқа алғысымды айтамын. Сондай-ақ, аталған ұйымның жоба үйлестірушісі, кеңесші Дидар Болат пен білім және жастармен жұмыс жөніндегі маман Лашын Жанарбектің орны бөлек. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасы Науаи облысы білім бөлімінің жетекшісі Айдын Урумбетованың да еңбегін атап өткім келеді, – деп түйіндеді ол.
Әрине, мұндай шаралар жас өрендердің, қандастарымыздың зейінін ашып қана қоймай атамекенге деген сүйінпеншілігін одан әрі арта түсетіні анық.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ