Қазақ тілі басты орында

Қарағандыда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің алғашқы өңірлік форумы өтті. Оған 500-ге жуық педагог, тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Форумда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқыту әдістемесі, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін арттыру, қазақ тілді оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениеті, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда цифрлық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.

– Бүгінде облыста 6 оқу орталығы және 8 мемлекеттік тілді оқыту курсы жұмыс істейді. Қазақ тілін жылына 3500 адам оқиды. Ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, Қарағандыдағы Достық үйінде бірнеше жылдан бері «Мәміле» клубы, Балқашта «Маржан сөз», Саран қаласында «Тіл кз» және т. б. тіл үйрету курстары өңіріміздің ірі сауда орталықтарында ашылды. Мемлекеттік тілді басқа ұлт өкілдері арасында танымал ету үшін біз бірнеше жыл бұрын «Мың бала» жобасын бастадық, – деп атап өтті форумда Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Форум «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы мен ҚР Білім министрлігінің бастамасымен Қарағанды облысының тілдерді дамыту және білім басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырылды.

«Қазақ тілі» жұмысының негізгі бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету.

– Біздің мақсатымыз білім беру жүйесіндегі тілді оқыту әдістері мен құралдарын қарастыру және осы саладағы мамандарға әдістемелік және техникалық көмек көрсету болып табылады. Біздің ойымызша, қоғамдағы тілге қатысты көптеген мәселелер білім беру жүйесіндегі тілдік дағдылар мен құзыреттіліктерді қалыптастырудағы кемшіліктердің салдары болып табылады. Егер балабақшада, бастауыш және орта мектепте тіл мен әдебиетті оқыту жоғары деңгейде болса, онда біз көптеген мәселелерді оңай шешер едік. Біздің мақсатымыз – осы ортада жұмыс істейтін мұғалімдерді қолдау және қорғау. Бір жағынан, біз ғылыми, әдістемелік, техникалық және әкімшілік жұмыстарды талқылағымыз келеді, ал екінші жағынан – оқытушылардың пікірлерін, олардың ұсыныстарын, оларға қандай көмек қажет екенін тыңдағымыз келеді. Қарағандылық мамандар бірнеше оқу-әдістемелік кешендер құрды. Біз осындай кешендер мен құралдардың барынша көп болғанын қалаймыз, – дейді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Форумда Рауан Кенжеханұлы қазақ тілін қолдану аясын кеңейту және оның тартымдылығын арттыру бойынша іс-шаралар мен жобаларды ұсынды.

«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының ғылым және білім жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы өз сөзінде оқулықтардың сапасы мен мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырудың өзекті мәселелерін қозғады.

BMG UpSkill директоры Әсел Мұхаметжанова бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын арттыру туралы ақпаратпен бөлісті, ал Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.

Сондай-ақ, «Тіл қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының әдістемелік LAB басқармасының басшысы Жазира Ысқақова қазақ тілін оқытудағы ІТ-жобалар туралы айтып берді.

Форум аясында Қарағанды облысында соңғы үш жылда шығарылған оқу-әдістемелік құралдардың көрмесі ұйымдастырылды.

– Форумда біз «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің үшінші басылымын таныстырдық. Кітаптың мұқабасында үш QR коды бар: біріншісі – веб-сайтқа, екіншісі – YouTube арнасына және үшіншісі – кітаптың веб-сайтына өту. Бұрын кешенге қосымша дискілер тіркелген, бірақ қазір біз басылымды жетілдіріп, QR-кодтар жасадық, – деп түсіндірді Алмагүл Игенова.

Форум аяқталғаннан кейін оқытушыларға жұмыста қолдануға арналған әдістер мен нақты құралдар ұсынылды.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *