АТАСЫНЫҢ ҮКІЛЕГЕН ҮМІТІ (очерк)

Біз, Қарағанды қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығында музыка маманы Сәуле Хажайдың ұйымдастыруымен ашылған «Сәулем-ай» хор ұжымы, «Ұрпақтар сабақтастығы» аясында Ерден Халилин басқарып отырған Әлия Молдағұлова атындағы Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернаттың шақыруымен Қарттар күні қарсаңында барып қайтқан болатынбыз. Сол кештің модераторы болған Арыс Әкежан деген оқушыны газет оқырмандарына таныстыруды жөн көрдім.

Арыс әу баста халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы ЖББМ-де оқып жүрген. Ол өз қатарластары арасындағы алғыр оқушы болып кішкене кезінен көзге түскен. Оның кітап оқуға құмарлығы әрі сынып жетекшісі Алма Төленовна Игілікованың берген жақсы білімінің нәтижесінде өзінің ана тіліне деген құрметі ерте оянған. Арыс небәрі 3 сыныпта оқып жүрген кезінің өзінде-ақ «Дара бала» журналында оның мына екі шумақ өлеңі жарық көрген.

 

АТА-ӘЖЕ

«Ботақаны» атандым,

Әжем менен атамның.

Арыс атты ұлымын,

Ұланымын Отанның!

 

Ата-әжеме адалмын,

Тілегі сол баланың.

Үлкендердің әрқашан,

Тәлімінен нәр алдым.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей оның алдындағы ағалары Жарас және Ұлыс Жандосұлдары жас кездерінен спортпен шұғылданып, спорт шеберлері деңгейіне жеткендеріне қызыққандықтан Арыс Әлия Молдағұлова атындағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатында оқуды армандайды. Сондықтан 7 сыныпта сынақтан өтіп, осы мектепке қабылданады.

«Әке балаға сыншы» деп бекер айтылмайды ғой, марқұм атасы Арысты кішкене кезінен бастап тек «ботақаным» деп атап, одан көп үміт күтіп: «осы ботақанымнан бірдеңе шығады» деп отыратын.

Енді Арыс атасы мен әжесінің сүйікті ұлы болуымен қатар мектебінің де мақтанышына айналды.

Қазір Арыс Қарағанды қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резревтегі мектеп-интернаты коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 8 «Ә» сынып оқушысы, сынып жетекшісі ағылшын пәнінің мұғалімі Айтолқын Сөртібайқызы Аязбай өз ісіне өте берілген білікті ұстаз. Ол әр шәкіртінің тыныс-тіршілігін жіті бақылауда ұстап отырады, Арысты өзінің оң қолындай көреді. Айтолқын Сөртібайқызы оқушыларының шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, өзінің құзіреттілік аясын кеңейтуден жалықпайды. Мысалы, Арысты қазақ әдебиеті мен қазақ тілін жақсы көретінін, өлең шығара білетінін ескере отырып, олимпиадаға қатысуға дайындады. 2023 жылы Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы» КММ-ның ұйымдастыруымен өткен «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты ХVІІ Абай оқулары байқауының «Абай – ұлы ақын» арнау номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, ІІ дәрежелі ДИПЛОММЕН марапатталды. Дипломға қоса 40 000 теңгелік сертификатына ие болды.

АБАЙҒА АРНАУ

Абай – дана, Абай – дара алашта,

Төтеп берген мың түрлі көзқарасқа.

Қалың елін шығарам деп түнектен,

Ар-намысы түскен талай таласқа.

 

Абай – ұлы перзенті ғой халықтың,

Нағыз өзі тау көтерген алыптың.

Қара сөзі қасиетті құрандай,

Ал жырлары жарқыраған жарық күн!

 

Әке жолын, ата жолын ақтаған,

Бабалардың жақсы салтын сақтаған.

Қайран жұртын сүйіп өткен мәңгілік,

Құнанбайдың баласымен мақтанам!

 

Жүрегімді мен де жырға орадым,

Дұшпаныма дауыл болып соғамын.

Дәл Абайдай бола алмауым мүмкін-ау,

Бірақ елдің қамқоршысы боламын!

 

Осындай бір байқауға қатысқанда Арыс өзін былай таныстырған еді:

 

Сарыарқаның қасиетті жерінен

Қаражалдың асқақтаған төрінен,

Әулетінен Әкіжанның қақтым қанат

Атым Арыс, руым Қалыбек елінен.

 

Әкем Жандос немересі Жұмабектің

Атам асқар тау еді ғой, бір туары елінің,

Анам Сауле айдай қызы Хажайдың

Тәрбиесі төгіледі нұр тұнған жердің.

 

Ағам Жарас чемпионы еліміздің

Атанды күміс жүлдегері әлемнің,

Мақтан етем ағамның тұлғалығын

Асқақтатар абыройын қазағымның.

 

Кіші ағам Ұлыс та спорт қуған

Тәрбиемен денсаулықты шыңдар бірге.

Мен де болам ағалардай өнегелі

Мен де болам ағалардай өрелі.

 

Қарындасым Сағынышты бірге қорғап,

Ағаларым тәрбиенің кілтін ұстағандар.

Қазақылық төрде орнығып,

отағасы айтса ақыл,

Сол ақылмен талай шыңдар алынар!

Арыс қазақша күрес бойынша және өзге де спорт түрлерінен қалалық, облыстық бірнеше сайыстарға қатысып І, ІІ және ІІІ орындарды жеңіп алған тәжірибесі бар. Ал дзюдо бойынша Арысты спортта жаттықтырып жүрген бапкері Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін 2011 жылы Дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген, 12 жылдық жұмыс өтілі бар, ҚР дзюдо Федерациясының 5-1 дәрежелерін тағайындау бойынша сарапшысы, Қазақстан Республикасының дзюдо бойынша спорт шеберлігіне кандидат, жаттықтырушы ретінде бірнеше танымал спортшыны дайындап шығарған, 2020 жылдан бері осы МОРМИ-ында дзюдо бойынша жаттықтырушы-бапкер болып қызмет атқаратын Елдос Көшкінбаевич Әбішев. Бапкері де Арыстың талабын қанаттандырып, дзюдо спортының тәсілдерін үйретуден жалықпай келеді.

Соның арқасында «Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі Арыс Жандосұлы Әкежан дзюдодан «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» ретіндегі спорттық разряды берілген КУӘЛІГІН 10.11.2023 ж. иеленді. Осы жасөспірім кезеңіндегі алған бір асуы.

Бұл мектеп-интернатта Арыстың тәрбиешісі болған Кенжегүл Танатовна Махашованың жоғары адамгершілігі, адалдығы, жұмысқа бар ынта-жігерімен беріліп істейтіндігі, әділдікті қорғайтындығы ол кісі көшіп кетсе де осы мектептегі достары Жұмабек Ернар, Жанатай Саян, Искаков Алдияр, Асылбек Зейнел апайларының ақыл-кеңестерін үнемі естерінде сақтап,  атына кір келтірмеуге тырысып жүреді. Арыс көпшіл болғандықтан бұл мектептен де тыс Бауыржан Санжар деген сияқты дос-жолдастары да баршылық. «Сенің кім екеніңді айтайын, досыңды көрсет» деген тәмсіл бар, сол тұрғыдан алғанда Арысты достары ұялмай кімге болсын көрсете алады.

Құнарлы топыраққа түскен дән мол жеміс беретініндей, Арыстың бабасы Кентай ақсақал қара сөздің майын тамыза тақпақтап сөйлейтін кісі болған. Шәкерімдей саят қорада тұрмаса да, көп өмірі табиғат аясында өткен саятшы, аңшы еді. Арыстың да табиғатқа жақындығы содан шығар, ауыл десе ішкен асын жерге қойып, атасымен бірге қой бағысқанды ұнататын. Кейін келе қойдың кезегіне де өзі бара беретін. Василек деген атын сылап-сипап, күшік кезінен асыраған Құмай тазысын серік етіп алатын. Одан бергі Қырықбай атасының әрі ақындығы, әрі композиторлығы болғандықтан Қаражал қаласының Құрметті азаматы атанып, тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылған. «Алтын бесік – Сарыарқам» және «Асау өмір арнасында» деген кітаптары басылып шыққан, ал жарық көрмеген қолжазбасы әлі екі томдық. Осы дарын Арыста қайталанып тұр.

«Жігіттің жақсы болмағы – нағашысынан» дегенге саятын болсақ, үлкен нағашы аталары елді аузына қаратқан ақылгөй жан болған, ол кісінің өнегелі өмірі туралы кітап та шыққан. Екі бірдей текті тұқымнан жаралған Арыс Алла жазса, оқуда да, спортта да талай биіктерге жетіп, Әкіжан атасының үмітін ақтайтынына сенемін, тек тіл-көзден аман болсын. Ал ересектер болашақ чемпиондарымызды, ақындарымызды, ғалымдарымызды қолдап, қорғап, қанаттандырып отырудан жалықпайық, дәріптей білейік.

Рымбала СМАИЛОВА,

аудармашы, журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *